×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Мың жылдық ойын». Астанада Болат Атабаев туралы фильмнің премьерасы өтті

30.01.2024, 12:29
«Мың жылдық ойын». Астанада Болат Атабаев туралы фильмнің премьерасы өтті
сурет ашық дереккөзден

Астанада Болат Атабаев туралы “Мың жылдық ойын” деректі фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Бұдан бұрын Қанат Тілеухан Фейсбук парақшасында бірегей режиссер туралы деректі фильм түсіріп жатқанын жазған болатын.

“2021 жылы Болат Атабаевтың 70 жылдығы еді. Соған орай түсірсе деген әуелде ой болған. Бірақ оның реті биыл келді. Болат ағамен алғаш телевидениенің жаңалықтар қызметінде жүрген кезде танысып едім. «Қазақ журналистері сиыр сияқты шорылдатып сигендей ғып жазуды қашан қоясыңдар. Проблеманы бірден нақты жазбайсыңдар ма» дейтін. «Мың жылдық ойынды» бітіріп алып, бірнеше рет қарап шықтық. Болат аға өзі көрсе, не болар едік деп ойлап кеттім де шошып кеттім” – дейді Қанат Тілеухан.

Астанадағы тұсау кесерге театр жастары, өнер саласында  білім алып жатқан студенттер, марқұмның туыстары жиналды. Бірен-саран зиялы қауым өкілдері де бой көрсетті.

“Театрдың мың жылдық ойыны әлі жалғасып жатыр. Авторитарлық жүйенің, диктаторлық биліктің сонау Рим империясынан бергі императорлардың халықпен ойнауына да мың жыл. Осы мыңжылдық ойындардың арасында басын тасқа да, тауға да соққан режиссердің бейнесін жасауға мүмкіндігімізше тырыстық. Әрине, жаңа Ермек Тұрсынов айтқандай Болат аға ең бірінші кезекте суреткер. Бұл театрдың қарсылығы, театрдың күресі. Өнер арқылы ол кісі өзінің сөзін айтқысы келді.  Еркіндік, демократиялық құндылықтарды дәріптегісі келді”, – дейді фильм авторы Қанат Тілеухан. 

Фильм әсерлі, әрі ауыр. Марқұм Болат ағаның сөздері біресе күлдіреді, біресе жылатады. Тұсаукесер соңында сөз сөйлеген Роза Мұқанова фильмге «көркем туынды» деген бағасын берді. Фильм саяси ұстанымы үшін елден жырақ кеткен режиссерді көрерменге жақыннан танытты. Көп жерде жарияланбаған Атабаевтың видеолары (Жаңаөзен), Қанаттың өз сұхбаты мен “Король Лир” қойылымын астастырып түсірген. Қанаттың қолтаңбасы деуге келетін шығар, бар деректі үйіп-төгіп бере салатын репортаж жанрынан бөлек. Кей ойларды символдар арқылы, артық сөзсіз 2-3 кадрмен-ақ астарлап жеткізген. Көрермен көркем туындыға сондықтан ұқсатты, бәлкім.

Кейінгі буын Болат Атабаевты жете танымайды. Соңғы 10-15 жылда бұл тақырып табу болды. Еш жерде жазуға, айтуға рұқсат берілмеген. Содан Болат Атабаевтың бейнесі көмескілене бастады. Интернет кеңістігінде де ол туралы ақпарат там-тұмдап ғана кездеседі.

Болат Атабаев туралы

“Азаттық радиосы” жазған мақаладан үзінді:

“Ол театр мен өмірді ұштастырған, Қазақстанның саяси өміріне белсене араласқан сирек режиссер ретінде есте қалды. Ол Батыста жүріп, Қазақстандағы авторитар билікке қарсы кез келген күшті қолдады. Баспасөзге айтқан сөзінде "Қазақстандағы саяси жүйенің ауысуы үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын" деген еді.

Болат Атабаев 2000 жылдардан бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қазақстандағы адам құқығы, саяси еркіндік жайлы пікірлері жұртшылықты елеңдетті. Сөз бостандығын қорғауға арналған митингілерде:

– Адамның ақпарат алуға құқығы – үкімет емес, табиғат сыйлаған еркіндік. Үкімет ол еркіндікке ешкімнің қол сұқпауын, қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Менің арманым – Қазақстанда осындай митингтер өткізу қажеті тумайтын күн орнаса деймін, – деп сөйледі.

Болат Атабаев саяси ұстанымын 2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы қарсаңында айрықша көрсетті. Еңбек құқығының қорғалуын талап етіп ереуілге шыққан мұнайшыларды қолдады. Ереушілерге оқ атылған Жаңаөзен оқиғасынан кейін Болат Атабаевқа "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, қамауға алынды.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша тергеуге өз еркімен барудан бас тартып, сотты фарсқа айналдыратынын мәлімдеді. Оны тергеуге мәжбүрлеп апарып, қамауға алды.

– Тергеу кезінде маған сурет салғызды. Үйдің, ағаштың, белгісіз бір аңның суретін салуымды өтінді. Белгісіз бір аңның суретін салып беріп едім: "Бұл не?" деп сұрады. "КНБзавр" дедім, – деп еске алды кейін (КНБ - Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орысша қысқаша атауы).

Тұтқындағы Болат Атабаевты Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы "пікір айту құқығын пайдаланып, сөз сөйлеген ар-ождан тұтқыны" деп мәлімдеді.

Режиссер Атабаевтың қамауға алынғаны қоғамда резонанс туғызды. Мәдениет саласы қайраткерлерінің кейбірі "саяси көзқарасы үшін қамауға болмайды" десе, кейбірі "Болаттың асырып айтып, артық кететін тұстары бар" деумен шектелді.

Алайда Қазақстан билігі Атабаев ісін жабуға тырысты. Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың ара түсуімен қамаудан босап шықты.

Көп ұзамай Болат Атабаев Қазақстандағы саяси жағдайды айту үшін Германияға барып, ол елдің парламенті - Бундестаг депутаттарымен кездесті. Қазақстанға оралса, қайта қамалу мүмкіндігінен қауіптеніп, сонда тұрақтады. Кельндегі неміс театрында жұмыс істеп, унвиерситетте лекция оқыды. Германияда жүріп те саяси белсенділігін тоқтатпай, Қазақстандағы саяси жағдайларға байланысы сыни ой-пікірін әлеуметтік желі арқылы жеткізді.

2021 жылы көктемде Болат Атабаев Қазақстанға қайта оралды, бірақ баспасөзбен сұқбаттасуға ықыласты болмады. Бірнеше айдан кейін белгілі журналист Қанат Тілеуханмен сұқбаты жұрт назарын айрықша аударды. Саяси белсенділігі басым көріне бастаған режиссерді суреткер ретінде ұмыта бастаған тыңдаушылар өтінішімен Қанат Тілеухан тағы да бір рет сұқбат алды”.

2021 жылы 28 шілдеде Болат Атабаев өмірден озды.