Үкімет кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін белгіленетін жеткілікті шек жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жеткілікті шек туралы нақтырақ мәлімет алу үшін Жақыпова журналистерге уәкілетті орган мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жүгінуді ұсынды. Дегенмен, жеткіліктілік шегін төмендету қажет пе деген сұраққа жауап берді.
“Бүгінгі таңда біз зейнетақы жинақтары бойынша қартаю кезеңінде лайықты өмір сүруді қамтамасыз етуге бағытталғанын жақсы түсініп отырмыз. Жинақтарды тым ерте жаста шешіп алу болашақта, яғни терең қартайған кезде, олардың құндылығының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан дәл қазіргі уақытта бұл қадамға бару орынды емес шығар”, – деді министр.
КОНТЕКСТ
2024 жылдың желтоқсанында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарын пайдалануға арналған жеткілікті шек өзгермейтінін және 2023 пен 2024 жылдағыдай қалатынын хабарлаған болатын. Ол жас ерекшелігіне байланысты 3 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін белгіленген.