×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Смайыловтың кабмині кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» қалай реттегелі отыр

28.02.2023, 13:08
Фото: Ашық дереккөзден

Қазір тәуелсіз Қазақстанның тарихын – «ескі» және «жаңа» деп бөлу үрдісі байқалады. Жаңа Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдау да жаңаша болуы тиіс деп шешсе керек. Әлихан Смайылов бастаған кабмин мүшелері Қазақстанның кәсіпкерлігін де қайта жаңартуға барын салып жатқан көрінеді. Таяуда өткен үкімет отырысында аталған мәселе күн тәртібіндегі басқалардан бұрын бірінші болып талқыланған. Жауаптылар қос білекті түріп тастап, Атамекені қостап, мәселені заңнама түрінде көтергелі отыр.

«Бизнеске талапты азайтамыз»

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы қаралған-тын. Кәсіпкерлік десе, алдымен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сөйлейді әдетте. Қуантыровың айтуынша, бүгінгі таңда аталған саланы реттеудің барлық 44 саласы қаралған, 2 823 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалған. Осының нәтижесінде мемлекеттің жаңа реттеуші саясатының шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 108 талап анықталған екен. Жүздеп емес, мыңдап, мыңдаптың ішінде он мыңынан табылғанына қарағанда, бизнес саласын біраз өзгеріс күтіп тұр ма дерсің.

Осыған байланысты былтырдан бастап заңға тәуелді актілер аясында жауапты министрліктер бизнеске келтірілетін кедергілерді жою бойынша «белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр» деп сендіреді Қуантыров. Осыған ұқсас процес заңнамалық өзгерістер бөлігінде де жүреді.

«Саланы реттеу салаларын талдау қорытындысы бойынша Smart Data Ukimet платформасында кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылды. Ол реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады. Ол кәсіпкерлерді талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуды қарастырады», - дейді ол.

Сонымен қатар министр 2022 жылы мемлекеттік бақылаудың 35 саласы автоматтандырылғанын, мемлекеттік органдардың 16 ақпарат жүйесі Smart Data Ukimet-ке интеграцияланғанын айтты. Қалған 35 саланы автоматтандыруды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Отырыс барысында үкімет басшысы артық талаптарды алып тастау үшін дайындалып жатқан заң жобасын үкімет аппаратына қашан енгізілетінін сұраған. Бұл сұраққа жауап берге Қуантыров түзетулер 66 жобаны қамтитынын, қазіргі таңда осы заңға енгізілген түзетулер дайындалып жатқанын айтқан еді.

«Осы аптаға дейін барлық мемлекеттік органдар өз ұсыныстары мен ескертулерін Ұлттық экономика министрлігіне жіберсе, біз оны жақын арада жоспар бойынша екі апта ішінде енгізетін боламыз. Ашық ақпарат көздеріне жариялаймыз», - деді ол Смайыловқа.

«Жұмыс күшейттік»

Ал Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Батталовтың айтуынша, кәсіпкерлікті реттеу салаларын талдау жұмысына бизнес-ортадан 100-ден астам сарапшы тартылған. Атамекен сарапшылары бұл іске тікелей атсалысып, заң жобасын әзірлеуге тартылған мемлекеттік қызметшілер мен бизнес саласындағы сарапшылармен консультация жүргізген. Бір жылдың ішінде бизнес пен қоғам арасында жаңашылдықтарды түсіндіру үшін жүздеген жаңалық пен әлеуметтік желіге жүздеген жазбалар да жарияланған. Атамекен сайтында реформалар жөнінде барлық ақпарат жарияланған арнайы айдар да ашылған.

«Біз осы жұмысты күшейтіп, бизнес арасында жаңа деңгейде түсіндіруіміз керек. Әлбетте, әу басында мұнымен келіспеушілер болды. Соған қарамастан, жұмысты реттедік. Бизнес тарапынан да, қауымдастықтар тарапынан да селқостық болғанын білеміз. Әйтсе де, біз бұл жұмысты күшейттік», - дейді Райымбек Батталов.

Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек

Әлихан Смайылов өз кезегінде бизнеске әкімшілік жүктемені азайту үшін барлық реттеуші актілер бойынша ауқымды талдамалық жұмыс жүргізілгенін хабарлайды. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалған. Оны мемлекеттік органдар қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отырады.

«Бұл жерде «Атамекен» палатасы белсенді рөл атқаруы тиіс. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады», - дейді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. 35 салада бұл жұмыс аяқталған. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді. Жалпы «таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды деп сендіреді үкімет мүшелері.

«Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты премьер-министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтып өтті. Одан бөлек, Әлихан Смайылов ашықтықты арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды іріктеу рәсімдерін одан әрі автоматтандырудың, сондай-ақ әкімдіктер мен министрліктер тарапынан өндірістің, инфрақұрылым мен электр энергиясының негізгі факторларына тең қол жеткізу бойынша жаңа бизнес-жобаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін қадап айтқан.

Серіктес жаңалықтары