×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Алматы әкімдігінен 11 тендерді бір айда ұтып алған компанияның «ғажайып» хикаясы

11.10.2021, 13:00
Коллаж: ulysmedia.kz

«Qazaq Stroy» деп аталатын жеке компания былтыр карантин кезінде Алматы әкімдігі ұйымдастырған 11 тендерге қатысып, барлығын жеңіп алған.  Құрылыс компаниясы жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын тендерлерді бір ай ішінде ұтқан. Осыдан кейін «Qazaq stroy» ЖШС-ның табысы едәуір артып, әп сәтте миллиардерге айналды. Ulysmedia тілшісі мемтапсырыс арқылы байыған компанияны зерттеп көрді.

СЦЕНАРИЙІ БІРДЕЙ ТЕНДЕРЛЕР 

2005 жылы Павлодар облысында құрылған «Qazaq Stroy» ЖШС мемлекеттік сатып алу порталына 2017 жылы тіркелген. Бірақ тендер ұтып, мемтапсырыс алған кезі – 2020-ның маусымы.

Елде карантин болып, үкімет кейбір мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде арнайы тәртіп қолдануға қаулы шығарғанда Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы көп пәтерлі тұрғын үй салуға 11 тендер жариялады. Әрбірінің құны – 4,1 млрд теңгеден кем емес. Жайлы қалалық орта басқармасы үшін өткізілген бұл тендерлерге қатысуға түрлі компания өтінім білдірген. Арасында «Qazaq Stroy» ЖШС-да бар.

Фото:Алматыда соғылып жатқан көп пәтерлі үйлер

Арнайы тәртіп қолданылған конкурс тәсілі арқылы өткен 11 мемсатып алудың 10-ының сценарийі өте ұқсас. 10 тендерге қатусуға бес компания («СК РеалСтрой» ЖШС, «EC ENERGY Qazaqstan» ЖШС, «Qazaq Stroy» ЖШС, «Болашак-МА» ЖШС, «МАРАСАНТ» ЖШС) өтінім білдірген. Конкурс комиссиясы 10 тендерде де үш компанияның («СК РеалСтрой» ЖШС, «Болашак-МА» ЖШС, «МАРАСАНТ» ЖШС) өтінімін қабылдамай тастаған.

Осылайша, 10 тендерде де «Qazaq Stroy» мен «EC ENERGY Qazaqstan» бәсекеге түсіп, алғашқысы бәрінде жеңіп шыққан.

10 тендердің де конкурсында екінші орын алған «EC ENERGY Qazaqstan» құрылғалы бері электр сымы және кабельдің өзге түрлерін жасаумен айналысады. Алматы әкімдігі ұйымдастырған құрылысқа байланысты тендерге қатысардың алдында бұл компания «Завод ЭЛЕКТРОКАБЕЛЬ» ЖШС деп аталған. Құрылысқа байланысты тендерге қатысардан 10 күн бұрын ғана (2020 жылдың 14 мамыры) компания қазіргі атауына ауысқан.

Ал комиссиясының көп пәтерлі тұрғын үй салуға арналған мемсатып алулар конкурсына не себепті құрылыспен айналысып көрмеген компанияны қатыстырғаны түсініксіз. Керісінше, конкурстан шеттетілген үш компанияның («СК РеалСтрой» ЖШС, «Болашак-МА» ЖШС, «МАРАСАНТ» ЖШС) қызметі түрі – тікелей құрылысқа байланысты.

«QAZAQ STRОY»-ДІҢ ТАРИХЫ

Компания 2005 жылы 24 мамырда «СтройЛэнд ПВ» деген атаумен Павлодар облысында құрылған. Бірақ 10 жыл бойы жұмыс істеген жоқ. Ол кезде басшысы Сергей Муляр деген адам болды.

2015 жылы компания қайта тіркеуден өтіп, астанаға ауысты. Мекен жайы ғана емес басшысы да өзгерді. Сол кезден бастап Андрей Денисов деген азамат компания басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы болды. Ал 2017 жылы мекен жайы Алматыға ауысып, компания толықтай қазіргі басшысы Дмитрий Денисович Ли деген азаматқа өтті. Сол жылы атауы «Qazaq Stroy» деп өзгерді.

Фото:Qazaq Stroy компаниясының Алматыдағы кеңсесі

Өз тарихында алғаш рет 2017 жылы мемлекетке салық төледі. Бұл – компанияның құрылған соң 12 жылдан кейін ғана  жұмыс істей бастағанын білдіретін бірден-бір факт.

2018 жылы «Qazaq Stroy» ЖШС-ның құрылтайшылар қатары толықты. Сол кезге дейін басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы болып келген Дмитрий Лидің қасына Надежда Артықбаева деген адам қосылды.

Артықбаева құрылтайшылар қатарын толықтырғаннан бастап компания тасы өрге домалады деуге толық негіз бар. Өйткені  сол жылы компания алғаш рет 3,3 млн теңге жуық салық төледі. Ал 2019 жылы қазынаға құйған салығы бірден 20 есеге (66 млн) өсті.

Мемлекеттен құны 50 млрд теңгеден асатын 11 тендерді бір айдың ішінде алған соң «Qazaq Stroy» ЖШС қалтасын қампайтып, миллиардтаған салық төлейтін алып компанияға айналды. Бұл құрылыс мекемесінің биылғы төлеген салғының өзі 3 миллиардқа жуық.

«Qazaq Stroy» ЖШС қазір бес компанияның құрылтайшысы. Олар: «Asia Pipeline Services», «Qazaq Stroy Service», «Нұр City Investment», «ЫРЫСТЫ 46/2», «Макатаева 127».

ҚОС ҚҰРЫЛТАЙШЫ ЖАЙЛЫ ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

Ал «Qazaq Stroy» ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар. Олар: Дмитрий Ли және Надежда Артықбаева. Ли құрылтайшылықтан бөлек компанияны басшысы саналады.

«Qazaq Strоy» ЖШС Ли басшылық ететін жалғыз компания емес. Ашық дерккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Дмитрий Ли «ACD consulting group» және «Евразия Строй LLP» деген компанияларды да басқарады. Соңғысының құрылтайшысы – Недерланды да тіркелген «Noord holland trading» деген компания.

Ал Надежада Артықбаева «АРДИС», «Автолайн Car Trans», «RD Ars», «Елимай-Invest», «Patron Finance», «Семейный парк развлечений» және «Qazaq Project» деген түрлі компаниялардың құрылтайшысы.

Артықбаева құрылтайшылық ететін компанияның бірі – «Qazaq Project» те мемтапсырыс арқылы пайда тауып отыр. Құрылыс жобаларын жасаумен айналысатын бұл компания Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Qazaq Stroy» соғып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын авторлық қадағалауға бір көзден сатып алу тәсілі бойынша екі тендер ұтып алды. Яғни, Артықбаева құрылтайшылық ететін компания («Qazaq Stroy» ЖШС) соғып жатқан үй құрылысын Артықбаева құрылтайшылық ететін басқа бір компания («Qazaq Project» ЖШС) бақылайды.

Серіктес жаңалықтары