Ғарыш саласының іскер маманына айналған Сапар Сатаев қазір Лондонда басшылық қызметте. Ол HEAD Aerospace Group халықаралық компаниясының коммерциялық директоры. Нарынқолдан шыққан ауыл баласының Лондондағы ғарыш компаниясында өсу баспалдағы турасында арнайы мақала жариялаған едік. Бұл жолы Сапармен экономикадағы ғарыш саласының маңызы мен қазақ даласындағы ғарыш қақпасы аталған «Байқоңыр» айлағы, Илон Маск турасында өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
САПАР ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН КОМПАНИЯ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
– Қарапайым физиктен HEAD Aerospace Group компаниясының басшысы болудың жолы қандай? Өзіңіз жұмыс істейтін компанияның негізгі бағыттарын түсіндіре кетсеңіз.
– Компания негізінен үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыт, Skywalker IoT байланыс жерсеріктерін құрастыру, басқару және IoT қызметтерін көрсету. Біз әлемдік нарықта өндірістік IoT қызметтері аясында қолданушыларды ғарыштық байланыспен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, Jilin, Superview және GaoFen Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің түсірімдерін әлемдік нарықта коммерцияландыру.
Қазіргі таңда біз Қытайдың 100 астам Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің түсірімдерін және осы түсірімдер негізінде жасалған қосымша шешімдерді әлемдік нарықта ұсынып келеміз. Одан кейін, ғарыш техникалары мен технологиясын импорттау және экспорттау. Бұл бағытта біз Қытай технологияларын, атап айтқанда Жерді қашықтықтан зондтау және байланыс ғарыш аппараттарын әлемдік нарыққа шығарамыз.
ҒАРЫШТАН ТҮСЕТІН ПАЙДАНЫҢ 80%-Ы АҚШ ПЕН ЕУРОПАҒА ТИЕСІЛІ
– Шынын айту керек, көпшілік үшін ғарыш саласы тек ғарышқа ұшумен қатысты көрінеді. Ал іс жүзінде біздің күнделікті өмірімізбен қаншалықты байланысты?
– Қазір коммерциялық ғарыштың маңызы экономиканың әр түрлі саласында күннен күнге артып келеді. Әрине ғарыш ғылымы әр уақытта керек, онсыз технологияның дамуы мен ғарыш кеңістігін зерттеу мүмкін емес. Ғарышты зерттеудің өзі фундаменталды және қолданбалы болып бөлінеді, қолданбалы жағының пайдасы қысқа және орта мерзімде берер пайдасы үлкен. Күнделікті өмірді ғарыштық мониторингсіз, навигациясыз және байланыссыз елестету мүмкін емес. Әлемдегі ғарыш экономикасының немесе нарығының көлемі шамамен 400 миллиард долларға жетеді. Соның ішінде коммерциялық ғарыштың үлесі 90%-дан асып кетеді. Ал жалпы коммерциялық ғарыштан түсетін әлемдік пайданың 80%-ға жуығы АҚШ пен Еуропа елдеріне тиесілі, тіпті ғарыш державасы болып есептелетін Ресейдің өзі 3-5%-ға жетпейді. Бұның негізгі себебі нарықтық жүйелері дамыған елдерде коммерциялық ғарыш жеке меншік компаниялардың басқаруында. Қазір басқарылатын ғарыштың (немесе орысша айтқанда пилотируемый космос) қажеттілігі азайып барады, қазір ғарышқа ұшу арман емес, өздеріңіз білетіндей батыстың Virgin Galactic, Blue Origin, SpaceX ғарышқа туристерді қол жетімді ақшаға ұшыра алатын жағдайға жетті.
Ал қазіргі уақытта космонавтарға миллиондаған доллар қаржы жіберіп ұшырғанша, одан да ол ақшаны өндіріске жіберіп, ғарыш технологияларын дамытып, инженер мамандар дайындау керек. Егер мықты инженер конструктор мамандар болмаса, осы күнге дейін салынған жерүсті кешендері мен жерсеріктерінің еш пайдасы болмайды, ескіріп қолданыстан шығып кетеді. Коммерциялық ғарыштың маңыздылығын дәлелдеу үшін бір мысал келтірейін, Еуропа Одағы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық технологияларын экономиканың әр түрлі салаларына пайдалу үшін «Copernicus» бағдарламасын іске асырда, оған 2008 жыл мен 2020 жыл аралығында 8.2 миллиард еуро қаржы жұмсалды. Осы бағдарламаның нәтижесі одақтың экономикасына 21.3 миллиард еуро пайда (оның ішінде жанама пайданы қоса есептегенде) алып келді.
ЖЕР СЕРІГІНІҢ ЖОҒАЛУЫ СОНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС
– «KazSat» жер серігінің жоғалып кетуін қалай түсіндірер едіңіз. Қомақты қаражат салынған жобаның соңы бұлай аяқталады деп күтпеген едік.
– Ұлттық ғарыштық байланыс жүйесін құру идеясы мен бастамасы Қазақстан Үкіметінде 2003 жылы қолға алына бастағанда, Қазақстан өзінің ғарыштық сегментін дамытпайынша ірі шетелдік спутник компанияларына бюджеттен қаржы төлеуге мәжбүр болатыны белгілі болды. Сонымен 2003 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет «Бірінші қазақстандық байланыс және хабар тарату спутнигін жасау, ұшыру және пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулыға қол қойды. Ал 2004 жылдың наурызында ғарыш байланыстарын құру және дамыту мақсатында Республикалық ғарыштық байланыс орталығы (ҒҒО) құрылды. 2006 жылы 18 маусымда Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» зымыран тасығышы ұшырылып, Kazsat -1 орбитаға шығарылды. Бірақ 2008 жылдың 8 маусымында аяқастынан «Kazsat -1» жер серігін басқару жүйесі істен шықты. Күзге дейін мамандардың жерсеріктің жұмысын қалпына келтіру әрекеті сәтсіз аяқталып, 2008 жылдың 18 қарашасында Астанадағы мемлекетаралық Қазақстан-Ресей комиссиясы спутникті жарамсыз деп таныды. Сол тұста мамандар мен сарапашылар Kazsat-1 жобасы сақтандыру қаражатының қайтарылуын, қазақстандық ғарыштық байланыс мамандарын даярлауға қосқан үлесін, спутниктік басқарудың бірегей жерүсті инфрақұрылымын құруды және ғарыш аппаратының жұмысын қамтамасыз етуді ескере отырып, өзін-өзі ақтады деп бағалады. Ғарыш аппараты орбитада бір жарым жылға жуық болған еді.
Бүгінде «Kazsat-2» және «Kazsat-3» екі байланыс спутнигінен, сондай-ақ «Ақкөл» және «Көктерек» екі басқару орталығынан тұратын «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі (ҚСС) елдің қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп келеді. Тағы бір себебі, бір кездері мемлекет болашақ спутниктерге қолайлы геостационарлық орбитада тұру нүктелерін өз қарамағына алу үшін әуре болған жоқ. Тек ресейлік тарап қана өз сілтемесі бар спутникті жеткізуді ұсынды, сондықтан спутникті сатып алу кезінде ресейліктердің ұсыныстарын алмастыратын ештеңе болған жоқ.
Шын мәнінде, әртүрлі жерсеріктердің жоғалуы жиі болып тұрады, сондықтан бүкіл ел үшін бір жерсеріктің жоғалуы соншалықты маңызды емес. Бұл ретте жерүсті инфрақұрылымын жасап, операторлар мен инженерлерді даярлауға мүмкіндік туды. Ең бастысы, осыдан сабақ алу және серіктес немесе жеткізуші таңдауда мұндай қателіктер жібермеу қажет деп ойлаймын.
– Аса қыруар қаржы құйылып жатқанымен, шын мәнінде айтарлықтай нәтиже көрсете алмай отырған елге ғарыш саласы қаншалықты қажет?
– Бұрын ғарышты зерттеу беделді және оны бірнеше ірі державалар ғана көтере алатын болса, қазір ғарыш жақындап, күнделікті қызметтің бір бөлігіне айналып жатыр. Ғарыш саласын бірнеше салаға бөлу керек. Біріншіден, ғарыш ғылымы мен терең ғарышты зерттеу мемлекеттің міндеті, коммерциялық кеңістік, оның құрамына ғарыш қызметтері (байланыс, навигация, зондтау, туризм және т.б.) кіреді. Қазір ғарыштық экономиканы дамыту маңызды рөл атқарады. Алғашқы кезеңде ғарыш саласының дамуымен мемлекет айналысуы керек, өйткені базалық жерүсті және ғарыштық инфрақұрылымды құру үлкен күрделі салымдарды қажет етеді, жеке компаниялардың инвестициялауға мүмкіндігі жоқ. Мысалы, АҚШ сияқты нарықтық экономикасы жоғары дамыған батыс елдерінде мемлекет бірте-бірте сауда кеңістігінен алшақтап кеткендіктен, ғылымды дамытып, ғарыш кеңістігін зерттеуді жалғастыра береді.
«БАЙҚОҢЫР» ЖАЙЛЫ
– «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағы жайлы не ойлайсыз?
– «Байқоңыр» қажет деп ойлаймын, Байқоңыр – әлемдегі ең алғашқы және ең үлкен ғарыш айлағының бірі. Оның ерекшелігі сол, ол жердегі тартылыс күші әлсіз болғандықтан, зымырандар басқа ғарыш айлағымен салыстырғанда 10% жанармайды аз пайдаланды және жылдамдықтың 316 м/с артуына байланысты орбитаға шығу үшін пайдалы жүк массасын арттыруға мүмкіндік туады. Оның 1245-і сәтті ұшырған болса, 114-і сәтсіз шыққан. Космодромда «Протон», «Зенит», «Союз», «Циклон», «Рокот» және «Днепр» зымырандарына арналған 15 ұшыру қондырғысы мен 9 ұшыру кешені бар. Жалпы ауданы 6717 шаршы км. Дүние жүзінде 28-ге жуық ғарыш айлағы (оның ішінде белсенді емес) бар. КСРО ыдырағаннан кейін Байқоңыр Қазақстанға тиесілі болып қалды. 1994 жылы наурызда Ресей оны 20 жыл мерзімге жалға алуға келісті, кейін жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. 2009 жылға қарай ғарыш айлағының барлық нысандары РФ Қорғаныс министрлігінен Роскосмосқа берілді. Менің білуімше Қазақстан мен Ресей арасындағы екі жақты келісімге сәйкес гептилді пайдаланатын Протон зымырандарының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы 2025 жылдан бастап тоқтатылады және оның орнына экологиялық таза оттегі мен керосинді пайдаланатын «Ангара» зымыраны пайдаланылатын болуы керек. Әрине, мен экология мен жергілікті халыққа зияны келетін зымырандарды пайдаланудан бастарту керек екенін қолдаймын, бірақ бірден тиым салу саяси және де басқа да себептерге байланысты оңай емес екенін де түсінемін. Алайда, Қазақстан тарапынан бұл сұрақ шешілуі үшін жұмыстар атқарылып жатқанына сенімдімін. Сонымен қатар қазір Байқоңыр айлағын тиімді пайдалану және инвестиция тарту бағытында Қазақстан тарапынан бірталай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы да естуім бар.
Бүгінде гептил зымырандарының дәуірі аяқталады. 2025 жылға дейін гептилмен жұмыс істейтін алты зымыран ғана қалды және олардың қолданылатыны да күмәнді. Қазір барлық зымырандар оттегі керосинін пайдаланады, оның атмосфераға шығарындылары аз. Мәселен, Біріккен Араб әмірліктері Байқоңыр ғарыш айлағының жаңа серіктестерінің қатарында. Сонымен, Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан әйгілі «Гагарин старты» қазірдің өзінде ескірген және ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған. Бірақ қазірдің өзінде құрылған Қазақстан-Ресей-БАӘ үшжақты альянсы «Гагарин стартын» заманауи ұшыру кешеніне жаңғыртумен және түрлендірумен айналысатын болады. Маусым айында Қазақстан Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімді бекітті. Мұндай нысанды жылына жалға алу бар болғаны – 115 миллион доллар. 2021 жылы «Бәйтерек» жобасы аясында «Союз-5» зымыран тасығышына арналған «Зенит» зымыранының ұшыру алаңын қайта құруды қаржыландыру басталды.
ИЛОН МАСК – КОММЕРЦИЯЛЫҚ КОСМОНАВТИКА СИМВОЛЫ
– Гептил зымырандарының дәуірі аяқталды деп айтып өттіңіз. Ал Илон Маск космонавтика символына айнала алды ма?
– Илон Маск ғарышты игерудегі алғашқы кәсіпкер тұлғалардың бірі. Өздеріңізге мәлім, оның ертедегі мақсаты ғарышты игеру болды, оған жас кезінде әсер еткен ұшқыш атасының ықпалы ерекше әсер етті. Кейіннен Илон Маск физика саласынан және экономика саласынан маманданды. Ол Space X компаниясын құрудан бұрын, Zip2, X.com және PayPal стартаптарының негізін қалады, ал кейіннен Tesla, Solar City, Neurolink, The Boring Company компанияларын құрды. Илон Маск визионер және кәсіпкер. Ол Space X компаниясы аясында өте күрделі жоба алғашқы жеке ғарыш зымырандарын жасап шығарды. Бұндай жобаларды тіпті білдей мемлекеттер іске асыра алмайды. Сондықтан оны коммерциялық космонавтика символына жатқызуға болады деп ойлаймын. Оның жолын басып келе жатқан тағы да бірнеше кәсіпкер визионерлер бар, олар – Джеф Безос пен Ричард Брэнсон.
– Бұдан әрі болашақта өзіңізді қай салада көргіңіз келеді?
– Алдағы бірнеше жылда осы салада қызметімді жалғастырамын, қазір HEAD Aerospace Group компаниясы аясында біраз үлкен жобалар бастама алмақ, соның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараттырын жасау бойынша бірнеше мемлекеттерден сұраныс түсті, осы сұраныстарды қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар біздің компанияның негізгі бизнес бағыты Skywalker IoT байланыс жер серіктерінің санын 2023 жылға дейін 48-ге дейін жеткізіп, әлемдік нарықта бірнеше бағыттарда қызмет көрсету жоспарымызда бар. Қазір компаниямыз аталған жобаларға қосымша инвестиция тарту үшін Шанхай Қор Биржасына IPO-ға шығуға дайындық үстінде. Сондықтан алда атқаратын жұмыстар көп. Ұлыбританида жұбайымның ғылыми оқуы сәтті аяқталғаннан кейін Қазақстанға оралуды жоспарлап отырмыз, ал елге келгеннен кейін алдағы жоспарды уақыт көрсетер деп ойлаймын.
– Өздеріңіз немесе Еуропадағы өзге қазақ жастары Қазақстанға көшіп келуге қаншалықты құлықты?
– Лондонда бірнеше жас қазақ отбасыларымен араласып тұрамыз. Оларда жұмыс бабымен келген жерлестер, көпшілігі халықаралық деңгейдегі мұнай, қаржы және аэроғарыш салаларында қызмет істеп жүрген білімді, абыройлы қазақ жастары. Бас қосып жиналған уақытта Қазақстанды еске аламыз, қазіргі елде болып жатқан саяси-экономикалық ахуалдар бойынша ой бөлісеміз. Әрине көпшілігінің ойы – болашақта елге оралу. Барлық шетелде қызмет істеп жүрген жастар – ел үшін құнды адами капитал. Сондықтан елдегі жағдай жақсарып жатқан күнде, болашақта жастардың көпшілігінің елге оралатынына сенімім зор.
– Әңгімеңізге рахмет!