×
510.49
527.29
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.49
527.29
5.27

Уақытында айтылған шындық: Алтынбек Сәрсенбайұлының кітабы жарыққа шықты

Бүгін, 17:09
Уақытында айтылған шындық: Алтынбек Сәрсенбайұлының кітабы жарыққа шықты
Ulysmedia коллажы

Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірден озғанына 19 жыл болды. Бүгін 2006 жылдың 11 ақпаны жазықсыз оққа ұшқан тұлғаның «Уақытында айтылған шындық» атты кітабының таныстырылымы өтті,деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапханада Алтынбек Сәрсенбайұлының «Уақытында айтылған шындық» атты кітабының таныстырылымы өтті. Тарихи тұлғаны жастар жадында жаңғырту үшін өткен іс-шарада Марат Тоқашбаев, Батық Мәжитұлы мен марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбай сөз сөйледі.

БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАСЫРЫН МАҚСАТЫН ТҮСІНДІ

Қоғам қайраткері, жазушы-публицист Марат Тоқашбаевтың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы 2005 жылға дейін Назарбаевқа сенген. Оның жасырын мақсаты бар екенін, ойы басқа екенін кейін түсінген. Публицист Алтынбек бірінші президентке дара пікірімен ықпал етуге тырысқанын, қателіктерінің бәрін бетіне айтып түзетіп баққанын, бірақ одан еш нәтиже болмағанын айтады. Содан айналасындағыларды ұйыстырып, көп боп әсер етпек болғанын есіне алады. Одан да көп нәтиже шықпай, Қазақстанда авторитарлық жүйе күшейіп, билік басын президенттің отбасы баса бастағанын атап өтеді.

Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның мемлекетті басып алуына сәл-ақ қалған. Рахаттың батылдығы жетпей қалды, әйтпегенде мемлекеттік төңкеріс орнатып билікке ие болар еді. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болғанымен іс жүзінде Назарбаевтың сол арқылы елдің қожайынына айналып бара жатты. Сол кезде барлық дәйекті құжатты жиып әкеліп, бәрін осының ұйымдастырып жатқанын көрсетіп, ашықтан-ашық тосқауыл қоюға тырысты. Сол үшін оның көзін жоюға неше түрлі әрекеттер жасады. Дегендеріне жетпей қоймады, – дейді ол.

Марат Тоқашбаев 1910-1930 жылдарға дейінгі жапа шеккен Алаш қайраткерлері айтылғанымен, Назарбаев билігі кезіндегі шынайы алашшыл тұлғаларды көп айтыла бермейтінін жеткізді. “Мына кітаптың «Уақытында айтылған шындық» деп аталуының да себебі содан. Өзінің де сөзі бар «уақытында айтылмаған шындықтың қадірі болмайды” дейді публицист.

СОВЕТТІК САНАНЫ ТАЗАРТТЫ

Мәдениет қайраткері Батық Мәжитұлы Алтынбек Сәрсенбайұлы бауырымның қыры мен сыры көп болғанын, бір кездесу оны түгендей алмайтынын айтты. Сөзінше, ол совет үкіметі мен тәуелсіз қоғамның арасындағы өтпелі кезеңнің өкілі болған. Совет үкіметі құлағанымен совет адамдары тараған жоқ дегендей өзін сол таза советтік санадағы адамдарға жатқызып, “Алтекең сол миларды тазартты” деді.

Алтынбектің ілім, білімді Абай мен Мұқағалидан жинағанын осы кітаптан байқауға болады. Кітап ішіндегі сұхбаттар сұхбат емес, кесек-кесек түсіп жатқан философиялық ойлар. Қоғамды қалай ілгерілету керектігі мен кемшілікті қалай түзету қажеттігі мен немен күресуіміз тиістігі ашық жазылған. Бұл өміршең дүние. Алтынбек өз заманының ғана емес талай ғасырдың құрдасы болады, – дейді ол.

Адамзат тарихында күрескерлер көп болған, әйткенмен күресімен де жазуымен де артынан мұра қалдыра алмаған. Батық Мәжитұлы Алтынбек Сәрсенбаевтың қолынан бұл шаруа келді деп есептейді. Кез-келген адам министр болады, ал қайраткер болу екінің бірінің маңдайына жазылмағанын атап өтті. “Тәуелсіздік бізге бір күн ішінде аяқ-асты келді. Сонда сол алмағайып заманда тәуелсіздіктің теориясын жасаған осы тұлға еді” дейді Батық Мәжитұлы.

ӘРБІР МИНУТЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНДЫ

Білімге құштарлық, оқу, тоқу, іздену жастарға тән қасиет. Осының бәрін жастық шақта игеру қажет. Уақытты босқа жібермеу тиіс. Алтынбек осыны жақсы ұқты. Уақытты тиімді пайдаланды, зая жіберген жоқ. Әрбір минут, секунды есептелуі тұрды. Марқұмның ағасы інісін осылай есіне алды.

Отыз жастағы адамды министр етіп қою бұрын соңды болмаған дүние. Қазақстанның тарихындағы ең жас министр Алтынбек Сәрсенбайұлы. Бұрынғы президент оны қызметке шақырғанда «Алтынбек мен осы қызметтен өтсең, біз мемлекеттік басқару ісіне жастарды батыл түрде араластырамыз. Егер сен осы жүкті арқалай алмасаң жастарға деген сеніміміз жоғалады» деген. Ол билікке қызмет іздеп барған жоқ, үлкен үмітпен барды, – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

2006 жылы 11 ақпанда көз жұмған да қазақтың зиялы қауымы бұл күнді ұлттық қасірет күні деп атаған. Алтынбекке атылған оқ халыққа тиген оқ болды деп есептейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Алтынбек тірі жүрсе Жаңаөзендегі қайғылы жайт болмас еді. Билік халыққа қарсы оқ ата алмас еді. Әттең-ай, Алтынбектің жоқтығы-ай деп зарлап қалған талай адамды естідік. Одан кейінгі оқиғаларда, Қаңтар қырғынында Алтынбек пен Заманбек болса қалай болар еді, мұндай қасіретке олар жол бермес еді деген сан ой ішімізде жатыр. Алтынбекті бұлай іздейтіндерінің себебі оның әр сөзі ақиқат болатын.

Сөз бостандығы мен демократия негізгі идеясы. Қазақтарды қала халқына айналдыру – Алтекеңнің бас мақсұты болды. Мемлекеттегі билікті бір адамның қолына шоғырландыруға болмайды, ол мемлекетті шыңырауға құлатады, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Сонымен қатар, іс-шарада Рысбек Сәрсенбайұлы басты мақсаты – жастардың көзін ашу екенін атап өтті.

Алтынбек Сәрсенбаевтың бұдан кейін де бірқатар кітаптары жарыққа шыққалы жатыр.

КІТАП ЖАЙЛЫ

Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы жазылған «Уақытында айтылған шындық» кітабының жауапты хатшысы – Рысбек Сәрсенбайұлы. Кітапта мемлекет және қоғам қайраткерінің 2003-2006 жылдардағы баспасөзде жарияланған және жарияланып үлгермеген сұхбаттары, ой-толғаныстары, мәлімдеме-пікірлері, мақалалары топтастырылған. Кітап қалың көпшілік қауымға арналған.

ҚАЙРАТКЕР ЖАЙЛЫ

Алтынбек Сәрсенбайұлы (1962-2006) – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2002-2003), Ақпарат және қоғамдық келісім министрі (2004), "Ақ жол" саяси партиясының негізін қалаушылардың бірі.

1992 жылдан Алтынбек Сәрсенбайұлы президент аппаратында, министрлер кабинетінде жауапты қызметтер атқарды. 1993 жылдан бастап он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан баспа және ақпарат жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі қызметін атқарды. 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болды. 2002 жылдың қаңтарынан Ресейде елші қызметін атқарған.

2003 жылдан бастап Алтынбек Сәрсенбайұлы өз еркімен президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты. 2003 жылдың қараша айында «Ақ жол» демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы болды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы – бірнеше кітаптар мен монографиялар авторы, саяси ғылымдар докторы.

ҚАЗАСЫ

2006 жылғы ақпанда Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Арыстан" тобының офицерлері қатысқаны анықталды. Сот үш адамды өлтірген қылмыскер деп таныған бұрынғы полицейге өмір бойына түрме жазасын кесті. Ал қылмыстық іс бойынша екі рет сот өтіп, әр жолы бұрынғы лауазымды тұлғалар кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, екі басқа үкім шықты. Марқұмның туыстары мен серіктері оны "саяси қастандық құрбаны" деп атайды. Олар қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ деп санайды.

Ділназ Бишер