×
506.21
568.42
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.21
568.42
6.3

Ассамблея қазақ-қырғыз тарихшыларын жинап, Хан Кене тарихына пәтуа шығарсын – Жамбыл Артықбаев

Бүгін, 14:54
Ассамблея қазақ-қырғыз тарихшыларын жинап, Хан Кене тарихына пәтуа шығарсын – Жамбыл Артықбаев
Ұлысмедиа коллажы

Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Кенесары хан жайлы әлеуметтік желідегі жазбасы қоғамда тағы түрлі әңгімеге арқау болды. Көрші елдің басшысы "бір болайық", "ел болайық" деген мағынада жазбасын келтірсе де, арасында сынамалап "Хан Кененің қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды" деп толғайды. Жазбасын қысқа қайырса бір жөн, тарихқа сүңгіп кеткен президенттің әр сөзі таразыға салынып жатыр. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі тарихшы Жамбыл Артықбаевқа қоңырау шалып, пікірін біліп көрді. Тарихшының бізге берген жауабын сөзбе-сөз ұсынамыз. 

ҚЫРҒЫЗДАРДА ЖЕКЕ МЕМЛЕКЕТ БОЛҒАН ЖОҚ

Қазақ хандығы тұсында сол хандықтың құрамында тек қазақтар емес, қырғыз, қарақалпақ, құрама үшеуі болды. Қазақтың үш жүзімен қосқанда Алты Алаш болып отырдық. Алты Алаш деген формула – сол! Бұл Қасым хан тұсынан бастап Әз Тәуке ханның өлімі, Ақтабан шұбырындыға (1722 жылы жоңғар шапқыншылығынан кейігі нәубет) дейін солай бәрі өмір сүріп келді. Мұхамеджан Тынышпаев қырғыз, қарақалпақ, құраманың өкілдерінің бәрі Жеті жарғының кеңестеріне қатысатынын аттарын атап тұрып көрсеткен. Яғни, қырғыздар – қазақ мемлекетінің құрамындағы ел. Қырғыздардың өзінде жеке мемлекет болған жоқ. 

Бұл тарихты ең әдемілеп қырғыз тарихшысы Белек Солтабаев жазған. “Қызыл қырғыз тарихы” деген кітабын жас кезімізде оқыдық. Белек Солтабаев өте жақсы тарихшы, Алашпен араласқан азамат екен. Кейін 1937 жылы халық жауы ретінде атылып кеткен. Белек Солтабаев Қасым хан тұсында қырғыздың қазақ құрамында болғанын, “сыртымыздан қорғаушы, қамқорымыз болды” деп жазады. Есім хан тұсын да, Тәуке хан да қамтиды.

Ақтабан шұбырынды заманында біз қырғыз, қарақалпақ, құраманы ұстап тұрмақ түгілі өз басымызды ұстау қайғы болып кетті де, Түркістан, Ташкент жоңғардың қолында қалды. Кейін мемлекетті қалпына келтірдік. Ойрат-қалмақтар бір жағынан қазақтың, бір жағынан қытайдың соққысының салдарынан мемлекет есебінде жойылды. Сол тұста қазақ қайтадан көтерілді. Сол кезде Абылай хан бұрынғы Алты Алашты қалпына келтіру мәселесімен айналысады. Ол екі ортада 30-40 жыл бойы емін-еркін, өз бетімен кетіп қалған ел еді. Көне қоймайды. Абылай кейде бейбіт келісімдерімен, кейде күш жұмсап ұстап келген. 1770 жылы Жәйіл қырғыны деген қырғын болған. Әйтеуір, бұларды қайтадан Түркістанға бағындырады. Абылайдың үлкен бір еңбегі осы. Қырғыз манаптары анттасып, аманат ретінде баласын береді. Ханның ауылының маңайында солар емін-еркін көшіп-қонып жүреді. Сол тұста қырғыздардың ішінде тыныщсыз бір рулар болатын. Барымтамен қазаққа қайта-қайта соқтығып жүрген рулар. Солардың біразын Абылай хан Көкшетаудың Бурабайдың маңайына әкелген. Қазақтың басқа жерінде де көп. 

ХІХ ғасырда Кенесары орыспен соғысқаннан кейін өзінің бұрынғы Қазақ хандығының құрамына кірген қырғыз жеріне баруы заңды ма? Заңды! Неге? Бұлар аманат берген, анттасқан. “Қазақтың хандарына жетпейміз, қазақпен бірге боламыз” дескен. Кенесары келген уақытта да бұлар жақсы қарсы алған. Кәдімгідей шұбарайғыр мінгізіп, жолбарыс терісін жауып, ханымыз келді дескен. Қуанып қарсы алған. Бірақ кейін Кенесарыны орыстың генерал-лейтенант Вишневский бастаған отряды қуып барады. Вишневский жай барған жоқ. Неше түрлі сыйлығынғ алтын қылыш, оқалы шапанын Ұлы жүз бен қырғыз басшыларына таратты. Солардың көпшілігі сатылып шыға келді. Кенесарыға бәрі жау болды. Солай жаугершілік басталып кетті де, ақыры бәрі Кенесарының өлімімен бітті. 

Қазір таңғалатыным: қырғыздың манаптары Кенесарыны құрметпен күтіп алғанын жазбайды, бірақ басын алғанын қайта-қайта жазады. Ол қырғыз тарихшысы Белек Солтабаевтың кітабында әдемілеп тұрып жазылған. Белектің кітабын оқысаңдар жеткілікті. Басқа бірдеңе ойлап табуың қажеті жоқ. Қырғыздардың басшылары сол Белектің кітабын оқымаған. Өз тарихшысының еңбегін қырғыздар оқымайды да, жаңағыдай әңгімелерді жазады. Орыс жағына шығып кеткен бөлекбайлар Кенесарыны хан деп мойындағанына қарамастан, қайта-қайта шапқыншылық, ұрлық жасап, ақыры қырғынның содан басталғанын Белек жазып кеткен.  

ДАУҒА ҚАЛАЙ НҮКТЕ ҚОЮ КЕРЕК

Мұны біздің саясаткерлер, қоғамдық билікте отырған ассамблея, әсіресе ассамблея қатты айналысуы керек-ау. Мәселе мынада: біздің қоғамда жаңа қырғыз емес, ескі қырғыздар бар. Бұлар көне заманнан бері біздің елмен бірге жасап келе жатыр. Олардың бір шоғыры Қарағанды облысы Ақтоғай жағында тұрады. Тағы бір шоғыры Қарқаралыда. Жаңаарқада, Шиеліде де бар. Екінші тобы адайдың ішінде – батыста. Ықылым заманда олар біздің ата-бабаларымызға қосылған. Сондықтан, қазақ пен қырғыздың арасында бөліп жаратын ештеңе жоқ. Тарих ортақ. Орыс келгенге дейін екі ортада жаугершілік болған жоқ. Совет үкіметі бөлек-бөлек республика құрып берді де, ақыры осындай жағдай болды. 

Кәсіби тарихшылар болмаса басқалар этносаралық тақырыпқа жазып, былықтырмауы керек. Біздің журналистік агенттіктердің маңайында кеңесші ретінде бір тарихшы болуы керек. Кәсіби емес, әуесқойлар ылғи проблема туғызады да отырады. 

Дауға нүкте қою үшін жиналу керек. Ассамблея татулық үшін жауапты, сол үшін ақша да, қызмет те алып отыр. Жинасын да, қырғыз тарихшыларын шақырсын да, осы мәселе жөнінде жазсын деп бір пәтуаға келуіміз керек. Әйтпесе ара ашыла береді. Мүмкін мұны тағы басқа күштер қоздырып отыруы мүмкін. Әдейі жасап отырған шаруа. Сондықтан бір пәтуаға келейік. Қазақ-қырғыз аралас бір ғылыми зерттеу болуы тиіс. 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАЗБАСЫ

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров қазақтың соңғы ханы Кенесары хан жөнінде әлеуметтік желіде кеше жазба қалдырды. Жапаровтың жазбасын мына сілтемеден толық оқи аласыздар. Оның сөзінше, Хан Кененің тарихын арқау етіп, екі халықтың арасына жік салғысы келетіндер бар.

БҰЛ СӨЗГЕ НЕ АРҚАУ БОЛДЫ

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әнші Қайрат Примбердиевті қамауға алған болатын. Пірімбердиев ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдеме жасағаны үшін қамауға алынған. Сондай-ақ ведомство әншінің елден шығуына тыйым салды. 

Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған болатын. Қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында ол тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Әнші қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұраған:

Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, бұл ренішті лайықты түрде ұмытуымыз керек, – деген еді әнші.

ӘНШІ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

Алайда бұл мәлімдемесі үшін ол Қырғызстанда сынның астында қалды. Кейбіреулер “Қазақстанның пропагандасына ерді” деп айыптады. Қырғызстанның мәдениет вице-министрі Марат Тағаев бұл жағдайға қатысты пікір білдірген. Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Ол жастардың тарихын дұрыс түсінуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.

Кейін әншінің айыппұлмен құтылғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары