×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Құрмет Талапқазы Қытайда қалған отбасын бес жыл көрмеген

14.12.2021, 08:34
Құрмет Талапқазы Қытайда қалған отбасын бес жыл көрмеген
Фото: Qasqa Jol / Қасқа жол

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мейрамы қарсаңында Ақордада марапат таратылған күндері халық ерен еңбек сіңірген ерікті Құрмет Талапқазы ұмыт қалғанын айтып, еңбегі еленбей қалғанын еске алды. Осы орайда Ulysmedia.kz редакциясы Құрметтің өзіне хабарласып, пікірін сұрап көрді.

Қысылтаяң шақта Үкіметке үндеу жолдаған ерікті Құрмет Талапқазының бас болуымен қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау өңіріне бүгінге дейін 15 мың тоннаға жуық жем-шөп жіберілді. Халық төзімі таусыла бастаған тұста миллиардтаған қаражатты үлестіруге асықпаған Үкіметтің өзі мұндай көмекті ұйымдастыра алмады.

Мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін берілетін мемлекеттік марапат түркістандық қарапайым жігітке бұйырмапты.

«Биыл қарапайым халықтың алғысы жоғары боп жатыр. Марапатқа өзім көп қызыға да бермеймін. Бірақ бүгін «Үздік жастар премиясы 2021» деген жиынға шақырып, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов мырза құттықтады. Сыйлыққа атаған ноутты 100 мың теңге көлемінде ақшалай беретін болды», – деді ол.

Құрмет Талапқазы – 24 жаста. Қытайда туып-өскен ол Қазақстанға 19 жасында көшіп келген. Қытайдағы саяси қысым мен кейінгі пандемия жағдайынан соң үйіне қайта бара алмаған.

«Жалғыз өзім 19 жасымда студент болып келгем. Аттестатым ауылда қалып кетіп, гранттық бағдарламаға қабылдана алмадым. Әке-шешем, туыс-туғаным Қытайда қалған. Отбасымды көрмегеніме 5 жылдан асты», – деп еске алды Құрмет.

Айтуынша, қазір ол Шымкент қаласында жолдастарымен бірге пәтер жалдап тұрады. Осы қалада азын-аулақ сауда-саттықпен айналысып жүр. Туған-туыссыз қиын емес пе деген сауалымызға былай деп жауап берді.

«Жасырары жоқ, Қазақ елінің жаттығы жоқ, барлығын туысым деп білемін. Осы жазда бұрын көшіп келген ағайын-туыстарым хабарласып, оларды да тауып алдым. Қазақстан – өз Отанымыз, бұл жақты да үлкен отбасым деп білеміз», – дейді ол.

Оның ендігі арманы – үзіліп қалған оқуын жалғастыру.

«Қазір жеке басымда айтарлықтай жаңалық жоқ. Оқуымды жалғастырып, кәсіппен айналысқым келеді. Өз жағдайымды жақсартып алған соң, елге көмектесу ойым бар. Білесіз, шалғай ауылдардағы көп балалы, жалғызбасты аналардың жағдайы қиын. Сол кісілерге көмектессем деген ниетім бар. Көп болып бірігіп, қолы ұзын ағалармен бірлесе жұмыс істеп, қолғабыс еткім келеді», – дейді Құрмет Талапқазы әңгіме арасында.

Жазға салым берген сұхбатында ол қарыздар болып қалғанын айтқан еді.

«Бізге ең әуелі халық көмектесті.  Әлеуметтік желіге үндеу жариялағаннан кейін оңтүстік халқының «Қандай көмек керек?» деп хабарласты. Оларға әр ауылдан ең болмағанда 1 түптен болса да жағдайларына қарай шөп жинап беруін сұрадым. Сол жылудың арқасында Бүгінде өңір-өңірден 500 вагонға тақау жем-шөп жіберілді. Оралдағы жігіттер теміржолда айыппұлға түсіп қалып, 1 миллион теңгеге айыппұл салынған еді. Қазір жартысын қайтарып, жартысы менің мойнымда қарыз есебінде тұр. Бір кісіден қайтарып береміз деп қарыз алған едік, реті болмай жатыр», – деді ол.

Оның айтуынша, жұттан зардап шеккен өңірлерге көмек беру әлі де жалғасып жатыр. Семей мен Өскемен жақтағы жанашыр ағайын таяу күндері 10 вагоннан астам жем-жөпті батыстағы жұртқа жөнелтпек.