×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақ ғалымының онкологияға қарсы дәрісі қатерлі ісікті қалай жояды?

Қазақ ғалымының онкологияға қарсы дәрісі қатерлі ісікті қалай жояды?
nla.nu.edu.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биолог Дос Сарбасовтың онкологияның төртінші сатысындағы адамдарға қолданатын дәрі ойлап тапқанын алғаш рет айтқан еді. Осыған байланысты  Назарбаев университетінде (NU) жоба авторлары екінші клиникалық сынақтың қалай өтіп жатқаны туралы тағы да мәлімет берді, деп хабарлады  Ulysmedia.kz. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ДӘРІНІ КІМ ТАПҚАН?

Биолог ғалымның айтуынша, бұл дәрінің қатерлі ісікті жою тәсілі «Трояның ағаш атын» еске салады. Яғни, рак жасушалары глюкозаға «тәуелді» болып келеді. Ол көбеюге қажет энергияны глюкозадан алады. Егер адам ағзасындағы глюкозаны азайтса, рак жасушалары «ашығып» жойылатын еді. Бірақ сол үшін адамды глюкозадан ашықтыруға болмайды. Өйткені, оның кесірін тигізуі мүмкін.

Біз «С» дәруменінің «D» типі мен (ғылыми формуласы – D-CV - ред.) сынап оксидін (arsenic trioxide, ATO) кезектестіріп егу арқылы рак жасушасын жою тәсілін ойлап таптық. Бұлардың құрылымы глюкозаға ұқсас. Рак жасушалары оны глюкозаға ұқсас болғандықтан қан құрамынан көрген бойда өздеріне сіңіреді. Осылайша екпе рак жасушаларын іштен улап жояды. Трояның ағаш аты деп отырғаным сол, - деді ғалым.

Дос Сарбасов біраз уақыт АҚШ-та тұрған екен. Ол АҚШ-та онкологияға қарсы дәрінің алғашқы сынақтарын да тышқанға егіп өткізіпті. Қазақстанға келгеннен кейін де NU базасында сол сынақтарды қайталап, осындағы әріптестерінің көзін жеткізеді.

ҒАЛЫМ ДӘРІНІ ТЫШҚАНҒА ЕГІП, СЫНАП КӨРГЕН

Біз дәріні рак жасушалары мен тышқанға қолданып, тиімділігіне көз жеткіздік. Бұл препаратты мен АҚШ-та, MD Anderson Cancer Center-де (АҚШ-тағы жетекші онкологиялық орталық – ред.) жұмыс істеп жүрген кезде ойлап тапқан едім. 2018 жылы сол жақта патент алдық. Қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүргендіктен сол патентті осы оқу орнында лицензияладық. Қысқасы, зияткерлік меншігі өз қолымызда, халықаралық патентіміз бар. Ендігі шаруамыз – дәрінің тиімді екенін клиникалық сынақтарда дәлелдеп шығу. 2022-2023 жылы ғылым және жоғары білім министрлігінен алғашқы қаражат аударылды. Ол ақшаға «С» дәруменінің «D» типін Алматыдағы «Нұр-май» фармакологиялық зауытында жасау жүйесін құрып, клиникалық зерттеулерді бастадық, - деді ол.

Жоба авторлары бұл дәруменнен кейін егілетін сынап оксидін қазір Үндістаннан сатып алып отырғанын айтады. Бүкіл сынақтар сәтті өтсе, оны да Қазақстанда шығару ойда бар. Өйткен, Үндістаннан әр дозасын 4 доллардан сатып алса, Қазақстандағы құны жарты доллар ғана болуы мүмкін.

Оның айтуынша, клиникалық сынақтың өзі екі фазадан тұрады. Бірінші фазада дәрінің кері әсері, улау көрсеткіші тексеріледі. 2023 жылы қатерлі ісіктің төртінші сатысындағы науқастарға егілді. Ол науқастардың бәрі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдыққандар еді. Жалпы онкологияға қарсы дәріні сынаған кезде нақты бір типіне ғана қолданып, тексереді. Бұл дәрінің әсерін, тиімділігін барынша нақты әрі жылдам түсінуге қолайлы. Тік ішектің қатерлі ісігінде мутацияланған KRAS-жасушалар болады. Бұл реттеуші ақуыздар ісікті қатерлі ете түседі. Панкреатит ісіктерінің 95 пайызында, тік ішек ісіктерінің 40 пайызында осы мутацияланған KRAS-жасуша болады.

Сынақтың басында Денсаулық сақтау министрлігі D-CV дәруменін аса аз дозамен, бір килограмм салмаққа 0,15 миллиграмм мөлшерімен ғана сынауға рұқсат берді. Алайда оның ешқандай тиімді әсер көрінбеді. Өйткені, доза тым аз еді. Есесіне докторлар дәрінің ағзаны уламайтынын көрді.

«ЖАҚЫН АРАДА ТАҒЫ ДА ДӘРІНІ ПАЙДАСЫН ТЕКСЕРЕМІЗ»

Жуырда сынақтарды өткізуге қажетті қаражат түседі. Содан кейін сынақтың тағы бір сатысын бастаймыз. Негізі 1 шілдеден бері Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сондағы дәрігерлер таңдап алған бірнеше науқас осы 0,65 миллиграмдық дозаны қабылдап жүр. Бұл сатыда да алдыңғы тізбекпен жүреміз. Бірінші кезеңде дозаның қаншалықты токсинді екенін анықтаймыз. Келесі жылдың басына дейін осы дозаның уыты қауіпті емес екеніне көз жеткізуіміз керек. Осыдан кейін екінші фазаға өтеміз, яғни мутацияланған KRAS-жасушаны қаншалықты жоятынын тексереміз. Осылайша адам ағзасы көтере алатын шекті дозаны анықтап, пайда болған метастазды қаншалықты жоятынын көреміз. Бәрі ойдағыдай болса, осының бәріне 2-3 жыл кету керек, - дейді Дос Сарбасов.

ЖОБАНЫҢ ҚАЛҒАН ҮШ ЖЫЛЫНА ҚАРАЖАТ БЕРІЛМЕЙ ЖАТЫР

Ғалым жобаның алғашқы екі жылына бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінгенін, алайда қалған үш жылдың ақшасы әлі берілмей жатқанын жасырмады.

«С» дәруменінің D типі тамақ қоспасы ретінде жиі қолданылады. Сондықтан дәрінің бағасын кез келген адамның қалтасы көтере алады деп ойлаймын. Бұл дәрінің адам ағзасы көтеретін дозасы анықталған кезде 60 адамдық 2 топқа сынақ жүргіземіз. Дәрі қатерлі ісіктің қай түріне барынша тиімді екенін анықтағаннан кейін үшінші сатыға өтеміз. Ол кезде мыңдаған адамға егеміз. Ереже бойынша сынақтың бірінші, екінші сатысында бір онкологиялық орталықпен ғана жұмыс істеуіміз керек. Ал үшінші сатысында бірнеше орталықта сынақ жүргізе аламыз. Ол енді 2 жылдан кейін болатын шығар, жұмыстың қаншалықты сәтті жүргеніне байланысты», - деді биолог.

Қазақ ғалымының бұл формуласы бүкіл сынақтан сәтті өтсе, онкология саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан болып шығады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі-дәрмек туралы айтты. Оның айтуынша, ракқа қарсы дәрінің клиникалық сынағының бірінші кезеңі сәтті аяқталған. Алматыдағы радиология институтындағы емге  онкологиямен ауыратын 15 науқас қатысқан.