Кеше журналист Аслан Каженов ауруханада жатқан баласына дәрігерлер немқұрайлы қарайтынын, одан да бөлек ауруханада былықтар жететінін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазір балам елордадағы №3 ауруханада жатыр. Соңғы 2 аптада екінші рет түсіп тұр. Нақты диагноз қоя алмайды. Анализдер 2-3 күндеп келмейді. Сынама қорытындылары әлі жоқ. Енді қазір тыныс алу қиындады(отдышка) + қызу. Өкпесін аппаратқа түсірейік десе, «нормально-нормально» деп дәрігер түсірмейді. Жалпы дәрігерлер өте немқұрайлы. Бәріне бәрбір. «Нормально» деген не диагноз? Кім бар, Цойы ма, басқасы ма, қазір үйлеріңде демалып жатқан шығарсыздар. Ал, қазір жылы жерлеріңнен тұрып, дереу инфекциялық ауруханадан табылуларыңды талап етем. Өтінбеймін. Сұрамаймын. Талап етем, өйткені мен жалақымнан ай сайын медициналық сақтандыруға төлеп жатырмын. Әйелім өзінің және бірнеше адамның төлемін жасайды (жеке бизнес). Бұған қоса, мемлекет бөліп жатқан миллирдттар бар. Адамдарға мал сияқты қарайсыңдар. Егер бала анау-мынау болып кетсе... ескертем, жақсылық күтпеңдер», - деп жазды журналист Аслан Каженов Фейсбук парақшасына.
Оның жазуынша, дәрігерлеріңнің немқұрайлылығы, анализдердің дереу келмейтіндігі және өкпені аппаратқа түсірмейтінінен бөлек, басқа да былық жетеді.
«Тамақтарын қараңдар! Күн сайын пакет-пакет азық-түлік апарам. Өйткені, балаға ғана бөлінеді де, қасында жатқан ата-анасы сатып алу керек. Мынау сатып алуға тұра ма? Мынау «нормальный» тамақ па? Бұл қызметті тендермен нетіпсіздер? Қалай тендерге беруге болады? Енді біздің елде адам құсап ауыруға да болмай ма? Ана жерде жатқан және дәрігердің көмегіне мұқтаж болып, кезекте сағаттап отырған әр адаммен сөйлесіп, шұғыл ем-домын беріңіздер! Бәрі лайықты деңгейде медициналық көмек алу керек! Лайықты!», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол бүгін кеше гі жазбадан кейін қандай нәтиже шыққаны туралы да жазды.
«Кешегі посттан кейін мәселе шұғыл қолға алынып, реттелді деп үміттенген шығарсыз. 4 сағаттан соң дәрігер табылды. 4 сағат! Ал, ауруханаға түскендеріне 2 күн болды. Сол 2 күннен бері кезекші дәрігерді алғаш көріп тұр. Бұған дейін резидент емдеп келген. «Нормально-нормально» деген диагнозды қойып жүрген де сол. Дәрігер келіп не істеді? Тағы сырттай тексеріп, кетіп қалды. Кетіп қалғанда, қашып кетті. Тура мағынасында қашып кетті. Сол аралықта біреу жоғарыға өтірік есеп жіберіп үлгерді. Өтірік. Науқасқа жоламады. Ең соңында өзімізді кінәлі ғып шығарарына сенімдімін. Оған мына жазба-есеп дәлел. Әбден еттері үйренген ғой. Бәрі қазір сонымен алысып әлек. Ал, емге зәру адам ше?», - деп жазды тілші.
Ол баланың өкпесін әлі аппаратқа түсірмегенін айтты.
«Ауызынан қан кетсе – түсіреміз» депті. Енді не істейміз? Аузын қанатайық па? Бұл жағдайға министрлік не деді? Министрлік арыз жазуым керектігін айтады. «Араласа алмаймыз, ол жергілікті атқарушы органның шаруасы» дейді. Ал әкімдік? Олар не дейді? Ештеңе демейді. Дей алмайды. Жоғарыға өтірік есеп қана жібереді. Кешегі жазбадан кейін ауруханаға ешкім барған жоқ. Жағдай қадағалауға алынбады. Бұл жауаптылардың «ит үреді, керуен көшеді» дегенді меңзегені.
Жүйе шіріп жатыр. Дәрігерлер жетіспейді. Жүргендері әбден шаршаған. Бәріміз жұмыс жасаймыз ғой. Андай кезең болады емес пе, ұзақ жұмыс жасап, аз айлық алып, әбден шаршаған. Медицина сондай жағдайда. Бірақ, олардың бізден айырмашылығы – адам тағдырына жауапты. Екі ортада осындай салғырттықтан өліп кетіп жатқан, мүгедек болып кетіп жатқан адамдар, оның ішінде, балаларға обал.
Алло, билік! Қарапайым халықты тобыр дейтін шығарсыз. Қазір тобырдың көзі ашық. Білімді. Сіз үнемі айтатын шетел тәжірибесін жақсы біледі. Бөлініп жатқан миллиарттарды және оның қайда жұмсалып жатқанын да көріп отыр. Медициналық сақтандыру қайда? Ай сайын бәрінің айлығынан мәжбүрлі-ерікті түрде алып жатқан. Соны аларда біз қаша алмаймыз. Ал, ем керек болғанда сіз неге қашасыз?!», - дейді ол.