АҚШ-тың Флорида штатында Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) қызметкерлері Қазақстан азаматын ұстаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады және азаматқа қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ-та бірнеше жыл тұрған
Әйелдің ұсталғаны туралы әлеуметтік желіде оның құрбысы жазған. Оның айтуынша, қазақстандық әйелдің үш баласы бар. Сондай-ақ отбасы әйелді босату үшін адвокат қызметі мен иммиграциялық кепіл төлемін өтеуі қажет екенін айтқан.
ҚР СІМ қазақстандық әйелдің АҚШ-тың көші-қон органдарының қамауында отырғанын растады. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, азаматтың АҚШ-та заңды көші-қон мәртебесі болмаған. Алайда ол бұл елде бірнеше жылдан бері тұрып келген.
– Қазір оның заңды құқықтарын қорғау үшін адвокат жалданды. Сондай-ақ консулдық қызметкерлеріміз оның отбасымен байланыс орнатты. Жағдай қандай да бір жолмен оң шешіледі деп үміттенеміз, – деді Жанболат Үсенов.
Сонымен қатар СІМ-де әзірше АҚШ-та көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ICE қамауында отырған Қазақстан азаматтарының нақты саны туралы мәлімет жоқ. Ведомство бұл ақпаратты нақтылайтынын мәлімдеді.
Контекст
ICE – АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі. Бұл федералды ведомство елдің көші-қон және кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді. Оның бір бөлімшесі елде көші-қон талаптарын бұза отырып жүрген немесе елден шығарылуға тиіс шетелдіктерді іздейді, ұстайды және депортациялау рәсімін жүзеге асырады.
Бұған дейін, шілде айында, ICE АҚШ-та арнайы операция барысында тағы бір Қазақстан азаматының ұсталғанын хабарлаған. Сол кезде америкалық арнайы қызметтер ер адамды террористік әрекетке қатысы бар деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.