×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

1500 балаға 1 психолог. Балалардың өтпелі кезеңі жасарып барады – психолог

25.09.2024, 17:59
1500 балаға 1 психолог.  Балалардың өтпелі кезеңі жасарып барады – психолог
ашық дереккөз

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, «бала суициді» фактілерінің 35%-ында оған не себеп болғаны анықталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

35 ПАЙЫЗЫ АНЫҚТАЛМАЙДЫ

Ал қалғанында оқушы өзін жалғыз сезінуі, оның ата-ана және туған-туыстарымен қарым-қатынасы, сондай-ақ мектептегі буллинг жағдайлары дәйек болған. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл басынан бері суицидті насихаттайтын материалдарды таратудың 22 фактісін анықтап, 19-ын жойды. Сондай-ақ зорлық-зомбылық туралы хабар тарататын 157 интернет-ресурсын анықтап, 56-сын бұғаттады. Қазір біз түрлі интернет-ресурс арқылы балаларға кесірі тиетін және белгілі бір атаулары бар қауіпті топтарды жою үшін платформалардың басшыларымен байланысқа шығып, солармен жұмыс істеуге кірістік – дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 24.KZ арнасына берген пікірінде.

ПСИХОЛОГ АЗ

Балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан сақтау үшін қазір барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, биыл буллингке қарсы күресетін «Кива» бағдарламасы 100-ден астам оқу ордасында пилоттық режимде іске қосылды. 

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Баланың қиын жағдайға тап болған сәтінде психологтардың маңызын түсінуіміз керек. Қазір 1500 балаға 1 психологтан келсе, енді Оқу-ағарту министрлігі келер жылғы кешенді жоспарға сәйкес, 500 балаға 1 маманнан бекіту мәселесін қарастырып жатыр – дейді омбудсмен. 

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ

Бұл – құптарлық бастама. Себебі қазіргі заманда баланың психологиясын түсіну оңайға соқпайды. Себебі оның көңіл-күйі мен басқа да әрекеттеріне түрлі фактор әсер етуі мүмкін.

«Бұл тұста бала қолдауды сырттан іздемей, ата-анасымен сенімге негізделген қарым-қатынас құруы қажет», – дейді мамандар. 

Өтпелі кезең бұрын 14-15 жас болатын. Қазір ол жас 9 жасқа дейін жасарып бара жатыр. Себебі қазір дамыған заман. Өтпелі кезеңде не нәрсеге мән беру керек? Бастысы – бала мен ата-ананың бір-бірінің ортасындағы диалог құруы. 10 жастан бастап тек өтпелі кезең емес, гормоналдық, физикалық, психологиялық өзгерістер болады. Сол кезде бала бастапқы кезінен үлкен өмірге қадам жасаған кезде ата-ана оны сүйемелдеу керек – дейді психолог Жадыра Каладинова.