Қарағанды қаласында осыдан 20 күн бұрын 27 жастағы әйелдің өлі денесі табылған. Ол Шымкент қаласының тумасы Динара Мыңбаева. Келіншек осыдан 5 жыл бұрын Сарыағаш ауданының тұрғынына тұрмысқа шығып, Қарағандыға қоныс аударған екен. Сөйтіп, сол жақта медициналық оқу орнын тәмамдап, екі баланың анасы атанған, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталының Қарағанды облысындағы арнайы тілшісі.
Енді магистратураға түсуге қамданып жүрген келіншектің ата-анасына 3 шілде күні қаралы хабар келіпті.
- Өзіне қол жұмсады дегенге сенбеймін. Сол күйеуі кінәлі деп ойлаймын. Әйтпесе мен бір апта бұрын Қарағандыға барғанмын. Сол кезде күліп-ойнап жүрген еді. Өз өзін асып қойды дегенге ешқандай сенбеймін. Өз -өзіне қол жұмсайтын қыз емес ол. Екі баласын шырылдатып, қалай тастап кетеді?!, - дейді марқұмның анасы Ризагүл Ақынбаева.
Қара жамылған отбасы екінші шілде күні Динараның хабарласқанын айтады. Телефонда бір бетін көрсетпеген келіншек күйеуінің қол көтеріп, қылқындырғанына шағымданыпты. Әкесі бірер күннен соң баратынын айтып қызын жұбатқан екен.
Бірақ, оған үлгермедік дейді марқұмның әкесі.
- Сағат үш жарымда ғана естідік қайтыс болғанын. Сол уақытқа дейін бұлар не істеп, не қойғанын білмейміз. Өлімді жасырды бізден. Айтпады бізге. Мүмкін тұншықтырып өлтіріп қойып, асылып өліп қалды деп отыр ма?! Сондай күдігіміз бар біздің. Қылмыс болғанына 20 күн өтті. Ешқандай іс-әрекеттер болып жатқан жоқ. Тергеушілер ауысып кетті. Қазір қандай тергеуші екенін звондасақ алмайды. Бізбен хабарласпайды да, - дейді марқұмның әкесі Дүйсекен Мыңбаев.
Қызымыздың өлімінде күмән көп деген қаралы отбасы бәріне күйеу баласын кіләлайды. Сөздерінше “өзін-өзі өлтіру” бабы бойынша қозғалған оған жеткізді деген айыппен Динараның жолдасы да жауапқа тартылуы керек еді дейді.
- Динара Мыңбаеваның қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында қажетті сараптамалар тағайындалды, оның нәтижелері тергеу үшін маңызды болып табылады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары толық көлемде жүргізілуде, барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған. Оқиғаның толыққанды және объективті тергеу үшін куәгерлерден жауап алынуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді, – дейді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Динара көзі тірі болғанда жерге тапсырылған 4 шілде күні 28 жасқа толуы керек еді. Артында бір жарым және үш жастағы ұлдары қалды.