×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

7-Меrcedes, 4-Lexus, 2-Land Cruiser: Әкімдердің қызметтік көлігі

10.12.2021, 14:35
7-Меrcedes, 4-Lexus, 2-Land Cruiser: Әкімдердің қызметтік көлігі
Коллаж: ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz порталы қызметтік көлігі қандай екенін білу үшін облыс әкімдерінің бәріне сауал жолдап көрген. 14 облыспен қатар 3 мегополистің де басшылары қандай көлікпен жүретінін осы мақаладан оқып, көре аласыз.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 2017 жылғы Toyota Land Cruiser 200 көлігімен жүреді. 2017 жылы сатып алынған қызметтік көлік Ермек Маржықпаевқа оның алдында әкім болған Мәлік Мырзалиннен қалған.

Зейнет жасындағы екі әкімнің бірі Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметовтың қызметтік көлігі – Lexus GX 460 (2010 жылғы). Биылға дейін автоөндірісі бұрқ-сарқ қайнаған екі қаланың бірі Өскеменнің өзінде шығарылатын көлікті (жұмысы тоқтаған Азия Авто) облысты 7 жылдан бері басқарып келе жатқан әкім мінгісі келмейтін секілді.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Меrcedes Benz көлігімен жүр. S-Class көліктің шығарылған жылы – 2013.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің көлігі – Kia K900 (2019 жылғы). Оразалин отандық көлікті қолай көретін санаулы әкімнің бірі екен.

Мұнайлы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2010 жылы шығарылған Mercedes-Benz S 350 L көлігін қолай көреді.

Әкімдердің ішінде қызметтік көліктен бас тартып, такси қызметін пайдаланатындар да бар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов – такси қызметін ұсынатын кәсіпорын бекіткен Skoda «Superb» (2018 жылғы) көлігімен жұмысына барады.

Бас қаланың басшысы солай дегенімізбен, тағы бір мегаполис – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «иномарканы» жөн көреді. Шымкенттің әкімі 2011 жылғы Lexus LX570 көлігін тізгіндеген.

Аймақ басшыларының ішінде жылы ең ескі көліктердің бірін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев теуіп жүр. Әкім мінген көліктің маркасы 2006 жылғы – Mersedes Benz S500.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың «мінген аты» - Toyota Land Cruiser 200 (2014 жылғы).

Жас әкімдердің санатындағы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Mercedes-Benz S-Класс (2016 жылғы) автокөлігімен жүр.

Жапон брендін жақсы көретін әкімдердің қатарында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те бар. 2014 жылғы Lexus 570 көлігін әкім «қызметтік сапар» үшін пайдаланам» дейді. Алайда Даниал Ахметов секілді Архимед Мұхамбетов те Қазақстанды автокөлікпен қамтып отырған өз өңіріндегі «СарыаркаАвтоПром» компаниясының көлігін қаламайтын көрінеді.

Ал Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова неміс маркасын жөн санайды. 2011 жылғы Mercedes-Benz 320 SI көлігімен облыс басшысы өңірге тағайындалған 2020 жылдың наурызынан бастап жұмысқа барып-келіп жүр.

Әкімнің көбі Mercedes пен Lexus мінгісі келсе, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аudi-ді ұнатады. Шөкеев мінген А8 L моделі 2018 жылы шығарылған.

Бердібек Сапарбаев секілді ескі «мерсті» теуіп жүрген әкімдердің қатарын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов толықтырды. Ол да Жамбыл облысындағы әріптесіндей 2006 жылғы Mercedes Benz көлігін тізгіндеген.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов – LX5707. Жапондық көліктің шығарылған жылы – 2014.

Биыл ғана Маңғыстау облысына әкім болып барған Нұрлан Ноғаевтың көлігі Mercedes-Benz (2011 жылғы, S-class). Алдыңғы әкім Toyota Camry 70 көлігін тепкенімен, Ноғаев ол «мұраны» қабылдамаған көрінеді.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баспасөз хатшысы бастығының қандай көлікпен жүретінін айтпады (ресми сауалсыз баспасөз хатшысынан сұрағанымызда). Амандық Баталовтан қалған 2010 жылғы «Mersedes Bens S500» маркалы көлігі оған «мұра боп» қалғанын немесе қалмаған біле алмадық.

P.S Қызметтік көлік мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынатыны белгілі. 2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қымбат көліктерді сатып алуға және іс-шаралар өткізуге ұзақмерзімді мораторий жариялаған еді. Осыдан кейін Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаменті Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік көлік сатып алу бірнеше есеге қысқарды деп хабарлады.