Бұл ақпаратты мәжіліс кулуарында әділет министрі Азамат Есқараев растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Заң жобасы әділет министрлігінің қызметкерлерінің күшімен мемлекеттік тілде дайындалып жатыр. Екі заң жобасы мемлекеттік тілде жазылу үстінде, – деді Азамат Есқараев кулуарда.
Журналистер “не себепті тек екі заң қазақ тілінде жазылады?” деп сұраған.
– Ол мәселе бұрындары қолға алынбаған деп ойлаймын, – деді Есқараев.
Қазақстанда орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын заңдар қатеге толы. Осыдан бес жыл бұрын сенатор болған Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені көтерген еді. Оның айтуынша, көрші Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде заң өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады. Мәселен, Өзбекстан тәуелсіздік алғалы 4-5 заң ғана орыс тілінде қабылданған. Ал Қазақстанда әлі күнге дейін заңдар ресми орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударады. Аударма сапасыз болғандықтан, түсінбеушілік туындайды.