Владимир Путиннің кортежіндегі броньдалған көлік пен тікұшақ жұрт назарын аударды. Ресей президентінің Астанаға сапары кезінде оның кортежіндегі қауіпсіздік шаралары әлеуметтік желі мен сарапшылар назарына ілікті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz хабарлайды.
Кортежде не болды?
Кадрларда Ресей президентінің кортежін 14 мотоцикл, шамамен 20 көлік, броньдалған әскери техника алып жүргені көрінеді.
Сарапшылардың болжамынша, кортеж соңында жүрген көлік — төбесінде пулемет орнатуға арналған орны бар «Алан» брондалған автокөлігі болуы мүмкін. Conflict Intelligence Team (CIT) зерттеу тобы да көліктің жартылай жабық пулемет мұнарасы бар броньдалған техникаға ұқсайтынын айтады.
Сондай-ақ кортеж құрамында төбесіне арнайы құрылғы орнатылған тағы бір көлік жүргені байқалған. OSINT-талдаушы Кирилл Михайлов оның радиоэлектронды күрес (РЭБ) жүйесі болуы мүмкін екенін айтады. Алайда CIT өкілі мұндай құрылғылар кейде байланыс жүйелері үшін де қолданылады дейді.
Астана аспанындағы тікұшақ
БАҚ мәліметінше, Путин кортежі қозғалған сәтте Астана аспанында тікұшақ жүрген. Сонымен бірге бірнеше көшеге броньдалған техника қойылып, жолдар уақытша жабылған.
Президент жүретін бағыттарда автомат асынған әскери қызметкерлер тұрғаны да видео кдрларынан байқалады.
Қауіпсіздігін күшейткен президент
Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметі Астанада Путиннің сапары мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына байланысты уақытша шектеулер енгізілетінін хабарлаған.
Мамыр айының басында Батыс барлауына сілтеме жасаған бірқатар БАҚ Ресейдің федералдық күзет қызметі Путиннің қауіпсіздігін күшейткенін хабарлаған еді. Кей деректерде Ресей президентінің соңғы уақытта қорғалған нысандарда жиі жұмыс істейтіні және қауіпсіздік хаттамалары күшейтілгені айтылады.