Қазақстан Ұлттық банкі инвестициялық шешімдер қабылдау процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Цифрлық талдаушы
Ұлттық банк жұмысына жасанды интеллекттің рөлі туралы сұраққа жауап берген Тимур Сүлейменов, реттеуші қазірдің өзінде нейрожелілерді жұмысқа енгізе бастағанын айтты.
– Инвестициялық шешімдер қабылдауда жасанды интеллектті қолданудың болашағы үлкен. Жасанды интеллект талдауда айтарлықтай көмек беруі тиіс екені түсінікті. Ол үшін бізде деректер фабрикасы бар – ЖИ ақпарат ала алатын база қалыптасқан. Осылайша, қосымша құрал ретінде, деректермен «толтырылған» жасанды интеллект біз үшін мықты талдамалық қолдау бола алады деп ойлаймын, – деді Сүлейменов.
Роботтар жұмыс істей ме?
Ұлттық банк төрағасы болашақта жасанды интеллект талдау жұмысына қатысып, шешім қабылдауға көмектесетінін мойындады. Бірақ базалық мөлшерлемені анықтауды әзірше нейрожеліге тапсыруға дайын емес.
– Базалық мөлшерлеме мөлшерін белгілеу – бір мезетте әрі ғылым, әрі өнер. Ғылыми жағын жасанды интеллект тамаша атқарады, ал өнер жағын қалай меңгеретінін әлі көреміз. Сондықтан әзірге ақша-кредит саясаты комитетінің шешімін үлкен адами, табиғи эмоциямен қабылдайтын мүшелер қабылдай береді, – деді Тимур Сүлейменов.
Дауыссыз сарапшы
Жақында Ұлттық банкте «Самұрық-Қазынадағы» секілді өз цифрлық менеджері пайда болады. Алайда Ұлттық банк жасанды интеллектке басшылық деңгейіндегі өкілеттік бермейді. «Цифрлық төраға орынбасары» идеясын қарастырғанымен, бекітілмеген.
– Біз ондай деңгейге бармауды жөн көрдік. Бірақ бізде тәуелсіз пікір беретін цифрлық қаржы талдаушысы болады. Ол заңдық мәселелерде дауыс беру құқығына ие болмайды, – деп атап өтті Сүлейменов.
Осылайша, нейрожелі Ұлттық банкте топ-менеджерге айналмайды, бірақ жақын уақытта мемлекеттік деңгейдегі инвестициялық кеңестерді робот беретін күннің жақын екені анық.