Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты еліміздің тұңғыш президентінің жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы зайыбы Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша барлық материалдармен танысып шықты. Енді келесі аптада сотталушылардан жауап алынуы мүмкін, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Кеше сотта Гүлмира Сатыбалды мен оның бұрынғы көлік жүргізушісі Мәди Батыршаевтан зәбір көріп, заңсыз бас бостандығынан айырылған жәбірленуші Абай Жүністовтің жағдайына қатысты психолог Сәуле Ізбасарованың жауабы тыңдалды. Ол сарапшылармен бірге жәбірленушінің жағдайын бақылағанын айтып берді.
ПСИХОЛОГ: «ОНЫҢ СӨЗІНДЕ ЕШ ӨТІРІК ЖОҚ»
Психолог жәбірленушінің сотталушыларлан зәбір көргеніне сенетінін, оның сөзінде ешқандай өтірікті байқамағанын айтты.
Абай Жүнісов маған басынан өткен жағдайға байланысты мына нәрсені баяндады. Ол сол қиын кезде өз-өзіне қол жұмсағысы келген екен. Содан кейін өлім туралы ойлағысы келмей, намазға жығылғысы келген. Оның біреуден қорқып, өз-өзіне қол жұмсағысы келгенін, сосын бұл ойынан айнып қалғанын қорқақтық деп ойламаймын. Менің ойымша, ол отбасының алдындағы жауапкершілікті сезгеннен кейн өз-өзіне қол жұмсағысы келмеген, - деді ол.
АБАЙ ЖҮНІСОВТІҢ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ
Сотта сарапшылар жәбірленушімен сөйлескеннен кейін оның психологиялық жағдайы қиын екенін ескертті.
Абай Жүністовтің жағдайы өте қиын. Ол осыншама уақыт ешкіммен араласпай, қоғамнан оқшауланды. Сондықтан оған психологиялық көмек керек, - деді эксперттер.
ТЕНДЕРДІ ҚАЛАЙ ЖЕҢІП АЛҒАН?
Сотта Гүлмира Сатыбалдының алыс туысы сұрақтарға жауап берді. Ол сотталушымен бірге 2017-2019 жылдары «Baur Kazakhstan» компаниясында жұмыс істегенін атап өтті.
Куәгер Сатыбалдының кезінде компания Алматы қаласында «Vostochka» тұрғын үй кешенінің құрылысын салу үшін тендерді жеңіп алғанын айтты.
Ол өз сөзінде компания тендерді ұтып алғанда Гүлмира Сатыбалдыға тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты күмәнді келісімдер жасалып жатқанын айтқанын жеткізді.
ЖЕР МЕН АВТОКӨЛІКТЕР САТЫП АЛЫНҒАН
Сол кезде Анар Жалилова деген есепші болған. Ол маған компанияның есебінен жер учаскелері мен автокөліктердің сатып алынып жатқанын құжатын көрсетті. Бухгалтер осы мәснле бойынша сұрақ туындаса, компанияның басшысы Гүлмира Сатыбалдыға хабарлас деді.
Жер учаскесі Қабеновтың («Бақыт Қабенов - Baur Kazakhstan» компаниясының бұрынғы директоры, - ред.) атына сатып алынды. Содан кейін үй салынып, құрылыс техникасы мен материалдарын алдық. Жұмысшыларға компанияның есебінен жалақы төленіп отырды, - деді куәгер.
Сотта айыпталушының қорғаушысы Әсемгүл Даниалова судьядан Гүлмира Сатыбалдының туған бауыры мен Абай Жүністовтің бұрынғы әйелі Рая Пірімбетовтен, аудиторлық компанияның қызметкері Абай Әлімов пен ломбардтың қызметкері Валентина Казимировдан жауап алуды өтінді.
Судья оның өтінішін қанағаттандырды.
Енді келесі аптада айыпталушы Гүлмира Сатыбалды мен оның бұрынғы көлік жүргізушісі Мәди Батыршаевтың жауабы тыңдалады. Оларға ағайынды Абай, Алтай және Қасым Жүнісовтерді заңсыз бас бостандығынан айыру және аса ірі мөлшерде ақша бопсалау бойынша айып тағылып отыр.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша фигурант тағы бір қылмысы үшін сотталған болатын.