×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Мектепте бомба тұр" – ІІМ тіркеген 52 қоңыраудың бәрі жалған болып шықты

20.09.2021, 11:09
"Мектепте бомба тұр" – ІІМ тіркеген 52 қоңыраудың бәрі жалған болып шықты
Фото: Ашық дереккөздерден

Терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату – бұл күнде еріккеннің ермегіне айналса керек. Әйтсе де полициядан бастап жедел қызметтің бәрі де қылмыстың бұл түрінен зәрезап болған көрінеді. Шұғыл жиналу, нысанды қоршау, адамдарды көшіру, бастан-аяқ тексеру – айналып келгенде ешқандай терроризмге қатысы жоқ әуре болып шығады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДА АҚПАРАТ РАСТАЛҒАН ЕМЕС

ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл дапартаменті бастығының орынбасары Дархан Разуевтың айтуынша, барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталған емес. Ал, бұл өз кезегінде полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарының босқа күш жұмсауына әкеп соғады.

«Сол уақытта полицияның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажеті болуы мүмкін», - дейді ол.

ӘРБІР ЖАЛҒАН ШАҚЫРТУДЫҢ ШЫҒЫНЫ – 200-300 МЫҢ ТЕҢГЕ

Полиция өкілі жалған шақырту бойынша бір рет шыққанның өзінде 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалатынын, ал ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келетінін айтады. Ал, телефонмен хабарлайтын бұзақылар жалған хабарламаның салдары қаншалықты ауыр екенін ойламайды да.

«Мысалы, адамдар үрейленіп, даурыққанда бір-бірін итеріп, соның салдарынан ата-аналар баласынан адасып қалуы мүмкін. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедек адамдар болатын кездер де болады. Талдауға сүйенсек, мұндай қоңырауларды адамдар еріккеннен, әзіл ретінде немесе мас күйде жасайды. Себептері де әр түрлі, олар – кек алу, бұзақылық,  мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау, құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру.  Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Олар достарының арасында өзін батыр екенін көрсеткісі келеді, кейбірі үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін осылай істейді», - дейді Дархан Разуев.

Статистикаға сәйкес, жалған хабарлама бергені үшін сотталғандардың 48-ден 55 пайызға дейінгісі қылмыс жасаған сәтте қатты мас болған (2017 ж. – 24; 2018 ж. – 17; 2019 ж. - 19; 2020 ж. – 16; 2021 ж. - 14). «Жалған террор» туралы қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасаған (10 жылда– 450 адам немесе ұсталғандардың 592-сі, 76%), ал 3 пайызы –  оқушылар (мектеп, гимназия, лицей, 10 жылда 592-нің 55-і немесе 9%). «Әзілқойлардың» орташа жасы – 30 бен 49 жас арасы, олар жыл сайын осы санаттағы қылмыстың 55 пайызын жасаған. Бірақ, қаскөйлердің арасында 18 бен 29 жас аралығында жастар да кездеседі, олардың үлесі 27 пайызды құрайды.

40 АДАМ ЖАЗАСЫН ӨТЕП ЖАТЫР

Жалған ақпарат таратушылардың 85 пайызға жуығы мобильді телефон арқылы хабарлапты. Ғаламтор арқылы да келіп түскен хабарламалар бар. Ондай фактілер 8 пайыз шамасында. Оларды ашу көбірек уақыт қажет етеді, алайда мұндай қылмыстар да жазасыз қалмайды. Мысалы, осы жылы Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қалалық 34 мектепке электрондық поштамен жалған хабарлама таратқан жасөспірімді ұсталған. Қазір ол іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

«Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, бәрібір табылады. Қылмыстардың 90 пайыздан астамы «ізі суымай» кезекші тәулікте ашылды. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда осы санаттағы қылмыс едәуір азайды. Атап айтқанда, 2011 жылы 123 факті тіркелген болса, былтыр 50 факті тіркелген. Биыл 8 ай ішінде 52 қылмыстық іс тіркелді, оның 28-і сотқа жолданды. Қазіргі уақытта 16 адамға қатысты үкім шығарылды», - дейді ол.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (бұл 14,5 млн теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс.

«Осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өтелуі тиіс. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаса, шығынды ата-анасы өтейді. Өкінішке қарай, бұл қылмысты қайтара жасайтындар Қарағанды, Қостанай облыстарында тіркелді. Бірақ осы кісілер көбінесе психологиялық аурулары бар адамдар. Оларға медицина қызметкерлерінің көмегі керек. Колонияларда жалпы осы қылмыстың түрі бойынша 40 адам жазасын өтеп жатыр. Оның 23-і жабық түрдегі түзеу мекемесінде. Колониялардағы 21-і ер адам, 2-і әйел. 17 адам бас бостандығын шектеу жазасы өтеуде», - дейді ол.

Полиция өкілі азаматтарға егер күдікті заттарды немесе сөмкені көрсе, полицияға хабарласу керектігін ескертеді.

«Азаматтық белсенділікті қолдаймыз. Тексереміз. Алайда құқық қорғау органына хабарласқан кезде танысып, аты-жөніңізді айтып, жағдайды дұрыс түсіндіріп беруіңіз керек. Мұндайда  сіздің әрекетіңіз қылмыс ретінде саналмайды», - дейді ол.