×
$
444.3
€
490.91
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.3
€
490.91
₽
5.41

«Бейбітшілік орнағанын қалаймын»: Двалишвили Нурмагомедовпен болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 18:45
«Бейбітшілік орнағанын қалаймын»: Двалишвили Нурмагомедовпен болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады
Әлжелі

UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили Әбу-Дабиде ресейлік спортшы Усман Нурмагомедов қатысқан жаппай төбелестен кейін тосын мәлімдеме жасады. Ұсталып, кейін босатылған грузиялық спортшы жанжалға қатысқандардың үстінен шағым түсірмейтінін айтып, олардың да бостандыққа шығатынына үміт білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Двалишвили әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлеріне үндеу жасап, жағдайының жақсы екенін және спорттық мансабын жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

«Баршаңызға бостандыққа шыққанымды және жағдайымның жақсы екенін хабарлағым келеді. Денсаулығым жақсы, алдағы кездесулерге дайынмын. Осы жағдайды реттеуге көмектескен Әбу-Дабидегі барлық азаматқа алғыс айтамын», – деп жазды грузиялық спортшы.

Ол төбелеске қатысқан өзге адамдардың, соның ішінде Нурмагомедов командасы мүшелерінің тағдырына да тоқталды.

«Барлығының бостандыққа шығатынына шын жүректен үміттенемін. Ешкімнің үстінен шағым түсірмеймін. Мен тыныштық пен татулықты қалаймын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін. Сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рақмет», – деді Двалишвили.

Еске салайық, жаппай төбелес 11 қарашада Әбу-Дабидегі Yas Hilton қонақүйінің кіреберіс залында болған. Сол кезде спортшылар Real American Freestyle (RAF) күрес лигасының турниріне қатысу үшін қалаға келген еді.

Желіде тараған бейнежазбаларға қарағанда, Усман Нурмагомедов қасындағы адамдарымен бірге сұхбат беріп тұрған Двалишвилиге жақындаған. Грузиялық спортшының бетінен соққы алғаннан кейін екі тараптың өкілдері төбелесіп кеткен.

Жанжал салдарынан Двалишвили мен оның досы Саба Лазишвили жарақат алған. Полиция оқиғаға қатысушыларды ұстап, іс Әбу-Даби сотында қаралған.

The National басылымының Әбу-Даби сот департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, сот он адамды кінәлі деп таныған.

Олардың алтауы алты айға бас бостандығынан айырылып, әрқайсына 300 мың дирхам (шамамен 81,6 мың доллар) айыппұл салынған. Сондай-ақ, жаза мерзімі аяқталғаннан кейін оларды елден шығару туралы шешім қабылданған.

Тағы екі адам төбелесті видеоға түсіріп, жазбаларды таратқаны үшін осындай мерзімге сотталған. Олар Біріккен Араб Әмірліктерінің жеке өмірге қол сұқпау туралы заңнамасын бұзған деп танылған.

Ал Двалишвили мен Лазишвили бас бостандығынан айыру жазасынан құтылғанымен, әрқайсысына 50 мың дирхам (шамамен 13,6 мың доллар) айыппұл салынған.

Халықаралық спорт басылымдарының хабарлауынша, бас бостандығынан айырылғандардың арасында Усман Нурмагомедов та бар.

Двалишвили ешкімнің үстінен шағым түсірмейтінін мәлімдегенімен, сот бұл іске қатысты үкім шығарып қойған.

Жанжал RAF Abu Dhabi турниріне қатысатын спортшылардың құрамына да әсер еткен.

Усманның ағасы Умар Нурмагомедов UFC ардагері Юрайя Фейбермен жоспарланған белдесуінен шет қалған. Ұйымдастырушылар оның орнына Саба Лазишвилиді қатыстыру туралы шешім қабылдаған.

Ал Двалишвили 14 қарашада Etihad Arena спорт кешенінде өтетін турнирге қатысу мүмкіндігін сақтап қалды. Оның қарсыласы UFC-дің бұрынғы спортшысы Марлон Мораес болуға тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін