Францияның Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиадада тапаншамен нысананы көздеуде күміс жүлдені жеңіп алған Түркияның мергені Юсуф Дикеч Jibek joly телеарнасына шағын сұхбат беріп, төрт жылда бір айналып келетін дүрмекті додадағы жетістігі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
«ТҮРКИЯ КИЛЛЕР ЖІБЕРГЕН БЕ?»
Еске сала кетсек, жақында 51 жастағы Юсуф Дикеч Олимпиадада қолын қалтасына салып, еш қиналмаған түр танытып, екінші орын алғанда оның бұл жетістігіне жер-жүзіндегі миллиондаған спорт жанкүйері таң-тамаша болған еді.
Көпшілік «Түркия киллер жіберген бе?» деп те ойлап қалғаны рас. Осы жарыста ол 10 метр жерден пневматикалық тапаншамен ататын аралас командалық сынақтың финалында басқалар сияқты дәлдік үшін бір көзін қысып, құлаққап киген жоқ. Олимпиадаға барды да, көрді, сосын нысананы дәл көздеп, күміс жүлдені алып кетті. Осыдан кейін ол барлық сұхбаттарында бір көзін қысып, нысананы жайрата алатынын да айтты.
«ТАПАНШАМЕН 24 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАТТЫҒЫП КЕЛЕМІН»
Түрік мергені Jibek joly телеарнасына сұхбатында осымен бесінші рет Олимпиадаға қатысқанын, төрт Олимпиадада жолы болмай, Париждің төрінде ғана құрмет тұғырына көтерілгенін айтты.
Ол әңгімені Оимпиададағы киім киісі туралы бастап, былай деді:
Мен экипировкамен жарысқа шықсам, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Тапаншамен нысананы көздеу – спорт. Ал спортта концентрация болу керек, яғни өзіңді жақсы сезініп, нысананы дәл көздеу керек. Оқ атумен 24 жылдан бері айналысып келемін, - деді ол.
«ОЛИМПИАДАҒА ДЕЙІН МЕНІ ЕШКІМ БІЛГЕН ЖОҚ»
Содан кейін түрік мергені Олимпиадаға дейін танымал болмағанын, ал Олимпиададан кейін көшеде жүру тіпті, мүмкін болмай қалғанын айтты.
Мен көшеде еркін жүре алмайтын болдым. Адамдар мені тоқтатып, менімен фотоға түскісі келеді. Енді мені Түркияда ғана емес, барлық елде таниды. Маған жер-жүзінен әлеуметтік желіде хабарласып жатыр. Бұған әрине, мен қуанамын.
Бұл - менің бесінші Олимпиадам. Бірақ осы кезге дейін Олимпиаданың жүлдесін алып көрмеппін. Мен Қазақстанның спортшыларын жақсы білемін. Оларды білмеу мүмкін емес. Мен олармен жарысқанмын. Жарыстан соң бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Олимпиадада жақсы нәтижеге жету үшін көп жұмыс істеу керек. Қазақстанның спортшылары болашақта толайым табысқа жетеді деп сенемін. «Еңбек бәрін жеңбек», дейді ғой. Көп еңбектенсең, жетістікке жетуге болады, - деді Юсуф Дикеч.
«БЕСІНШІ ОЛИМПИАДАДА ҒАНА БАҒЫМ ЖАНДЫ»
Ол 24 жылдан бері жатттығып келе жатқанын, Олимпиадаға осымен бес рет қатысқанын атап өтті.
Бесінші жарысымда ғана жүлдені жеңіп алдым.
Келесі Олимпиадаға да қатысқым келеді. Жаттықтырушыға осыны айттым. Енді келесі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада алтын медаль жеңіп аламын. Сіздерге хабарласқандарыңызға көп рахмет! Қазақстанға Түркиядан жалынды сәлем!, - деді ол әңгімені аяқтап.
Юсуф Дикечтің Олимпиададағы жетістігі жапондық әлеуметтік желілердің де назарын аударды. Онда түрік спортшысының аниме нұсқасы шықты.