Qaznews24 сатиралық жаңалықтар агенттігінің әкімшісі Темірлан Енсебек өз үкімін "тым қатал" деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Кеше Наурызбай аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот Темірлан Еңсебекті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік, сословиелік немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Еңсебек "Азаттық Азияға" берген сұхбатында соттың шешімімен келіспейтінін айтты.
ЦИТАТА
– Біріншіден, бес жыл бостандықты шектеу дейтін үкім – тым қатал. Тағы қандай шектеулер мен тыйымдар бар екенін білетін шығарсыздар. Маған төрт түрлі: журналистік, құқық қорғау, қоғамдық және саяси қызметпен айналысуға тыйым салды. Барлығына тыйым салды деп айтуға болады. Жақында аяғыма білезік тағуы мүмкін екенін айтты. Жалпы, мені бақылап отырады, – деді Еңсебек.
ІСТІҢ МӘНІ НЕДЕ
Темірлан Еңсебекке қатысты іс бір ғана эпизодтан тұрады. Ол — 2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 сатиралық арнасында және Instagram парақшасында жарияланған жазба. Онда "Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатаң жауап жолдады" деген сипаттағы жазба жарияланған. Жазбамен бірге авторы белгісіз музыкалық композиция берілген. Ән мәтінінде ұлтаралық сипаттағы анайы, балағат сөздер кездеседі, атап айтқанда — орыс ұлты өкілдеріне бағытталған өте ауыр әрі қорлайтын сөздер бар.
ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕК ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
2021 жылдың мамыр айында Темірлан Еңсебек құқық қорғау органдарының назарына тағы да іліккен. Ол кезде де оның паблигінде жарияланған контент себеп болған. Тергеу ҚР ҚК 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша жүргізілді.
Алайда, 2021 жылдың қыркүйек айында қылмыстық іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған.