Үкімет әзірге сарапшылар бірлестігінің жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұсыныстарын іске асыруға асықпайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қытай және түрік өндірушілерімен бәсекеде қазақстандықтар үнемі ұтылып жатыр. Себебі импорт өте көп, ал үкіметтің қолдауы жетпей жатыр. Мұндай қорытындыны «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталовтың пікірінен байқауға болады. Оның айтуынша, сарапшылар жағдайды жақсарту жолдарын ашық ұсынған, алайда бұл ұсыныстарды іске асыру тым баяу жүріп жатыр.
Жеңіл өнеркәсіптің отандық үлесі өте аз. Дегенмен, өзіміздің зауыттар бар, олар отандық өнім үлесін арттырып жатыр. Меніңше, сатып алу, тізілімдер мен тендерлердің ашықтығын күшейту қажет.
Үкіметтің жасап жатқан шаралары жеткіліксіз, бұдан да көбірек істеу керек.
Біз бұл ұсыныстарды ашық айтып келеміз – отандық мазмұн, технологиялық операциялар мен шикізат үлесін нақтылап, есептеп шығу аса қиын емес, – дейді Баталов.
МӘСЕЛЕ ЖАЙЛЫ
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында 1400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, бұл салада 26 мыңдай адам еңбек етеді.
2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, жеңіл өнеркәсіптің өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 0,8%, ал жалпы экономикадағы үлесі шамамен 0,2–0,3% ғана болды. Кеңес дәуірінде бұл көрсеткіш 15%-ға дейін жеткен.