Әкімдердің айлығы мен қызметтік көлігіне қатысты Ulysmedia.kz порталының сауалына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтен де жауап келді. Елорданың басқаратын әкімнен сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына да қанша рет сұхбат бергенін сұрап көргенбіз.
Алтай Көлгінов 2021 жылдың басынан басынан БАҚ өкілдеріне бірқатар сұхбат беріп үлгеріпті. Қазақстан ұлттық арнасының «Ашық алаң», Хабар телеарнасының «Национальный интерес», Астана телеарнасының «Интервью с акимом» және «Айтарым бар» бағдарламаларында қонақта болған. Одан бөлек Литер газетіне, Эксперт және Turkib журналына, Ecolomist.kz сайтына сұхбаты жарияланған. Әкім одан тыс Орталық коммуникациялар қызметіне бір рет шығып, журналистердің сұрағына жауап берген.
«2018 жылдан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі толығымен қызметтік көліктен бас тартып, такси қызметін пайдалануда. Такси қызметін ұсынатын кәсіпорын бекіткен автокөліктің маркасы – Skoda «Superb» (2018 ж.ш.) Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жалақысы 1 978 188 теңгені құрайды», - деген жауап келді Алтай Көлгіновтың баспасөз қызметінен.
Әкімнің жеке ұялы телефоны – iPhone 11.
Алтай Көлгінов айлығын, ұялы телефоны мен көлігі жайлы ақпаратты жасырмаған әкімдердің бірі. Бұл қатарда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова, Павлодар облысының басшысы Әбілқайыр Сқақов пен Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек (материал шыққаннан кейін айлыққа қатысты ақпаратқа түзету енгізген) бар. Әзірге айлығын айтқысы келмеген әкімдердің қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұр.