×
433.83
482.81
5.57
#қаңтар қақтығысы #мұнай #әкімге үш сұрақ #лот ашар #ауыс-түйіс #кибербуллинг #коронавирус #hi-tech
433.83
482.81
5.57

Желтоқсан көтерілісіне - 35 жыл. Тәуелсіздікке жол ашқандар

16.12.2021, 11:24
Фото: ашық дереккөзден

Биыл Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отырған Қазақ елінің көптен аңсаған, ата-баба рухы аманаттап кеткен азаттыққа қол жеткізуіне ең бастысы 1986 жылы Алматыда кеңес үкіметінің ұлтқа қарсы кереғар саясатына шыдамаған жастардың лап етіп көтерілуі ерекше әсер етті деп алғыспен еске алады Ulysmedia.kz ұжымы.

Осылайша қазақ жастары 16 желтоқсан күні қазір қала әкімдігі орналасқан алаңда, Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің алдында зейнетке кеткен Дінмұхамед Қонаевтың орнына республика басшылығына келген Геннадий Колбинның тағайындалуына келіспей, ереуілге шықты. Мәскеудің жергілікті халықтың пікірімен санаса бермейтін әміршіл өктемдігі баршаның ыза-ашуын туғызды.

Алғашқы кезде милиция наразылықты басуға тырысқанымен, келесі күні көкірегін еркіндікке деген бұлқыныс кернеген жас буын тағы жиналып (кешке көтерілшілер саны 20 мыңға жетті), бұл жолы оларға аса қатыгездікпен әскери күш қолданылды, тіпті өрімдей ұл-қыздарды ұрып-соғуға күрек пен темір істіктер, қақаған қысқа қарамастан, суық су қолданылды. Кейбір деректерге жүгінсек, 8,5 адам ұсталып, ауыр соққыға ұшырады, оның ішінде әсіресе бастан 1700-ден астам «бұзақы» жарақат алды. Болашағына қыршынынан балта шабылған өрендер Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталды.

18-19 желтоқсан күндері де қайсар жастардың қалған топтары алған бетінен қайтпай, арнайы жедел жасақтар қала көшелеріне сүзумен болды. Осылайша, олар, 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты жаншып басып, таратты.

Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Кенжегүл Молданазарова, Қайрат Рысқұлбеков, Мырзақұл Әбдіқұлов, Ләззат Асанова сынды ержүрек қазақ жастарының есімі айрықша аталады.

Өкінішке қарай, желтоқсаншыларды қудалау әрі қарай да созылды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. Тіпті ресми биліктен бөлек, кейбір зиялы қауым өкілдері бас көтерген жастарды неше түрлі сөзбен айыптаудан тайынбады.

1987 жылы жазда Кеңес одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды.

1991 жылғы 12 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығы арқылы қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған желтоқсаншылар ақталды.