Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровқа арналған «Дегдар» атты кітап жарық көрді. Жинаққа оның туған-туыстарының, достары мен әріптестерінің естеліктері, сондай-ақ Бабақұмаровтың ғылыми еңбектері, мақалалары мен сұхбаттары енген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кітаптың жарық көргенін саясаттанушы Андрей Чеботарев хабарлады. Жинақтың электронды нұсқасы ашық қолжетімді.
Ержан Бабақұмаров кім еді?
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы дүниеге келген. ҚазМУ-ді бітіріп, саясаттану ғылымдарының кандидаты атанған. Ол Президент әкімшілігінде, мәдениет және ақпарат вице-министрі, премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін екі рет басқарған.
2019-2022 жылдары Алматы әкімінің орынбасары болды.
Контекст
Бабақұмаров 2025 жылғы 30 қазанға қараған түні Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қаза тапты.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол танысы Ербол Кәукетаймен сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Сот Кәукетайды адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сот процесі жабық өткендіктен, істің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.