Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қай бағыттарға жұмсалып жатқаны белгілі болды. Ұлттық банк нақты сектор жобаларына БЖЗҚ есебінен шамамен 1 трлн теңге инвестиция салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
LS басылымының мәліметінше, экономиканың нақты секторындағы жобаларға зейнетақы активтері есебінен ірі көлемде қаражат бағытталған.
Атап айтқанда, 689 млрд теңге «Бәйтерек» ұлттық холдингінің облигацияларына салынған. Оның ішінде:
173 млрд теңге — көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бұл инвестицияның жылдық табыстылығы 13%, айналым мерзімі — 15 жыл;
516 млрд теңге — агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген. Бұл қаржының жылдық табыстылығы 16%, өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін.
Аталған инвестициялар көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына, тамақ өнеркәсібіндегі қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға, сондай-ақ отандық өндірістегі немесе Қазақстанда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
Сонымен қатар, 300 млрд теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының облигацияларына салынып, энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалған.
КОНТЕКСТ
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болды.
Ресми деректерге сәйкес, зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,43%-ды құраса, елдегі жылдық инфляция деңгейі 12,3%-ға жеткен.