×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Қытай шекарасы ашылмай жүздеген кәсіпкер банкротқа ұшырағалы тұр

05.11.2021, 16:48
Коллаж: ulysmedia.kz

Кептелісі 50 шақырымға дейін созылған фуралар, кезектегі жүздеген автокөлік, Қытай шекарасына жүгін кіргізе алмай, не алғанын шығара алмай қиналған кәсіпкерлер. Қазақстан-Қытай шекарасындағы осы проблема күннен күнге күшейіп барады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

ҚЫТАЙДА КЕДЕН ҚЫЗМЕТІ БІРНЕШЕ ЕСЕ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ 

21 қазанда Қытай тарапы қабылдайтын вагондардың санын арттырған. Алайда онысы мәселені шешпей тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, Қытай аумағында жиналып, Қазақстан аумағына кіре алмай тұрған тағы 8 мыңға тарта контейнер бар. Ол жүктің өзі бұған дейін қол жеткізілген келісім негізінде өтуі тиіс болатын. Ал жаңа жүктердің тасымалы туралы қос үкімет тарапынан тіпті сөз қозғалмаған.

Осылайша Қазақстанның жүздеген экспортшысы мен импортшысы, жүк тасымалдаушылары дағдарып қалды.

Қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдың бұл әрекетіне жауап ретінде шара қабылдау керек деп есептейді. Олардың айтуынша, осы мәселені шешудің бір жолы – басқа елдерге жүктерді транзиттеуде квотаны төмендету. Яғни Қазақстан арқылы транзиттік 4 контейнер кіргісі келсе ол ел де Қазақстанның 1 контейнерін өткізуге міндеттеледі. Бәлкім, бұл шара «Қытай-Еуропа» бағытындағы контейнердің қозғалыс ұйымы туралы келісіміне қайшы шығар, бірақ қазіргі жағдайда Қазақстанға өз мүддесін қорғаудан басқа амал қалмай тұр.

«Ақ жол» партиясының мүшелері жақында осы мәселені көтеріп, үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді. Партия өкілі Дания Еспаеваның айтуынша, тасымалдау қызметтеріне тарифтердің өсуі тауарлардың құнына және инфляцияға әсер етеді. Мәселен, Қытай тарапы тиеу қызметтерін 1 автокөлік құралы үшін 150 000 юаньға дейін өсірген. Бұл шығын – тіпті тасымалдау құнынан да асып түседі.

«Салыстырмалы түрде қарасақ: Қорғастағы жүк көлігінің тасымалдау құны 1200-ден 5000 АҚШ долларына дейін болса, қазір 28 000 АҚШ долларына дейін өсті. Тапшылыққа байланысты контейнерлерді сатып алу құны 1 950 доллардан 7 500 АҚШ долларына дейін өсті. ҚХР-дан тиелген 40 тонна контейнерді жөнелту құны 2020 жылғы тамыздағы 3 100 доллардан 2021 жылғы қыркүйекте 13 000 долларға дейін өзгерді», - дейді Дания Еспаева.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСУГЕ БОЛАДЫ

Ең қиыны, кедендегі кедергілерге байланысты кәсіпорындардың көбі өнімді өндіру немесе жеткізу шарттарын амалсыз бұзып, тікелей шығындарға ұшырап жатыр. Кәсіпкерлер пайда көрмек түгілі серіктестер мен банктер тарапынан төлем мерзімін кешіктіріп, айыппұлға іліге бастаған.

«Бізге жүгінген компаниялардың ақпараты бойынша, олардың шығыны 1 млрд теңгеге дейін жеткен. Олар келешекте жауапсыз өнім берушілер тізіміне еніп кетуі мүмкін. Тіпті кінәсіз болса да, мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айырылуы ықтимал. Бүгінде ҰКП сыртқы сауда палатасы зардап шеккен кәсіпкерлерге осы жағдай бойынша форс-мажорлық жағдайлар туралы куәлік беріп отыр», - дейді Еспаева.

Алайда Азаматтық кодекстің 374-бабына сәйкес, форс-мажор деп тану да кәсіпорындарды қаржылық және банк міндеттемелерінен босатпайды. Осыған байланысты бизнесті қолдаудың нақты қосымша шараларын да қабылдау қажет.

«Біркелкі борыштық жүктемені сақтау үшін несие шарттарын ұзарта отырып, кәсіпорындар үшін несиені өтеу бойынша кейінге қалдыруды ұсыну керек. Теміржол көлігінде тасымалдау бойынша туындаған проблемаларды ескере отырып, ҚХР үкіметімен автокөлік өткелдерінің өткізу қабілетін ұлғайту туралы мәселені шешу қажет. «Атамекен» ҰКП палатасының форс-мажор туралы куәлігін алу үшін осы жалпыға белгілі жағдай бойынша дәлелдемелер жинау қажеттілігінен бизнесті босатуы тиіс», - дейді ол.

БЕС КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ ҮШЕУІ ЖАБЫҚ

Ал «Атамекен» ҚР ҰКП логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин қазір бизнес үлкен шығынға ұшырап жатқанын растайды. Қытай тарапы жүкті қабылдамай, оны шектеп жатқаннан кейін бизнес субъектілері банк алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмай қалған. 2020 жылдың қазан айынан бастап Қытайға автокөлікпен жүк кіргізуге тыйым салынған. Экспорттық тауарлар тек теміржол арқылы жеткізіледі. Кеден бекеттерінің бесеуінің үшеуі ғана штаттық режімде жұмыс істеуде. Қалжат және Майқапшағай кеден бекеттері Қытай тарапынан жабық. Егер осы кеден бекеттері ашылса, екі ел арасындағы тауар ағымын арттыруға мүмкіндік туар еді.

«ҚТЖ мәліметіне сүйенсек, Қытай тарапынан жүк қабылдау жағынан «жылымық» байқалады. Бүгін де күніне 400 вагонға дейін жүк қабылдау көрсеткіші өскен. Қазанда күніне тек 200-250 вагон қабылдаған еді. Алайда жүк ағымын ескерсек, бізге күніне шамамен 800-1000 вагонға дейін кіргізу керек. Біздің ойымызша, үкімет басшылары деңгейінде келіссөздерді күшейту керек. Себебі Қытай тарапы автокөліктерді қабылдауды ең төменгі деңгейге дейін азайтты. Қазір әр өткізу бекетінен бар-жоғы 10-20 автокөлік өте алады. Пандемия келмес бұрын 2019 жылы бұл кеден бекеттерінен күніне 300-400 көлікке дейін өтетін. Біздің ойымызша осы шектеуден шығын көріп отырған кәсіпкерлердің несие төлеу және салық салу міндеттерін кейінге шегеру керек. Импортшылар да, экспортшылар да, тіпті жүк тасымалдаушылар да осыны сұрап отыр», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары