×
$
447.85
513.46
5.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.85
513.46
5.31

"Әкемді банкке қарызға кіргізіп кетті": қазақстандық ақынға қатысты 9 млн теңге дауы

Бүгін, 17:07
"Әкемді банкке қарызға кіргізіп кетті": қазақстандық ақынға қатысты 9 млн теңге дауы
Ulysmedia коллажы

Әлеуметтік желіде журналист, мәдениеттанушы Гүлім Рысқұл қазақстандық кітап продюсері, ақын, әдебиеттанушы Едіге Қожахметке қатысты жазба жариялап, одан әкесінің атына алынған 9 миллион теңге көлеміндегі қарызды қайтаруды талап етті. Оның айтуынша, 2025 жылдың мамырында Едіге Қожахмет бизнесіне қажет екенін айтып, әкесінен несие рәсімдеп беруін өтінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Автордың айтуынша, Едіге Қожахмет – өзін кәсіпкер, әдеби продюсер ретінде таныстырып жүрген адам және ғалым Құныпия Алпысбаевтың ұлы.

– 2025 жылдың мамыр айында Едіге Қожахмет әкеме: «Аға, жедел арада бизнесіме қажет болып тұр. Шотымда ақша бар, тек шешілмей тұр. Бір айдың ішінде шешіледі. Қайтарып беремін», - деп несие алып беруін өтінеді. Сенімдірек болуы үшін “әкемді білесіз, сыйластыңыздар” деп марқұм әкесінің абыройын алға тартады. 9 миллион аз ақша емес! Бірақ сөзіне сеніп, әкем келіседі. Екеуі екі банкке барып, әкемнің атына кредит рәсімдейді, – деп жазды Гүлім Рысқұл.

Оның сөзінше, Едіге Қожахмет уәде етілген бір ай ішінде қарызын қайтармаған және ай сайынғы төлемдерді де төлемеген.

– Бір жыл бойы банк әкемнің жалақысынан ай сайын 200 мың теңгеден ұстап отырды. Ал биыл, 2026 жылдың басынан бері әкем жұмыссыз қалды. Өздеріңіз білетіндей, «Үркер» журналы жабылды. Тіпті былтыр жұмыс істесе де, айлық алмағанын түсініп тұрсыздар ғой?! Шоттары бұғатталғалы да 7-8 ай болды. Үйдегі бауырларыма, анама обал. Ақылы бөлімде оқитын сіңілім бар. Оның да оқуын төлеу керек. Қазір үйдегі негізгі салмақ анам мен ініме түсіп отыр. Астанада жүріп, ата-анамның осындай жағдайға түскенін көру маған да ауыр, – деді автор.

Гүлім Рысқұл Едіге Қожахметтің қарызын өтемегеніне қарамастан, телеарналарға бизнесмен және продюсер ретінде сұхбат беріп жүргеніне наразылығын білдірді.

– Енді таң қалатыным (жиіркенетінім деуге де болады) - қарызынан құтылудың орнына, Едіге Қожахмет телеарналарға бизнесмен, продюсер ретінде руханият, жасампаздық жайлы сұхбат беріп жүр. Әдемі боп жүргің келеді, әдемі сөйлегің келеді екен, ісің соған сай болсын! Осы уақытқа дейін үндемей күттік. Қарызын қайтарады деп үміттендік. Үміт үзілді, сенімге сызат түсті. Қарызы бар адам өтірік айтады, өтірік айтатын адам отанын сатады деген… бұл да ештеңеден қорықпайды екен. Әкемнің сенімін аяққа таптады, былтырдан бері анамның қолынан ас ішіп, қаншама уақыттан бері өтірік айтумен келді. Әкеммен сыйлас едіңіз деп, қарапайым қаламгерді банкке қарызға кіргізіп кеткен. Әкем оның сөзіне, әкесімен болған сыйластығына сенді. Сол сенімнің салдарынан қазір өзі банк алдында қарыз болып отыр, – деп жазды ол.

Ол жазбасының соңында Едіге Қожахметтен қарызын өтеуді талап етті.

–  Осындағы барлық зиялы қауымның алдында Едіге Қожахметтен барлық қарызын қайтаруды талап етемін! Осы жағдайдан хабардар болып, бізге қолдау білдіріп, жазбаны бөліссеңіздер деймін. Сотқа бердік. Бірақ Едіге Қожахмет тарапынан қарызды өтеу бойынша әлі нақты әрекет жоқ, – деп жазды ол.

Едіге Қожахмет кім?

Едіге Қожахмет — ақын, кітап және әдебиет продюсері. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың ұлы.

Ол шығармашылық индустрия, кітап нарығы мен әдеби продюсерлік бағытында пікір білдіріп, осы тақырыпта мақалалар жазып жүр.