×
498.51
522.84
4.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.51
522.84
4.81

Алматылық тұрғындар саябақ орнына үй салып жатқандарға наразылық білдірді

Алматылық тұрғындар саябақ орнына үй салып жатқандарға наразылық білдірді
Фото: видеодан скрин

Алматыдағы "Нұркент" ықшам ауданының тұрғындары дәл үйінің жанына жаңа кешеннің салынуына қарсы шықты. Айтуларынша, құрылыс компаниясы кезінде балабақша немесе саябақ болуға тиіс орынға алты қабатты баспаналар тұрғызбақшы екен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТҰРҒЫНДАР ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ҚАРСЫ

КТК телеарнасының мәліметінше, тұрғындар нысан бой көтерсе, тынысымыз тарылып, жүрерге жол қалмайды деп отыр. Тіпті жер сілкінсе, халық жиналатын орын қалмаған деп, әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал шенділер бұл жер телімі әу бастан тұрғын үй кешеніне арналған деген уәж айтады. 

"Нұркент" ықшам ауданын салған құрылыс компаниясының әуелгі жоспары бойынша мұнда бір балабақша, бір мектеп және халық бой жазатын саябақ болуға тиіс болған. Бірақ бүгінде оның бірі жоқ. Тұрғын үйлер арасындағы алақандай аумаққа тағы көпқабатты баспана салынбақшы. Онсыз да үйлері тығыз орналасқан аудан жұрты бұған үзілді-кесілді қарсы. 

Халық шығып, сәл демалып, бой жазып жүретін жер жоқ. Жан-жақтың бәрінде көлік. Мына қоршау тұрған жердің негізгі мақсаты саябақ салу болған. Қазір бұл жерге үй саламын дейді, – деді тұрғын Нұрмахан Керімбеков. 

«БАЛАБАҚША ДА ЖОҚ, САЯБАҚ ТА ЖОҚ»

Мұның сөзін тағы бір тұрғын қуаттайды.

Жер сілкінген кезде эвакуацияланатын аймақ жоқ. Міне, салынып жатыр. Ешқандай да тұрақ жоқ. Ешқандай да отыратын, демалатын жер жоқ. Әйел адамдар арбасын сүйретіп, машинаның шаңын жұтпауы үшін "Алматы Аренаға" кетеді, – деп қосты Қайрат Бұрғанбаев. 

Ықшам аудандағы 40 үйде екі жарым мың пәтер бар. Сәйкесінше жақын маңдағы балабақшалар мен мектептерде бала санының көптігінен орын да жоқ. Жұрт соның салдарынан балаларымызды жан-жаққа тасимыз дейді.

Балаларымызды қалаға балабақшаға жібереміз. Мына жақта орын жоқ. Екі баланы таңертең бір жарым сағат кептелісте тұрып апарамыз. Бас жоспар бойынша бізге осы жердің суреті болды, мына жерде балабақша сияқты бір ғимарат болды. Ал мына бетте саябақ. Ол сол күйі түскен жоқ, – дейді тұрғын Алма Қаражігітова. 

КОМПАНИЯ «ҚҰЖАТЫМЫЗ БАР» ДЕП МІЗБАҚПАЙДЫ

Ал жер телімін сатып алған компания өкілі мұнда құрылыс жүргізуге мекеме рұқсаты бар дейді. Учаске компанияға былтыр сәуір айында сатылған. Растайтын құжаты да бар екен.

Бүкіл растайтын құжаттар қолымызда бар. Үйлер салып жатырмыз "Бута Феномен" деген. ҚР құрылысқа құжат алудың бір ғана тәртібі бар, сол тәртіпке сәйкес бүкіл құжат алынғаннан кейін құрылыс жүргізіліп жатыр. Кешен орнына саябақ болу керек деп айтып жатыр. Бірақ ол ақпаратты біз бірінші рет естіп тұрмыз, – деп мәлімдеді Аlma city construction ЖШС өкілі Ибрагим Нефталиев.

АТҚАМІНЕРЛЕР НЕ АЙТАДЫ

Компанияның сөзін атқамінерлер де растады. Аталған жер теліміне тұрғын үй кешені салынады деген шешім әу бастан-ақ қабылданған дейді.

Айтылған мекенжайда жер телімінінің мақсаты — қызмет көрсету объектілері мен жерасты паркингтері бар көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу және пайдалану. Осыған байланысты басқарманың мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жер телімінің нысаналау мақсатына сәйкес, жер телімінің иесінің өтініші бойынша жобалау алдындағы құжаттамалар, яғни сәулет жоспарлау тапсырмасы және эскиз жобасы келісілген, – деп түсіндірді Алатау ауданы бойынша жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру бөлімінің басшысы Дәурен Алмасбеков. 

Көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтатамыз деген тұрғындар райынан қайтар емес. Сотқа жүгініп, арыз қалдырған.