×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Кіші Талдыкөл: Құрылыс компаниясына айыппұл салынды. Тараптар қандай мәмілеге келді?

27.10.2021, 14:10
Карикатура: Ғалым Смағұлұлы

Елордадағы кіші Талдыкөлге қатысты жергілікті әкімдік өкілдері «жағдай толық айқындалғанша көлді көмуді тоқтата тұру» туралы шешім шығарғанымен, іс жүзінде көлді құрғату жұмыстары жалғасып жатыр. Бірақ кеше ғана эко-белсенділер жағымды жаңалығымен бөлісті. Жаңа шешім тікелей табиғат жанашырларының жеңісі деуге болады.

Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Талдыкөлдегі құрылыс жұмыстарын тоқтату және анықталған кемшіліктерді 30 күн ішінде жою туралы ұйғарым шығарды. Бұл туралы «Ақиқат» корпоративтік заңгерлер коалициясының заңгері Шыңғыс Темір фейсбук парақшасында мәлімдеді деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Оның айтуынша, Талдыкөлді құрғату бойынша іс-әрекет заңдылығын зерттей отырып, тиісті уәкілетті орындарға бірнеше сауал жолдаған. Заңгердің айтуынша, Қалалық ортаның сапасы және бақылау басқармасы құрылыс салушы «SAT-NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кіші Талдыкөл аумағындағы құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы бұйрық шығарған.

Аталған құрылыс компаниясына:

- жобалық-сметалық құжаттамаға сараптамасыз құрылыс салу (ӘҚБтК-нің 316-бабының 1-бөлігі – 583 400 теңге айыппұл);

- техникалық және сәулеттік қадағалаусыз құрылыс (ӘҚБтК-нің 321-бабы – 583 400 теңге айыппұл);

- хабарламасыз салу (ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі – 72 925 теңге айыппұл) бойынша барлығы 1,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

«Бүгін бізге астанадағы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан жауап алдық. 14-20 қазан аралығында әзірлеуші ​​«SAT-NS» ЖШС-не қатысты аудит жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталды. Бұл жалғыз заң бұзушылық емес, әкімдік те бар. Бірақ олар әзірге бізбен келіспей отыр, тағы да қосымша хабарлап отырамын»,- деп жазды Шыңғыс Темір.

КӨЛ АУДАНЫ 20 ГЕКТАРДАН КЕМ БОЛМАЙДЫ

Көлді бұлайша құрғатуды белсенділер экологиялық қылмыс деп атаса, жауапты шенеуніктер бұл жоспарды «аумақтың қала құрылысы» деп елемеуге тырысып келеді. Бұл орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елордадағы Кіші Талдыкөлдің сақталып қалатынын, онда да өздігінен құрғап қалу қауіпі бар екендігін алға тартып отыр.

«Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі уақытта бұл көлді толықтыратын қайнар көздері жоқ екенін түсінеміз. Сондықтан да табиғи түрде құрғап жатыр. Болашақта бұл көлді қосымша толықтырып отырмаса, тұтастай құрғау қаупі бар. Біз қала әкімдігімен бірнеше рет кездесіп, тікелей Талдыкөлдің қасында көшпелі кеңестер өткіздік. Толықтырып отырмаса бұл көл жақын арада құрғап кететінін түсінеміз. Бұған бірнеше факторлар, соның ішінде белсенді қала құрылысы да ықпал етеді. Көлдің ауданы 20 гектардан кем болмайды. Әкімдік тағы қосымша зерттеулер жүргізеді. Бұл көлдің ең үлкен және терең бөлігі сақталып қалады. Қалған бөлігінде – көлдің айналасында рекреациялық аймақ ұйымдастырылады», - деп жауап берді министр баспасөз алаңында.

SOS TALDYKOL ЕРІКТІЛЕРІ

Бұдан басқа көлді қорғап жүргендер наразылықтарын түрлі мәдени қозғалыстармен жеткізіп келеді. Мәселен, қазір фейсбук әлеуметтік желісінде SOS Taldykol атауымен қоғамдық топ құрып, көлдің қазіргі жағдайына қатысты жұмыс нәтижелерін бөлісіп отырады. Парақшадағы жаряиланған мәліметтерге сүйенсек, 21 қазан күні өткен «Нұр Отан» партиясының облыстық қоғамдық экологиялық кеңесінің отырысында кіші Талдыкөл аумағындағы дамыту жоспары таныстырылған. Белсенділердің айтуынша, бас жоспарға түзету енгізілмеген және қабылданбастан бұрын қоғамдық тыңдаудан өтеді.

«Көлді құрғату жұмыстары Қоғамдық кеңес отырысы күні де, келесі күні де, қазір де тоқтаусыз жүріп жатыр», деп жазды белсенділер. Аталған қоғамдық кеңес хаттамаға «Астана бас жоспары» институты алаңында даму жоспарын талқылау қажеттігі туралы тармақ енгізді және оған жұртшылық өкілдері кіруі тиіс.

Сондай-ақ, ерікті топ көл жағасындағы жағдайды бақылап, жағалауды өз беттерінше қоқыстан тазартқан. АҚШ елшілігі еріктілермен бірге көл маңайын аралап, сол тұстағы көне зираттарды да көріп қайтқан.

«Олар кіші Талдыкөлдегі аққу, үйрек, қаршыға және басқа да құстардың мекені екенін өз көздерімен көрді. Тіпті қоқиқаздар да қатты желге қарамастан бізді қарсы алуға шықты», – деп жазды олар SOS Taldykol парақшасында.

БРИЖИТ БАРДО ҚОРЫ: ТАБИҒАТ ПЕН ЭКОЖҮЙЕГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТСІЗДІК

Сондай-ақ жуырда жануарларды қорғаумен айналысатын Брижит Бардо қорының @fondationbrigittebardot халықаралық жобаларының жетекшісі Брижит Олуа елордаға сапарында кіші Талдыкөл экожүйесі туралы сөз қозғап, көлді сақтап қалу керектігін айтты. 

«Әрине, мен көлдің сақталуын қолдаймын. Мен оны қорғағым келеді. Бұл көлдің жойылуы табиғат пен экожүйеге деген құрметсіздіктің көрсеткіші. Жалпы, біздің дүниемізді бұзатын да осы табиғатқа деген құрметсіздік. Сондықтан мен бұл көлдің жойылуына қарсымын. Ал Брижит Бардо қоры қарсы. Менің ойымша, бұл жерде өте күшті лобби бар. Жағдайға қарап, бұл жерде материалистік сана басым болғандықтан, бұл адамдарды сөз тоқтата алмайтын сияқты. Бұл өте өкінішті», – деді жоба жетекшісі.

Серіктес жаңалықтары