Жаңа жыл түні жақындаған сайын мамандар да оны қауіпсіз өткізу жағын ескертіп жатыр. Мәселен бүгінгі баспасөз мәслихатында Алматы қаласының жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Андрей Ложкин жарылмаған пиротехника бұйымын қолға алып, саусақтарынан айырылған жас жігіт туралы айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Шұғыл көмек көрсету қызметкері ретінде азаматтардың мереке кезінде зардап шегуіне қатысты өзім куә болған оқиға туралы айтсам, пиротехника бұйымы қажет кезде іске қосылмай, салдарында қолында жарылып кеткен 28 жастағы жігіттің екі саусағын сақтап қалу өкінішке қарай мүмкін болмады», – деп отшашудың нақты қатерінен мысал келтірді маман.
Ол мұндайда үрейге берілмей, қолды суық, ағынды сумен жуу керектігін, зақым келген жерге таза, стерильденген мата немесе мақта, қолорамал таңып, бірден жарақаттану бөліміне жеткізу үшін жедел жәрдемге қоңырау шалу қажеттігін кеңес етті. Айтпақшы, медицина саласының өкілі, жаңа жылдың алғашқы күндері мейрамда желінбеген салаттан уланып қалмаудың маңыздылығын еске салды.
Бұған дейін жаңа жылды қауіпсіз қарсы алу жолдарымен бөлістік.