2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанда 226 990 сәби дүниеге келді. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51,7 мыңға немесе 18,6 пайызға аз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың тоғыз айында елде 278,7 мың бала дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 249,3 мың болған. Осылайша, Қазақстанда бала туу көрсеткіші бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді.
Кейінгі бір жылдың өзінде дүниеге келген сәбилер саны 22,3 мың немесе 8,9 пайыз қысқарған. Қазір Қазақстанда күніне орта есеппен 830 бала туады. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш мыңнан асатын.
Биыл тоғыз айда 98,7 мың адам қайтыс болған. Табиғи өсім, яғни туғандар мен қайтыс болғандар санының айырмасы – 128,3 мың адам.
Әр мың тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші 14,74 болды. Былтыр бұл көрсеткіш 16,35-ке тең еді. Өлім-жітім деңгейі айтарлықтай өзгермей, мың адамға шаққанда 6,4 деңгейінде сақталған. Соның салдарынан табиғи өсім көрсеткіші әр мың тұрғынға шаққанда 9,95-тен 8,33-ке дейін төмендеді.
Қай өңірде бала көп туады, қай өңірде өлім-жітім жоғары?
Бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда әр мың тұрғынға шаққанда 19,87 сәби дүниеге келеді. Одан кейін Шымкент (19,63) пен Маңғыстау облысы (18,8) тұр.
Өлім-жітім деңгейі ең жоғары өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда әр мың тұрғынға шаққанда 11,52 адам қайтыс болады. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 11,23, Қостанай облысында 10,01-ге тең.
Ұлттық статистика бюросы мұны аталған өңірлерде егде жастағы тұрғындардың үлесі көп болуымен түсіндіреді.
Некелесу мен ажырасу
Биыл тоғыз айда Қазақстанда 85,1 мың жұп некесін тіркеп, 33,1 мың жұп ажырасқан, яғни әрбір 100 некенің 39-ы ажырасумен аяқталған.