×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды

20.01.2022, 11:14

Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Polisia.kz-ның мәліметінше, бұл – 19-20 жас аралығындағы жас жігіттер.

«Анықталғандай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың жеке басын басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына міндетті түрде тексеретін боламыз», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт қайғылы оқиғаның куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланды.

«Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім», – деді бірінші күдікті.

Екінші күдікті өздерін осындай әрекетке баруға мәжбүр еткен адамдар противогаз киген, автомат пен пышақпен қаруланған адамдар екенін айтты.

«Олар бізге қаруды тез алып шығып, оны алып барып беруді бұйырды. Біз оны қорыққандықтан істедік, бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?, – деп атап өтті екінші күдікті.

Үшінші күдікті қаланы көлікпен аралағандарын, қару-жарақ дүкеніне барған кезде оны тонап жатқанын айтты.

«Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды», – деді үішінші күдікті.

Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.