×
497.26
525.21
4.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
497.26
525.21
4.97

Тіл дауына іліге беретін Черчесов қашан нәтиже көрсетеді – ҚФФ президенті жауап берді

16.10.2024, 15:21
Тіл дауына іліге беретін Черчесов қашан нәтиже көрсетеді – ҚФФ президенті жауап берді
Ulysmedia коллажы

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов бас бапкер Станислав Черчесов жайлы Ulysmedia.kz порталының сұрағына жауап берді.

БӘРМЕНҚҰЛОВ НЕ ДЕЙДІ

– Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов тіл дауына жиі ілігіп жүр. Қазақстанның туризм және спорт министрлігі сіздерден түсініктеме талап етті. Сіздер не дейсіздер?

– Дұрыс қой енді. Черчесовпен сөйлестім. Қазақ тілінің өзектілігін дұрыстап түсіндірдім. Ендігәрі ондай қателік жасамайды. Журналист Бекасыл екеуінің арасындағы әзіл болатын. Соны айтып жатыр. Ол (Черчесов) ПСЖ клубының киімін кигеннен кейін солай айтып едім дейді. “Жарайды, ендігәрі ондай болмасын” деп отырмын. 

– Жалпы Черчесовтың өзі қазақ тілін біледі деген әңгіме шығып еді…

– Жоқ. Осетин тілімен ұқсас сөздер бар ғой. Сол енді. Қазақ тілін ол ақырындап үйреніп жатыр. Бірақ бізге одан білімі керек. Бір-екі жыл…

– Бірақ Қазақстан соңғы матчтарда ұтылып жатыр ғой…

– Лигада болғаннан кейін әрине, деңгейі басқа. Австрия, Норвегия, Словенияның деңгейлері басқа ғой. Еуропаға шыққан.

– Бас бапкер Станислав Черчесовтің еңбегінің нәтижесін қазақстандықтар қай уақыттан бастап көре алады?

– Нәтижесін біз бұйырса, келесі жылы наурыздан бастап көреді деп ойлаймын. Жаңа жылдан кейін сбор болады. Черчесовке шамамен физиканы, тактиканы реттеу үшін екі-үш жеті керек. Бұйырса бәрі алда. Сборда бәрі орнына келеді деп ойлаймын.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Қазақстан футбол командасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске “сен француз тілінде сөйлеп отырсың ба?” деген. Осы сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, оны сынағандар көбейді. 

Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырып отырғанын айтады.

“Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?” деп жазды сарапшы фейсбуктегі парақшасында.

ҚФФ НЕ ДЕП АҚТАЛДЫ

Қазақстан бұл оқиғаны былай түсіндіреді.

– Әлеуметтік желілерде жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне құрмет көрсетпеуіне қатысты видеоға байланысты Қазақстан футбол федерациясы жағдайды түсіндірі өту қажет деп санайды. Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз, – делінген мәлімдемеде.

Өз тарапынан Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап еткен.