Депутат Нұртай Сабильянов жаңа салық кодексі жобасын мәжілісте қорғап жатқан вице-премьер Серік Жұманғаринге шүйлікті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат Нұртай Сабильянов жаңа салық кодексі жобасын талқылау барысында алдағы уақытта негізгі салмақ шағын және орта бизнеске түсетінін айтады.
Ірі кәсіпкерлер бұдан еш қиындық көрмейді. Заң жобасында сіздер жер қойнауын пайдаланушыларға, темекі сататындарға, банктерге жеңілдіктер қарастырып отырсыздар. Егер банктер экономиканың нақты секторын қаржыландырса, онда 20 пайыз корпоративті салықты қойып қойғансыздар. Темекі бұйымдарына 11 130 теңге акциз болса, 36 пайызға төмендеткенсіздер. Банктерге не үшін ондай жеңілдік бересіздер? Банктер бизнесті 20-25 пайызбен қаржыландырып отыр. Егер ол 10 пайызға түсірсе бірсәрі. Қосымша құн салығын көтеруден бюджетке қанша салық түседі? – деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Серік Жұманғарин бұрынғы жауабын тағы қайталады. Қосымша құн салығын 16 пайызға көтергенде қосымша 2,8 трлн теңге түсетінін айтты.
Жеңілдіктерді азайтсақ 1,3 трлн теңге түседі. Осал топтарға цифрлық карта арқылы көмек көрсетеміз. Ондай көмек бар. Керек болса зейнетақыларды көбейтеміз. Біздің міндетіміз бюджет кодексінде жасалған. Ешқандай банктерге, ешқандай темекі шығаратын компанияларға арнайы көмек жасап жатқан жоқпыз. Біз бизнеске көмектесіп жатырмыз. 150 млн доллардан астам инвестицияны бір компания салғалы жатыр. Компанияның талабы – осындай жеңілдіктерді берсеңіз саламыз дейді. Мыңдаған жұмыс орнын ашамыз, бюджетке қаражат түседі деді. Керек болса жасайық.
Банктер қазір ең көп салық төлейтін бизнес субъектілері. Сол себепті банктерге қарсы еш жамандық айта алмаймын. Ал 20 пайыз қалдырғанымыз – нақты секторды қаржыландыру үшін банктерді ынталандыру керек. Тұтыну секторына 25 пайыз жасадық. Себебі қаражатты нақты секторға бұрғымыз келеді, – дейді ол.
Салық кодексі жобасының талқысы жалғасып жатыр.