×
529.44
617.06
6.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
529.44
617.06
6.76

Карцердегі журналистің хаты: «Роба кисем Ақорданың өзі бетіме басатын еді»

Карцердегі журналистің хаты: «Роба кисем Ақорданың өзі бетіме басатын еді»
ulysmedia коллажы

«Экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айыпталып, сот шешімімен жеті жылға сотталған тәуелсіз журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім түрмеден саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлына хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ

22 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында Рысбек Сәрсенбайұлы Думан Мұхаммедкәрімнің хатын оқыды. Онда журналист өзінің қарсылығына қарамастан Қызылордадағы N60 түрмеге қалай ауыстырылғаны туралы, не себепті түрме киімін кимей отырғанын айтқан.

– Егер айнадан өзімді көрмегенде киіп алуым мүмкін еді. Киіп қойсам, кеш болар ма еді. Олай бола қалған жағдайда бірінші болып Ақорданың өзі бетіме басатын еді. «Әне айыбыңды, үкіміңді мойындамаймын деген Думандарың роба киіп, әжетхана жуып жүр. Бостандықтағы активист түрмеде де «активист». Жақында жақсы мінез-құлқы, момындығы үшін 1-2 мақтау алады. Сосын колонка, артынан «шын өкінгені үшін бостандыққа жіберуіміз мүмкін» десе не болады? Мұндай әңгіме таралса басқасынан бұрын мен өзім айтатын едім «Думан, түрмеде сүмірейетініңді білсең, бостандықта неменеге күшейіп жүрдің. Сенде екіжүзді екенсің ғой... Арын шүберекке айырбастаған тряпкі, ер емес ез екенсің», – деп мен өзім айнадағы өзіме түкірер едім, – дейді Думан Мұхаммедкәрім түрмеден жазған хатында.

КАРЦЕР

Думан Мұхаммедкәрім Қызылорда түрмесіне ауыстырылған сегіз айдан бері карцерде отыр. Мекеме әкімшілігі журналист түрме киімін киюден бас тартқаны жүрін тәртіптік абақтыға жабылғанын айтқан.

8 шілдеде түрме әкімшілігі журналистердің Думан Мұхаммедкәрімге алып барған ас-ауқат пен кітаптарын қабылдамаған. Қабылдауда тұрған қызметкер оны Мұхаммедкәрімнің карцерде жатуымен байланыстырған. «Ас-ауқатты тек журналист 22 шілде күні карцерден шыққан кезде ғана қабылдай аламыз» деген.

ШЫҚҚАН КҮНІ ҚАЙТАДАН КАРЦЕРГЕ ҚАМАЛАДЫ

Адвокат Ғалым Нұрпейісов ол карцерден шыққан күні қайдан карцерге қамалады дейді. Ол Думан Мұхаммедкәріммен 23-24 маусымда кездескен.

– Мен бірнеше рет мекеме басшылығымен кездесіп, сөйлескенде ол айтты «Мен Думанды жалпы режимге кіргізе алмаймын. Өйткені ол кірсе ана жерде бунт болады...» деді. Думан айтты «мен шыққанда бірден бес айға карцерге кіремін. Өйткені мен түрме киімін киюден бас тартамын» деді, – дейді адвокат.

Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің абақтыда денсаулығы нашарлағаны айтылған. Кейіннен оның түрме аумағында ем қабылдап жатқаны белгілі болған.

ЖУРНАЛИСТ, БЕЛСЕНДІ, «САЯСИ ТҰТҚЫН»

Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистік соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. 

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.

 

Серіктес жаңалықтары