×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

«Полиция Жанқош Тұраровқа жақтасқан»: Әнару Құрманәлінің адвокаты тың мәлімет жариялады

«Полиция Жанқош Тұраровқа жақтасқан»: Әнару Құрманәлінің адвокаты тың мәлімет жариялады
Фото: ашық дереккөз

Боксшы Жанқош Тұраровтан зорлық-зомбылық көрдім деген жәбірленуші Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова facebook-парақшасында тың мәлімет жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Прокуратураға шағым түсірдік»

Оның айтуынша, полицейлер жәбірленушіге құқықтары, яғни адвокат алу құқығы бар екенін айтпаған.

Тәуелсіз сараптама жасалды. Қорытынды қолымызда. Ал тергеу тағайындандаған сараптама әлі дайын емес. Тергеушінің іс-әрекетіне Қылмыстық -процестік Кодекстің 105-бабына сәйкес, прокуратураға шағым түсірдік. Іс қазір прокуратурада. Әуезов аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Д.Сағымбеков 20-тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде өрескел процессуалдық қателіктерге, яғни заңсыздықтарға жол берген. Атап айтқанда, жәбірленушіге құқықтары, яғни адвокат алу құқығы бар екенін айтпаған. Тіпті, беттестіру болатынын да ескертпей, «келіп кетіңіз» деп шақырып алған. Ал екінші тарап екі адвокатымен келген, - дейді Ләззат Ахатова.

«Тергеуші Әнаруға дене жарақаттарым жоқ деп айтқызған»

Оның айтуынша, хаттама соңындағы Әнару жазған қисық жазулардан-ақ қолдары дірілдеп, қысым үстінде жазған адамның жазуы екенін аңғару қиын емес.

Сөздері мен әрекеттерінен Тұраровқа болысып, «сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой» деп, қайта-қайта айтып, сол сөзді қостырған. Дене жарақаттарын сот-медициналық сарапшысы линейкамен өлшеп, тексерген. Ал тергеуші дене жарақаттарым жоқ деп айтқызған. Хаттама соңындағы Әнару жазған қисық жазулардан-ақ қолдары дірілдеп, қысым үстінде жазған адамның жазуы екенін аңғару қиын емес. Одан өзге, жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойғандығы, арызданушының әр уәжін күдіктіден сұрап, нақтыламағаны, оның жауабын тексермегені де тергеу амалының біржақты өткенін дәлелдеп тұр. Беттестіруді бейнетаспаға түсірмегені де осыны айғақтап тұр, - дейді адвокат.

«Президентке, Парламент депутаттарына Үндеу жасаймыз»

Сондай-ақ Ләззат Ахатова біздің елде әділдік орнамай, сыбайлас жемқорлықтар орын алса, адам, әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істейтінін айтты.

Оқи отырыңыз: Жаңқош Тұраров 2014 жылы тағы бір қызды дәрі беріп зорлаған — Әнарудың адвокаты

Әнаруды қорғаушы тарапқа тағы бір адвокат қосылды. Ұзақ жылдар тергеу саласында істеген, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, білікті маман Айлан Ескеров мырзамен бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Тағы да көмектесеміз деген қорғаушылар аз емес. Әзірге екі қорғаушымен шектеліп отырмыз. Біздің елде әділдік орнамай, сыбайлас жемқорлықтар орын алса, адам, әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істейміз. Президентке, Парламент депутаттарына Үндеу жасаймыз. Алмалы аудандық полиция бөліміне Әнарудың 2018 жылы Ж.Тұраровтың үстінен зорлау фактісі орын алғаны туралы арызын архивтен көтеру туралы адвокаттық сұрау жолданды, - дейді ол.

«Қоғам оянып келеді»

Адвокат қазақ азаматы қарындастың ары үшін атқа қонып, жауға да шапқан заман артта қалса керек деген күйінішін жеткізді.

Жауаптары әлі келген жоқ. Қысқаша атқарылған іс-шаралар жөнінде ақпарат осы. Қоғам оянып келеді. Әуезов жазған қорғансыздың күні біздің заманда өзекті екеніне Әнару ісі дәлел. Әнарудың тағдыры - көптеген қазақ қыздарының тағдыры, іштерінде тұншығып жатқан қайғы-мұңы. Қазақ азаматы қарындастың ары үшін атқа қонып, жауға да шапқан заман артта қалса керек. Аға деп алғаусыз, таза көңілмен сенген еркексымақтардың көпшілігінің (бәріне топырақ шашпаймын, қазақта азамат атына лайық ерлер көп) бет-бейнесі-Жанқош іспеттес. Бұл іс қоғамның жарылуға шақ тұрған іріңін ашқандай болды. Қолдауларыңызға мың алғыс. Қанша телеарналардан, БАҚ-тардан хабарласып, ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз деп жатқан журналистер қауымына, қыз тағдырына бейжай қарамайтын барша жанашыр жандарға мың-миллион алғыс, - дейді Ләззат Ахатова.

Оқиға жайлы

Еске салайық, 21 тамызда Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпарат тараған болатын. Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлаған еді.

Кейінірек боксшының өзі тараған ақпаратқа қатысты жауап берді.

Кейін "Боксшы Жанқош Тұраров зорлады" деп айып таққан қыз тілшілерге сұхбат берді. Оның сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келген. Бойжеткен "соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсеткен.