×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қарызбен өрілген өмір: Қазақстан тағы да жұрттан ақша сұрап, Ұлттық қорға қол сұқпақшы

25.08.2023, 15:40
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын жариялады. Жоба қоғамдық талқылау сатысында. Ulysmedia.kz тілшісі елдің басты қаржылық құжатын зерттеп, жаға ұстатарлық сандарды көрді.

Шығындар

Қазақстан үкіметі 2024 жылға жалпы сомасы 23,9 трлн теңгеден астам шығыстарды жоспарлап отыр. Биылға жоспарланған шығындар бұдан едәуір азырақ еді – 22,5 трлн теңге.

Осы сомадан 9,8 трлн теңгеден астам соманы әлеуметтік салаға бағыттау көзделген. Келесі жылы күтілетін өсімдердің бірі – ең төменгі есептік көрсеткішті 3 450 теңгеден 3 692 теңгеге дейін ұлғайту. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңгеден 43 407 теңгеге дейін, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңгеден 28 215 теңгеге дейін және зейнетақының ең төменгі мөлшері 53 760 теңгеден 57 853 теңгеге дейін ұлғаймақ.

Қорғанысқа, әлеуметтік салаға, әкімшілік шығындарға және басқа да салаларға арналған дәстүрлі шығындардан басқа, мемлекеттік құрылымдар үшін автопаркті жаңарту жоспарларына назар аудармау мүмкін емес. Осы мақсаттарға бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбекші. Ал Парламент бюджетке 6,2 млрд теңге шығын әкеледі.

Елдің кірісі барлық жоспарланған шығындарды өтей ме? Алдыңғы жылдардағыдай төленген салықтар жеткіліксіз болары анық. Үкімет ел кірісі 16,1 трлн теңгеден сәл асады деп болжап отыр.

Ақшаны қайдан алады

Үкімет "қол сұғылмайтын қор" саналатын Ұлттық қордан келесі жылы 3,6 трлн теңге алуды жоспарлап отыр.

Оның 2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт туралы заң бойынша алынады.

Бұдан басқа, Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан нысаналы трансферт деп аталатын қосымша қаражат сұратады. Әдетте, ол мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған немесе бір жыл ішінде берген тапсырмаларын орындау үшін министрлер кабинетіне қажет. 2024 жылға нысаналы трансферт 1,6 трлн теңгені құрамақ.

Алайда, президент дәстүр бойынша жаңа бастамаларды 1 қыркүйектегі кезекті парламенттік сессияның ашылуы кезінде жариялайтынын ескерсек, бұл сома өсе түсуі ғажап емес.

Бірақ Ұлттық қордан алынатын осы қаражатты ескерсек те, елдің барлық шығындарын жабуға ақша әлі де жеткіліксіз.  Мәселен, бюджет жобасында 2024 жылға арналған тапшылық 3,5 трлн теңгеден асатыны немесе елдің ЖІӨ-нің 2,6% -ын құрайтыны жазылған.

Құжатта тапшылықты жабу үшін Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздар шығаратыны, екінші деңгейдегі банктердің қаражатын, БЖЗҚ және басқа да қорлардың қаражатын тартатыны атап өтілген.

Алайда, Үкімет Қазақстан әлі де сыртқы нарықтардан қаражат алуға мәжбүр болатынын жоққа шығармайды.

- Ішкі нарықтағы еркін өтімділіктің шектелуін ескере отырып, бюджет тапшылығын қаржыландырудың баламалы көздері ретінде халықаралық қаржы ұйымдарының жеңілдікті қарыздары қаралатын болады. Ішкі нарықта өтімділіктің жеткіліксіздігі және халықаралық капитал нарықтарында қолайлы нарықтық конъюнктура жағдайында шетел валютасында қосымша қаржыландыру көздерін іздеу үшін капиталдың сыртқы нарықтарына шығу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, - делінген бюджетке түсіндірме жазбада.

Жинақталған қарыздар

Бюджет жобасындағы ең таңғалдыратын сандардың бірі – елдің қарызы. Ол триллиардтаған теңгемен есептеледі. Құжатқа тіркелген қосымшалардың бірінде 2 триллиард 900 трлн теңгеден асатын көлемде бұрын тартылған қарыздарды өтеу қажеттігі атап өтіледі.

Ал Үкіметтің жаңа қарыздар алуды жоспарлап отырғанын ескерсек, елдің берешегі арта түспек.

2024 жылы Қазақстанның қарыздарын төлеуге бюджеттен 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінетін болады. Төлемдер сомасы жыл сайын ұлғаяды және 2026 жылы 3,5 трлн теңгеден аспақ.

Мүмкін қаржы министрі Жамаубаев пен ұлттық экономика Қуантыровқа Жәмішевше әрекет  етіп, мемлекеттік қаражатты оңды-солды үлестіруді тоқтататын кез келген жоқ па? Бюджет тапшылығы үкіметтің оны төмендету туралы бітпейтін уәделеріне қарамастан күн тәртібінен түспей келеді. Елдің қалтасы резеңке емес. Қазақстанның бас қаржыгерлері мен экономистері экономиканың үнемді болуы керек екенін қаперге алып, есепті ақылға салып жүргізе бастайтын шақ қашан туады?

Серіктес жаңалықтары