×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

Дужнов олардың біреуі ғана – 6 айда банкпен 9,5 мың адам соттасқан

21.10.2021, 14:13
Коллаж: ulysmedia.kz

Әдетте бір шулы оқиғаның қоғам пікірін екіге жарып, ел ішін едәуір дүрліктіріп жіберетіні бар. Алматыда бес адамды өлтірді деген күдікті Игорь Дужновтың әрекеті де дәл осындай сипатқа ие болды. Бес адамды жоқтап та, Дужновты жақтап та жатқандар бар. Осы оқиғаны Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп, статистикалық мәліметтерді сараптап көрді.

БЦК-ҒА 71 МЛРД ТЕҢГЕ УАҚТЫЛЫ ҚАЙТАРЫЛМАЙ ЖАТЫР

Банк ЦентрКредит Дужновтың шынында өзі кінәлі екенін, алған қарызын қайтармай, бірнеше жыл бойы соттасқанын күні ертеңінде-ақ ресми хабарлама ретінде таратқан. Ulysmedia.kz порталы осы ретте банкке бірнеше сұрақ жолдаған болатын. Атап айтқанда, жалпы Банк ЦентрКредитте NPL 90+ (төленбегеніне 90 күннен асып кеткен несиелер) несиесі бар санатта қанша адамның барын білгіміз келген. Банк бұл мәлімет құпия саналатынын, сол үшін жарияланбайтынын хабарлады. Алайда ақшалай есептегенде 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша NPL 90+ санатындағы несиесі бар клиенттердің берешегі 71 млрд 691 млн теңге құрайтынын  (жалпы несиелердің 6,19%) хабарлады.

«Проблемалық несиелер Қазақстан экономикасына қауіп төндіреді. Банктер де қарыз алушы. Олардың да кредиторлар мен олардың клиенттері, яғни банкте депозиті бар салымшылары алдында өз міндеттемесі бар. Банк алдында өз міндеттемесін орындамайтын клиент неғұрлым көп болған сайын банктің де депозиті бар клиенттер алдында міндеттемесін орындай алмау қалу қаупі соғұрлым зор. Банк ЦентрКредит – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қатысушысы. Заңға сәйкес, банк уақтылы немесе толыққанды жабылмайтын, болмаса толыққанды жабылған қарыздар бойынша шығындарды (провизияларды) қалыптастырады. Шығындарды есептеу және құру әдістемесі жүйесі мынаны көрсетеді: проблемалық несиелер стандартты қарыздарға да әсер етеді. Жалпы стандартты қарыз портфелінде шығындар белгілі бір деңгейде белгіленеді. Егер регуляторлық органның (ұлттық банк) проблемалық қарыздардың көлемі мен оны қысқарту жөніндегі ережесін орындамаса, онда банк пруденциялық нормативтерді бұзуы мүмкін. Мұның салдары банк қызметін көрсету туралы лицензияны қайтаруға дейінгі шешімге апарып соғуы ықтимал. Сол себепті банктің қаржылық жай-күйі проблемалық қарыздарды әрдайым бақылап, төмендетіп отыруды талап етеді», - деп жауап берді банктен.

«Төленбеген несие бойынша биыл БЦК қанша жеке тұлғаны сотқа берді?» деген сұрағымызға банк 41 адам деп жауап берді.

Ал Ұлттық банк 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы мөлшері 1,08 трлн теңгені (проблемалық несие) құрағанын хабарлайды.

Оқи отырыңыз: Қазақтар банктерге 12 трлн теңге қарыз. 1 трлн теңгені қайтара алмай жүр

ЖОҒАРЫ СОТТЫҢ СТАТИСТИКАСЫ

Ulysmedia.kz порталы Жоғарғы соттан екінші деңгейлі банктер мен жеке тұлғалар арасында азаматтардың төленбеген несиесі бойынша соңғы 3 жылда және жыл басынан бері қанша іс тіркелгені туралы сауалхат жолдаған еді. Сұрағымызға жауап берген Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі А. Жамансариева сотта бұл бағытта қанша істің қаралғанын баян етті. Алайда соттарда жеке тұлғалардың төленбеген несиелерінен туындайтын дауларының бөлек есебі жүргізілмейтінін ескертті.

«2018 жылы банктік шарттар бойынша жергілікті соттарға 144 960 талап қою арыздары мен істер келіп түсіп, оның 140 131 ісі қаралды. 129 796 шешім шығарылған, оның ішінде 125 880 іс бойынша талап қою арызы қанағаттандырылған. 3 916 қанағаттандырусыз қалдырылған.  2019 жылы аталған санат бойынша соттарға 101 694 талап қою арыздары мен істер түсіп,103 751 іс қаралған. 85 394-і бойынша шешім қабылданған. Оның 65 632-і қанағаттандырылған, 19 762-і қанағаттандырылудан бас тартылған. 2020 жылы соттарға банктік шарттардан туындайтын 28 461 талап қою арыздары мен істер келіп түскен. 26 304 іс қаралып, оның ішінде 21 507 іс бойынша шешім қабылданған. 20 621 іс қанағаттандырылған, 886 қанағаттандырусыз қалдырылған», - делінген жауапта.

Сонымен қатар Жоғарғы сот 2021 жылдың 1 жартыжылдығында соттарға аталған санаттағы 17 667 талап қою арызы мен іс түсіп, 9553 іс қаралғанын хабарлады. Оның 5931-і бойынша шешім шығарылған. Оның ішінде 5475 қанағаттандырылған, 456 қанағаттандырусыз қалдырылған. Жоғарғы сот өкіліне қайта хабарласып, ұсынылған статистикалық деректерге қандай істер енгізілгенін сұрап көргенбіз. Құзырлы органның өкілі бұл статистикаға экономикалық соттарда қаралған істер, жеке және заңды тұлғалардың қарызы, коллекторларға да қатысты істер кіретінін жеткізді. Қалай дегенмен, осы істерде қамыққан мыңдаған адамның тағдыры шешілгенін бізге адвокат Абзал Құспан айтып берді.

ТАҒЫ ДА ШАЛАЖАНСАР ЗАҢ ДАЙЫНДАЛА МА?

Осы оқиға болған күні-ақ болған оқиғаны зерттеп, әлеуметтік желіде мән-жайын көпшілікке баян еткен адвокат Абзал Құспанның айтуынша, бұған ұқсас жағдайлар бұрын да көп тіркелген.

«Қарыз, әрине, өтелуі керек. Оған ешқандай дау жоқ. Бірақ банктер қосатын өсімпұлдардың шектен тыс көптігі, жасырын пайыздары бойынша нақты шара қолданылмай отырғаны алаңдатады. Банктер мен сот орындаушылардың біріккен әрекетін шектеу керек. Қаншама кәсіпкердің бизнесін тартып алған бұған дейін... Банк қызметкерлері мен жеке сот орындаушылар сыбайласа отырып, судьялар арқылы осындай әрекеттерге барып отыр. Бұл жерде кәдімгі сыбайлас жемқорлықтың белгілері анық бар. Судья, жеке сот орындаушы, банк қызметкерлері арасында! Жеке адам қарыз алды екен, ол сол қарызын қайтармай құтылып кету керек деген мәселе көтермейміз. Жалпы несие алған кезде алды артын сараптап, бүкіл жағдайын есептеп барып, бару керек кез келген адам», - дейді заңгер Ulysmedia.kz порталына.

Осы шулы оқиға туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысы өркениетті елде мұндай даулар құқықтық алаңда реттелетінін, несие беруші мен берешегін өтей алмаған қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас заңнамалық тұрғыда жетілдіруді талап ететінін мәлім еткен еді.

«Президенттің осы сөзі-ақ мемлекеттің проблеманы мойындап отырғанын білдіреді. Біз бұл мәселені бұған дейін талай айтқанбыз. Бірақ бұл жерде ең бір ұнамай отырғаны – тағы да асығыстыққа салынып, шалажансар заңды дайындағалы жатқанын қазірден бастап білемін, өйткені елді тыныштандыру үшін тез арада дайындалған заң сапасыз шығады. Мұның арты тағы қайғылы оқиғаларға себеп болуы мүмкін. Банкпен соттасып, өз-өзіне қол салған, биіктен секіріп, асылып өлген қаншама адам бар. Сол істердің бәрін шығарып, тергеуді қайтадан бастасақ... Барлық істі қайта тексеру керек. Сонда ғана бұл бір нәтижеге әкелуі мүмкін. Қауіпті «үштіктің» өз қызметтерін асыра пайдалануы осындай проблема туындатып отыр. Әрине, Алматыдағы жағдай бойынша қылмыскерді ақтағандай көрінгіміз келмейді. Бірақ осы кезге дейін өз-өзіне қол салған, қаңғып кеткен, бизнесінен айырылған адамдардың, туыстарының арыз-шағымын жинап, арнайы комиссия құрып, үлкен бір зерттеу жұмысын жүргізу керек деп есептеймін. Оған мемлекеттік органдардан бөлек, тәуелсіз сарапшылар, экономистер мен заңгерлер қатысуы тиіс», - деп түйді заңгер.

ҚАНДЫ ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Даудың басы Банк ЦентрКредит пен Игорь Дужновтың арасында 2011 жылы алынған несиеден басталған. 10 жыл ішінде дау ымырасыз жаулыққа ұласып, Дужновтың отбасын үйінен мәжбүрлі түрде шығару барысында бес адам, атап айтқанда сот орындаушы, полицияның екі қызметкері, үйдің жаңа иесі мен оның досы оққа ұшты. Ақбұлақта тұратын 54 жастағы Дужнов бірден ұсталып, уақытша изоляторға қамалды. Бұлтартпау шарасын белгілеу туралы өткен сот отырысында (23 қыркүйек) ол болған іске «өкінетінін» білдірді.

Банк ЦентрКредит таратқан мәліметке сәйкес, 2011 жылы Дужновтың компаниясы 100 млн теңге сомаға несие алады. Бұл ретте оған әйелі Анаида Демирчян кепілгер болған. Қарыз алушы ретінде міндеттемелерін орындамағаннан кейін банк кепілгердің мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарады. 2017 жылы банк меншігіне Алматыдағы Дужновтардың коммерциялық нысаны өтіп кетеді. Арада бір жыл өткеннен кейін оны аукционда басқа бір адам сатып алған. Содан бері сот орындаушылары бірнеше рет Дужнов пен отбасын үйінен шығаруға тырысқан. Алайда қос тарап бірнеше рет соттасып, соңғысында Дужнов жеңілген.

Серіктес жаңалықтары