×
473.15
515.12
5.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.15
515.12
5.4

Forbes пен блогерлер жарнамалаған клиникада алматылық келіншек көз жұмды

11.07.2024, 16:01
ulysmedia.kz

Алматы тұрғыны Батырханова Құралай Сарқытбекқызы 5-шілде күні қаладағы клиниканың бірінде іштегі артық майды алдыру үшін ота жасатып, сол жерде көз жұмды.  47 жастағы ұстаздың артында үш ұлы қалды.

КЛИНИКА ДӘРІГЕРІ «КОНВЕРТ» ҰСЫНДЫ

Марқұмның жақындары іс бұрмаланып, ота жасаған бас дәрігер жазадан сытылып кете ма деп алаңдаулы. Себебі жерлеу күні көңіл айтуға келген дәрігер Құралайдың күйеуіне конверт ұсынған.

«Әпкем 5-шілде күні «гипопластика және абдоминопластика» деп аталатын ота жасатып, іштегі артық майларын алдырды. 25 маусымнан бастап дәрігермен кездесіп, клиникамен байланыста болды. Бар анализдерін жинап, 5 күні таңғы сағат сегізде ота жасатады. 11:30-да күйеуіне «мен отадан шықтым, өзімді нашар сезініп тұрмын» деп жазады. Осыдан соң байланысқа шықпайды. Кешке жақын хабарға шықпаған соң, жанталасып іздей бастаймыз. Кешкі сағат  20:00-ден түнгі 11-ге дейін клиниканың Маркова 71 мекен-жайында әпкемізді таба алмай жүреміз. Төрт сағат бойы бізді біресе «қан қысымы көтерілді», «қант диабеті» боп жатыр, кейін «комаға кетті» деп алдарқатып ұстайды, - деді марқұмның сіңлісі Гүлнара Батырхан.

Қайтыс болғанын туыстарына естірткеннен кейін полиция клиниканың артқы есігінен марқұмның денесін дереу мәйітханаға тексеруге алып кеткен.

ОТА ЖАСАУҒА АҚШАНЫ ҚАРЫЗҒА АЛҒАН

Құралай 101 келі салмақтан аяқтары ісіп, қимыл-қозғалысы қиындаған соң ота жасатуға шешім қабылдаған. Операцияға деген ақшаны бауырынан қарызға алыпты. Соңғы рет әпке-сіңілілерімен ортақ чатқа «Ал кеттім» деп жазған Құралай белінен май алдырған соң, мәңгілік сапарына аттанған. Тусының айтуынша, дәрігер 20 келі салмақ тастайсыз, ешқандай қауіп жоқ деп сендірген.

«Отаға деген 2 миллион теңгені де бауырымыздан қарызға алған. 101 келі салмақтан аяқтары ісіп, қозғалысы қиындап кеткен еді. 25 жыл ұстаздық еткен әпкеміздің артында аңырап үш ұлы қалды. Алдын ала сот сараптамасы «обширный инфаркт» деген диагноз қойған. Кардиолог мамандар осы күнге дейін дәрігерге жүгінбей, күліп-ойнап жүрген адамның мұндай инфаркт алуы мүмкін емес деп отыр. Әпкеміздің жерлеуі күні ота жасаған дәрігер көңіл айтуға келіп, жездемізге ішінде ақшасы бар конверт ұсыныпты. Енді олар жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқып отырмыз. Клиниканың әлеуметтік желідегі парақшасына кірсем жарнамаларын жасап, оталарын жалғастырып жүр»,- дейді Гүлнара.

20 МЫҢ «ПОДПИСЧИГІ» БАР ДАНИЯР УРМУРЗИН КІМ?

Құралайға ота жасаған хирург Данияр Урмурзинге хабарласып, аталған жағдай бойынша пікір сұрадық. Бір күн жұмыстан қолы тимеген хирург телефонда мазасы қашып тұрғанын айтып, біраз мінезін де көрсетті.

«Қазіргі таңда сот-cараптамасы өлім себебін анықтап жатыр. Тәжірибемде мұндай жағдай алғаш болып отыр. Құралайдың жақындарын, олардың қазіргі күйлерін түсініп отырмын. Жерлеу күні көңіл айтып, конвертте өз тарапымнан көмек ұсындым. Оны пара беру деп қабылдаудың қажеті жоқ. Жерлеу рәсімі, шығындары бар дегендей. Бұл менің азамат ретінде, адам ретіндегі борышым деп ойлаймын. Әлде, мен ол жерге бармауым керек пе еді?!  Егер бармасам, көмек ұсынбасам келмеді деп айтар едіңіздер. Отаға төленген ақшаны қайтарып аламыз десе, қарсылығым жоқ. Мәселе ақшада емес. Маған да бұл жағдай ауыр тиіп отыр. Жауапкершіліктен қашып отырғаным жоқ. Сот сараптамасының қорытындысы өлім жағдайы отамен байланысты екенін анықтаса, ҚР Конституциясы аясында жауап беремін», - деді хирург.

Бүгінгі таңда клиника жұмысын қарқынды түрде жалғастырып жатыр. Insagram парақшасының басына Forbes журналында шыққан сұқбатын іліп қойған Даниярдың медицина саласындағы тәжірибесі 25 жылдан асады. Айта кетейік, Forbes-қа таңдаулы адамдар ғана емес, жарнама құнын төлеген кез келген сала маманы шыға алады (ақылы материал құны 1-3 миллион теңге аралығында)

КЛИНИКАНЫ ҚАНДАЙ БЛОГЕРЛЕР ЖАРНАМАЛАДЫ?

 Бірақ қарапайым оқырман дәрігердің біліктілігі, жетістігін әлеуметтік желідегі парақшасына/пікірлерге қарап бағалай отырып, сенім артады емес пе?! Бүгінде кімнің болсын портфолиосы – әлеужелідегі парақшасы болып тұр. Марқұм Құралайда сіңлісімен Даниярды Урмурзинды Instagram арқылы іздеп тапқан. Аталған клиниканың негізін досы екеуі бірге қалағандығы жазылған. Орталық іштегі артық майды алу отасынан бөлек, төс өсіру, қабақ, бөксе үлкейту, аяқ түзеу, қыздықты қалпына келтіру оталарын жасаумен айналысады.

Клиниканың оқырман саны – 40 мыңнан асса, Даниярдың жазылмандарының саны 20 мыңнан асып жығылады.

Орталық жарнамасын  бірнеше миллиондаған аудиториясы бар блогер Әсел Асқар, әнші Луина,  әпкелі-сіңілі Бота және Әсем Нұрпейісовалар,  Карина Оксукпаева жасаған. Видеодан байқағанамыздай, селебритилердің барлығы да жаппай төстерін өсірген.

ОТАШЫ ҚАНДАЙ ЖАЗА АРҚАЛАЙДЫ?

Құралайдың қорғаушысы адвокат Перцов Дмитрийдің айтуынша, бүгінгі таңда қылмыстық іс Бостандық ауданы полиция басқармасының тергеуінде. Сот сараптамасының қорытындысы тағайындалған.

«Қазіргі таңда Бостандық ауданы полиция басқармасында қылмыстық іс ашылып, қаралып жатыр. Аталған іс бойынша тергеуші сот-медициналық сараптамасын тағайындады. Сараптама қорытындысы арқылы өлімнің неден орын алғанын білетін боламыз. Адам көшеде немесе өз үйінде инфаркт ұстап қаза болса, жағдай басқа.  Бірақ марқұм көз жұмар алдында арнайы медициналық мекемеде болған, отадан кейін Құралайды аман алып қалу үшін қызметкерлер тарапынан қандай емдік шаралар қолданылғанын білгіміз келеді. Сот тергеуі барысында ақпараттарды толық анықтаймыз деп үміттенемін», - деп пікір білдірді адвокат.

Айта кететіні, дәрігердің кінәсі дәлелденсе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары