×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

БҰҰ стандарты. Қазақстан – халқы қартайған мемлекеттер қатарына қосылды

01.10.2024, 15:20
БҰҰ стандарты. Қазақстан – халқы қартайған мемлекеттер қатарына қосылды
ашық дереккөз

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Осы күнге орай жасалған зерттеу жұмыстары Қазақстан халқының қарттыққа аяқ басқанын көрсетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қоғамдық саясат институты халықаралық қарттар күніне орай шолу жасапты.

ҚАРТТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

«Әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасына сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың саны басқа жас топтарымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.

Болжам бойынша, 2050 жылы 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі 16%-ға өседі және 5 жасқа дейінгі балалар санынан екі есе артып, 12 жасқа дейінгі балалар санымен теңеседі.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ

Қазақстандағы жағдай әлемдік трендке сәйкес келіп отыр, 5 жыл ішінде елімізде қарттардың үлесі 22,2%-ға өскен.

БҰҰ стандарттары бойынша 65 жастан асқан қарттардың үлесі 7%-дан асса, мемлекет қартайған ел саналады. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 65 жастан асқан адамның саны 1 771 909 немесе 8,8%. Бұл Қазақстанның қартайған елдердің қатарына кіретінін білдірсе керек.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ

Еліміз бойынша қарттардың тұрғылықты жері және әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштеріне келсек:
- егде жастағы халық көбінесе қалада тұрады (65%), қалғаны ауылда (35%);
- демографиялық бөлініс бойынша еркектер (37%), әйелдер (63%);
- 65 жастан асқан адамдардың көбі Алматы қаласында (205 586) және Қарағанды (139 449) мен Түркістан облысында өмір сүреді (121 299);
- ең аз көрсеткіш Маңғыстау (42 353), Атырау (44 203) және Ұлытау облыстарында (20 356).

ҚАРТТАРДЫ ҚОЛДАУ

Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 131 872 теңге.
Мемлекеттік қолдаудың басқа шаралары да қарастырылған:
- табысы төмен немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған қарттарға арналған әлеуметтік жәрдемақылар;
- тұрғын үй мәселесін реттеу, емдеу немесе тұрмысын жақсарту сияқты арнайы қажеттіліктерге арналған біржолғы жәрдемақылар;
- ауруханаларда тегін медициналық көмек және емдеу;
- газ тарту жабдықтарын орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу;
- санаторийге жолдамалар т.б.

Жергілікті атқарушы органдар қарттарға белсенді қолдау көрсетіп, мерекеге орай біржолғы қаржылай төлем жасайды, алайда оның көлемі бюджеттің жай-күйіне байланысты. Мысалы, Астанада 2,5 айлық есептік көрсеткіш (9 230 теңге) көлемінде, Ақмола облысында 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 18 460 теңгеге дейін) төлейді. Павлодар облысында 2 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 11 076 теңгеге дейін) төлем қарастырылған. Ақтауда 70 жастан асқан зейнеткерлерге 2 АЕК көлемінде төлем жасалады.