×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Автобуста тегін ауысып отыру қызметін қайтарса дейміз – CTS елордалықтарға жауап берді

22.11.2021, 13:57
Автобуста тегін ауысып отыру қызметін қайтарса дейміз – CTS елордалықтарға жауап берді
Фото: Ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктері City Transportation Systems (CTS) компаниясы автобустарда тегін ауысып отыру қызметін қайтару туралы өтінішіне жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетсек бұған дейін Ерлан Сәкенов атты facebook қолданушысы «Астана – Что? Где? Когда?» тобында бастама көтеріп, автобуста тегін ауысып отыру қызметін қайтару керектігін мәлім еткен еді. Ол жазған посттың пікірінде халық Ерлан Сәкеновтың сөзін қолдаған.

Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жөнінде CTS компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаеваға хабарласып көрген еді.

«Тегін ауысып отыру қызметін астанада күніне 150 мың адам қолданады. Ол қызмет субсидияланбайды. 150 мыңды 90 теңгеге көбейтіп көріңіз. 90 теңге деген – есептік тариф. Оларда екі тариф бар: бірі есептік, екіншісі – өзіндік құн. Тасымалдаушылардың бір реттік жол сапары 200 теңгеден артық шығынды құрайды. Ол субсидияланады. Егер күніне 150 мың адам елордада тегін ауысып жүрсе, бұл тасымалдаушыларға тиімсіз болады да, автопарктер жабыла бастайды», - дейді Науат Азанбаева.

Компания өкілінің айтуынша, тегін ауысып отыру қызметін қайта енгізу мәселесі CTS тарапынан қарастырылмайды.

«Қазір 18 жасқа дейінгі балаларға автобуста жүру тегін. Оның алдында 16 жасқа дейінгі балалар 40 теңге төлейтін. Қазір барлық бала тегін жүреді. Оған қоса жеңілдігі бар азаматтардың да саны көбейіп келеді. Бұрын мұндай санат бесеу болса, қазір алтыға көбейді. І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, олардың қасында жүретін кісілер тегін жүреді. Осы мәселені есептегенде тегін ауысып отыру қызметі тасымалдаушыларға өте тиімсіз болады», - деді ол.

Науат Азанбаева қала ішінде 7500 теңгеге, ал қала маңында қатынайтындар 9500 теңгеге арнайы жол жүру билетін сатып алып, шексіз, яғни лимитсіз жүре беруіне мүмкіндік бар.