×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Сарығаштағы «үнді махаббаты». Көпті таң қалдырған ерекше тойдың тарихы

29.10.2021, 10:36
Фото: жеке архивтен

Әлеуметтік желілерде арбаға таңылған жігіттің үйлену тойы кезінде шыр айналып билеген биі кеңіненен тарады. Жанында ақ көйлек киген сұлу жары бар Арманға бәрі қызығып, қолдау білдіріп жатты. Жақсы тілектер арнаған оқырмандар «өмірде махаббат бар» деп жазып жатты. Осы ретте ulysmedia.kz тілшісі сарығаштық жас жұбайларға хабарласып, үйлену тойының қызығы мен отбасылық өмірі туралы сұрап білді.

«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ТОЙЫ»

Телефон тұтқасын алған күйеу жігіт өзін Арман Уласов деп таныстырды. Түркістан облысы Сарыағаш қаласында тұратын ол дүкенде кассир болып жұмыс істейді. Ал келіншегі Жазира Бостанова келін болып түскелі бері, Сарыағаштағы мүгедек балаларды оңалту орталығында дефектолог маман. Екеуінің де жұмыс кестесі тығыз, десе де уақыт тауып бізге той қызықтары мен отбасылық өмір жайында әңгімелеп беруге келісті.

«Өзім Шымкент қаласында туып-өстім. Сарыағаш қаласына келін болып түскеніме үш айдай болып қалды. Әлеуметтік желілерде үйлену тойымыздың видеосы кең тарап, жақсы тілектер айтылып жатыр. Оқып, көріп отырмыз. Шынын айтқанда мұндай болады деп күтпедік. Тойымыз өте жоғары деңгейде өтті. Биылғы үздік тойлардың бірі болды»,- дейді қуанышын жасырмаған Жазира.

МАХАББАТ ҮШІН КҮРЕС

Олардың танысуының да, табысуының да өзгеше тарихы бар болып шықты. Ең бастысы олардың шешіміне отбасылары қолдау көрсеткен.

«Тұрмысқа шығуымның өзі ерекше хикая болды. Біз инстагарам желісінде танысып, жақын араласа бастадық. Бір-бірімізді сыйлап, шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық. Үй ішіміз бізді қолдап, шешімімізге келісті», – дейді Жазира.

Осы тұста әңгімеге араласқан жолдасы Арман ерекше хикаяның тарихын былай жалғады.

«Жазирамен желтоқсан айының соңына таман танысып, екеуміз жеті айдай сөйлесіп жүрдік. Әрине, басында әке-шешесі қарсы болғаны рас. Сөйтіп ойланып жұргенде Жазираны бір жігіт алып қашып кетеді. Сөйтіп маған түнгі төрт кезінде хабарласып, жүз шақырым жерге түнделетіп жолға шығып кеттім. Сөйлесіп, Жазираны алып қайттым. «Шын жақсы көретініңе сендік» деген әке-шешесі маған аманаттап тапсырды. Үйленетінімді естігенде ата-анам қатты қуанды. Мұндай жағдайларды тек үнді киноларынан ғана көретін едім. Өз басыма келді»,-  деп күліп еске алды Арман.

«САҒАН НЕ БОЛҒАН» ДЕП СҰРАЙДЫ

Кейіпкеріміз Арманның айтуынша студент кезінде жүк көлігін айдап жүргенде жарақат алған, қазір жүре алмайды. Осыған байланысты қоғамда орынсыз сұрақ көп қойылатынын, аяушылық танытып жататынындар барын айтады.

«Бала кезімнен техникаға әуес болып өстім. Үлкен жүк көліктерін айдап жүре беретін едім. 21 жасымда айдап жүрген автокран сынып қалып, астына түсіп қарап жатқанымда ауыр темір үстіме құлап кетті. Қазір денсаулығымда оң өзгерістер байқалады. Ең бастысы үмітімді үзбеймін. Мені көріп қалғандар «Саған не болған, емдеуге келе ме» деп көп сұрайды. Соны естігенде ойланып та қаламын. Маған ұнамайтыны, аянышты көзбен қарайтындар бар. Олай қараудың қажеті жоқ. Өз мақсатым, көзқарасым бар», – деді ол.

Арман жарақат алған соң екі жылдай үйінен шықпаған. Бірақ төтеннен келген сынаққа қарамастан, өз-өзін қолға алған.

«Әуелде үйде жатып қалдым, бірақ қандай қиындықтан да өзім өтуге тырысамын. Осы оқиғадан соң ойым өзгеріп, мүлде жаңа достар таптым Басында биден олимпиадаға да қатысып жүрдім. Биші шықпайтынын байқаған соң, бір жола кәсіпкерлік салаға бет бұрдым. Жоспарлар көп, жеке кәсібімді үлкейтсем деген ойдамын», – дейді ол.

«Қолымыздағы ең қымбат қазына – өмір» деген екеу қолда барды қанағат тұтып, келешекке бірге жоспар құрып отыр. Біз Жазирадан «Махаббат деген не?» деп сұрап көрдік. Қарапайым әрі шынайы жауап естідік.

«Біздің ойымыз үнемі бір жерден шығады. Бір-бірімізді түсінеміз, сыйлаймыз, жақсы көреміз. Мұндай шешімге жүрек қалауымен саналы түрде қадам бастық. Ең бастысы, біз – бақыттымыз. Махаббат деген осы», – деп сөзін түйіндеді Жазира.

Серіктес жаңалықтары