Ақтөбеде 100-ге жуық адамды алдаған емшіге қатысты сот ісі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІС МАТЕРИАЛДАРЫ
КТК мәліметінше, сот материалдарына сәйкес, өңірде Сұлушаш есімімен танылған әйел науқастарды банктен ірі көлемде несие алуға көндірген. Ең қызығы, жәбірленушілердің айтуынша, олар несиені қалай рәсімдеп, ақшаны қолма-қол санап бергенін өздері де байқамай қалған.
ӨЗ ТУЫСТАРЫ МЕН СЫНЫПТАСТАРЫН ДА АЛДАҒАН
Сот отырысына келгендер көп болған. Іс бойынша 95 адам жәбірленуші ретінде танылған. Олардың арасында емшінің жақын туыстары, сыныптастары мен ауылдастары да бар екені айтылды. Сұлушаш «дем саламын» деп адамдардың сеніміне кіріп, оларды сөзіне иландырып, еркінен тыс әрекеттерге барған.
Жәбірленушілер өзін гипнозда жүргендей күй кештік деп отыр.
- Несие алып, қолма-қол ақша бергенімізді қалай жасағанымызды түсіне алмай қалдық, дейді олар.
Емшінің әрекеті салдарынан келген жалпы шығын көлемі 406 миллион теңгеден асқан.
ПРОКУРОР НЕ ДЕДІ
Мемлекеттік айыптаушы Гүлназым Әлиеваның айтуынша, айыпталушы өзін ем алуға келген адамдарды алдап, әртүрлі банктен несие алдыруға көндірген. Ол несиені екі ай ішінде қайтарып беремін деп уәде беріп, азаматтардың сеніміне кірген.
- Бұл адамның әрекеті – бірнеше адамға қатысты бірнеше мәрте жасалған алаяқтық. Ол өз пайдасын көздеп, адамдардың сенімін теріс пайдалану арқылы олардың мүлкін иемденіп отырған. Бұл – ауыр қылмыс, деді прокурор.
Сот процесі жалғасуда. Айыпталушыға нақты қандай жаза тағайындалатыны сот үкімі шыққаннан кейін белгілі болады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұл оқиға туралы қаңтарда хабарлаған едік. Бастапқыда отыз жылға жуық емшілікпен айналысқан Сұлушаш Қазыбаеваға алдандық деген ақтөбеліктер саны алпыс болған. Емшіге алданғандар полицияға арызданған. Облыстық прокурордың да қабылдауына барды. Олар Сұлушаш Қазыбаеваны қамауға алуды талап еткен еді. Еріксіз емшінің сиқырымен бір миллионнан 25-28 миллионға дейін ақша алып бергендер бар.