Жапонияда кеңінен тараған, кейін бүкіл әлемде танылған қаржылық есепке алудың әдісі – бұл үнемдеуді өнерге айналдырған Kakebo жүйесі болып отыр деп хабарлайды Ulysmedia.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегі Fingramota.kz жобасына сүйеніп.
Сонау 1904 жылы Жапонияның журналисі Хани Мотоко жұмыс істейтін әйелдердің қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына көмектесу үшін ақшаны үнемдеудің жаңа техникасын ойлап тапты. Расында да, жапондық үш иероглиф «Ka-ke-bo»-дан тұратын, аудармасы «үйде үнемдеу кітабы» деген мағынаны білдіретін оның жүйесі бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, әлі де кеңінен қолданылады және әлемде көптеген адамдардың өміріне мықтап сіңіп кетті.
Kakebo деген не?
Бұл әдіске сәйкес, барлық шығын мен ақшалай түсімді түк қалдырмай жазып отыру қажет. Жүйеде жеке бюджетті енгізу және жоспарлау көзделген, атап айтқанда, кірістер, шығыстар және жинақтар жоспарларын жасау керек. Ол үшін екі блокнот болған жөн: үлкенін үйде немесе жұмыста қалдыруға болады, ал кішкентайын өзіңізбен бірге қайда жүрсеңіз де алып жүресіз.
Кішкентай блокнотқа сіз барлық күнделікті шығындарыңызды жазып жүресіз: мысалы, дүкенде, дәріханада, кафеде қанша жұмсадыңыз, қысқаша айтқанда, барлық ұсақ-түйек.
Үлкен блокнотта сіз бір айдағы барлық қаржылық жоспарларыңызды түртіп қоясыз. Ыңғайлы болу үшін оны кесте түрінде жасауға болады.
Үлкен блокнотқа не жазу қажет?
Бірінші кезекте, бұл сіз нақты түрде аламын деп ойлайтын негізгі кірістердің жоспары: аванс, жалақы, сыйлықақы, сізге қайтарылуға тиіс ақша, жалдаудан түсетін кіріс және т. б. Мысалы, ақшалай сыйлықтар, лотерея ұтыстары түріндегі күтпеген түсімдерді басқа түсті қаламмен немесе маркермен бөліп көрсетуге болады.
Шығыстар жоспарында міндетті ай сайынғы шығыстарды көрсету қажет, әңгіме коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу, ипотека үшін жарна төлеу, ұялы байланыс шығыстары, оқу ақысы, кредиттер мен қарыздар бойынша төлемдер.
Сондай-ақ, үшінші жоспар – бұл сіздің жинақ ақшаңыз. Сіз айына қанша ақша жинақтағыңыз келеді, мысалы, оны депозитке салу керек пе? Бұл соманың үлкен блокнотқа жазылғаны ләзім.
Әрі қарай, бір айдағы ауыспалы шығындардың мөлшерін есептеу қажет, яғни бұл маңызды шығындар, бірақ олар анда-санда пайда болып тұрады.
Ауыспалы шығындар деген не?
Бір айдағы ауыспалы шығындар төрт топқа бөлінеді. Бұл тұрмыстық шығындар, мысалы, азық-түлік, киім, аяқ киім, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия және басқасы; мәдени және білім беру шығыстары (театрға немесе концерттерге бару, сондай-ақ білім беру тренингтеріне қатысу міндетті); демалыс және ойын-сауық шығыстары және күтпеген шығыстар. Мәселен, соңғысына сауда орталықтарында аяқ астынан болатын шығындар, онлайн-сатып алу және т.б. қатар, форс-мажорлық жағдайларға байланысты шығындар: емделуге, операцияға, жақындарға көмек көрсетуге арналған шығындар жатады. Барлық шығындарды санауға оңай болу үшін пайыздық арақатынасына қарай бөліңіз. Әдетте, тұрмыстық шығындар үлесі ең көп болады.
Айдың соңында барлық шығындарды қосып, жалпы жиынтығын есептеп шығаруға болады.
Kakebo қандай артықшылықтар береді?
Бұл жүйені қолдану қаржылық тәртіпті сақтауға үйретері сөзсіз. Айдың қорытындысы бойынша, осы жапондық техниканың арқасында сіз өткен айдағы шығындарыңыз мен жинақтарыңыз бойынша жоспарыңызды орындай алғаныңызды көре аласыз. Сіз шығындарыңыздың қозғалысын, яғни қаржыңыздың қайда жұмсалып жатқанын нақты көресіз, қандай шығындар қайта қарауды және тиімді жұмсауды талап ететінін түсінетін боласыз. Сонымен қатар, кірісіңіз жеткілікті ме немесе қосымша табыс көздерін іздеу қажет-қажет еместігін байыптайсыз. Ең бастысы қаржылық жағдайыңызға үнемі талдау жасап отырыңыз, уақыт өте келе бұл қаржылық әдетке айналады. Жоспарланған шығындарды өзіңізге зиян келтірместен әлдеқайда аз жұмсай аласыз, сондай-ақ қалған соманы жинақ пен инвестицияға сала аласыз.
Бұл жүйені пайдалану кезінде қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
Кейбір адамдарға блокнот қолдану ыңғайсыз, сондықтан олар digital-құралдарына жүгінеді. Сіз өзіңіздің гаджетіңізге әртүрлі бағдарламаларды жүктей аласыз, онда кірістеріңіз, шығыстарыңыз және жинақтарыңыз туралы деректерді енгізе аласыз, сондай-ақ олар пайызды өздері есептейді және шығыстардың қандай баптарын азайту керектігі туралы ұсыныстар береді, сондай-ақ ай сайынғы және жылдық қорытындыларды шығарады.
Біреуге бұл жүйе ұнауы мүмкін, ал біреулері оны да, оған ұқсас басқа да әдістерді де қабылдамайды, себебі оған адамның жалқаулығы кедергі келтіреді. Егер шығыстарыңыз бен кірістеріңізді жазбаша немесе электронды түрде жүргізе алмасаңыз, онда сіз тіпті барлық санды ойда сақтап қала алмайсыз. Тиісінше, тиімді жоспарлау туралы айту қиын. Бюджетті жүргізу әдістерін өз ұстанымына сенімді, өзінің қаржылық мақсатын айқын білетін және шағын қадамдар жасай отырып, сол мақсатқа жететін адамдар пайдаланады.
Kakebo жүйесі бойынша заманауи бес пайдалы кеңес:
№1. Сауда жасауға бара жатып, қажетті заттар тізімін жасауды ұмытпаңыз. Бұл сізге ойламаған жерден сауда жасамауға көмектеседі.
№2. Ойламаған шығыннан мына әрекет те көмектеседі. Шоттан ақшаның бір бөлігін шешіп алыңыз да, оны белгілі бір шығын түрлеріне бөліп, әр конвертке жеке-жеке салып қойыңыз. Тұрмыстық шығындарға – бір сома, мәдени және білім беру шығындарына – басқа сома және тағы сол сияқты.
№3. Шұғыл түрде сатып алуды қажет етпейтін затты алу мерзімін бір айға кейінге қалдырыңыз. Егер соншама күн өткеннен кейін заттың маңыздылығы сол күйі жоғары болса, онда ол затты ойланбастан сатып ала беріңіз. Егер маңызды болмаса, одан біржолата бас тартыңыз.
№4. Егер сізге қарызыңызды қайтарған болса, бүкіл ақшаны депозитке салып қойыңыз.
№5. Егер ірі соманы майдалайтын болсаңыз, алған купюраларыңыздың бір бөлігін бірден депозитке салып қойыңыз. Сізге дүкенде берген қайтарылған ақшамен де осылай жасау қажет. Оны жинақ қобдишасына салып қоюға болады, ал үлкен сома жиналғаннан кейін оны өз депозитіңізге саласыз. Сізді жинаған ақшаңыздың жылдам өскені таң қалдырып, мөлшері күннен күнге қуантатын болады.