Елбасының осыдан бірнеше жыл бұрынғы 75 мың орындық жатақхана салу туралы тапсырмасы орындалмай жатыр. Депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс қабырғасында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, елімізде 1,1 миллионнан астам студенттер білім алады. Оның тек 16% ғана (174 мың) жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр. Кезінде Елбасының 75 мың орындық жатақхана салу туралы тапсырмасы аймақтарда әркелкі жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында байқалған. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық (38 университет, ЖОО) студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр.
«Жоғарыда берілген тапсырмаға сәйкес, Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ, соңғы үш жылдың өзінде 1600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысында олқылықтардың бар екендігін аңғартады. Дәлел ретінде, осы жылдың басында Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетіне тиесілі территорияда 400 орындық жатақхананың құрылысы басталмай жатып тоқтатылды. Бұл құрылыстың тоқтауына паркпен ұштасып жатқандығын арқау еткен тұрғындардың шағымы әсер етті», - дейді ол.
Депутат соныен қатар соңғы 3 жылда педагогикалық университеттегі студенттердің саны 4 есе, яғни 16,1 мың білім алушыға көбейгенін, оның ішінде өзге аймақтан келгендері 11 мың жасты құрайтынын айтады. Бүгін де ҚазҰПУ-да небәрі 1300 орындық 5 жатақханада, студенттердің тек 8 проценті ғана тұрады. Қалған студенттер пәтер жалдап, оқумен емес, пәтер ақысын төлеумен әлек болып жүр. Дәл мұндай жағдай еліміздің көптеген оқу ордаларына тиесілі.
«Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде шешуді ұсынамыз. Біріншіден, студенттік жатақханаларды аса маңызды әлеуметтік нысан ретінде қарастырып, әкімдіктер тарапынан жерді бөлу, сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырмай шешу жолдарын қарастыру керек. Екіншіден, еліміз бойынша ең көп университеттер орналасқан Алматы қаласында сейсмикалық талаптарға сай 9-10 қабатты жатақханалар салу мәселесін ойластырған абзал. Үшіншіден, еліміздің ең ірі педагогикалық университетінің жатақхана салуға арналған тиісті жер мәселесін шешу керек. Төртіншіден, студенттік жатақханалардың заманға сай жабдықталуы мен олардың кезекті жөндеу жұмыстарын уақытында іске асыруды қолға алуды сұраймыз», - деп түйді Елнұр Бейсенбаев.