Ұлттық банк алдағы жылдарға болжанған экономикалық өсімнің біршама төмендегенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
2025 және 2026 жылдарға арналған экономикалық өсім болжамы 4,2-5,2% деңгейіне дейін төмендетілді. Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – үкіметтің мұнай өндіру бойынша болжамын қайта қарауы.
Мұнай секторының қалпына келуі аясында ішкі сұраныстың оң динамикасы 2025-2026 жылдары экономикалық өсімді қолдайды. 2027 жылы салық-бюджет саясатының шоғырлануынан ЖІӨ-нің өсімі әлеуетті деңгейге жақындап, 4,5% шегінде қалыптасады, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Ұлттық банк өкілдері үкімет жүргізіп отырған реформалардың табысты жүзеге асырылуы жағдайында экономикалық өсім болжанған деңгейден жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, сарапшылар инфляцияға қатысты болжамдарымен бөлісті: 2025 жылы инфляция 10-12% аралығында, 2026 жылы – 9-11% деңгейінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін.