×
538.03
629.23
6.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.03
629.23
6.74

Қаржылық салмақ, буллинг, теңсіздік және ыңғайлы дресс-код»: Бірыңғай мектеп формасына қарсылық және қауіп

Бүгін, 10:10
Қаржылық салмақ, буллинг, теңсіздік және ыңғайлы дресс-код»: Бірыңғай мектеп формасына қарсылық және қауіп
ulysmedia коллажы

Қазақстанда міндетті мектеп формасына төңірегінде дау шықты. Оған себеп мектеп формасына қатысты жарияланған петиция. Петиция авторлары бірыңғай форма талаптарын алып тастап, оқушыларға киім таңдауда еркіндік беруді сұрайды. Ulysmedia.kz бұл бастаманың қаншалықты орынды екенін анықтап, ата-аналар, шенеуніктер мен сарапшылардың пікірін біліп көрді.

Петиция 

Міндетті мектеп формасын алып тастауды талап ететін петиция 14 тамызға қараған түні, жаңа оқу жылы басталуына екі апта қалғанда жарияланды. Петиция авторлары ата-аналарға түсетін қаржылық ауыртпашылықты алға тартады. Олардың айтуынша, мектеп формасының ең төменгі құны 80 000–100 000 теңге шамасында, бұл Қазақстандағы медиандық жалақының шамамен үштен біріне тең.

– Аз қамтылған отбасылар үшін, бір адамға шаққандағы табысы шамамен 16 600 теңге болатын жағдайда, бұл тым ауыр жүктеме. Олар несие алуға немесе негізгі қажеттіліктерден бас тартуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, мектептер көбінесе форма таңдауда шектеу қояды, бұл бағаның негізсіз өсуіне алып келеді, – делінген петиция мәтінінде.

Бірыңғай және міндетті дресс-кодқа қарсы тарап мектеп формасын кию мен тәртіптің оқу үлгерімі, буллингті азайтумен нақты байланысы бар екені ғылыми зерттеулермен дәлелденбеген дейді.

Петиция авторлары оқушыларға жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қолжетімді әрі ыңғайлы киімді таңдауға мүмкіндік беретін «ақылға қонымды дресс-код» енгізуді талап етеді.

Алғашқы 12 сағаттың ішінде петицияны шамамен 4 мың адам қолдаған. Алайда билік бұл үндеуге назар аудара ма, жоқ па әзірге белгісіз. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, петиция eGov негізіндегі E-petition ресми платформасында жарияланып, кемінде 50 мың қол жинауы тиіс. Осы жағдайда ғана тиісті ведомство оны қарастыруға міндетті.

Буллинг, теңсіздік және кемсіту

Әлеуметтік желіде бірыңғай мектеп формасын алып тастауға қатысты пікір әртүрлі. Мысалы, Threads платформасында петицияға қарсы шығып жатқандар да бар. Олардың арасында бірыңғай форма болмаса оқушылар арасында буллинг көбеюі мүмкін екенін айтқандар да бар.

 – Мен қатты қиналатынмын, өйткені ата-анам мені қымбат киіндіре алмады. Ал мұғалімдер мен шенеуніктердің балалары сәнді, қымбат киініп жүретін. Кейін мені киімім үшін мазақ ететін – кофтамды, аяқ киімімді күлкі етті. Қатты буллинг болды. Сол кездер есіме түссе, денем дірілдеп кетеді, – дейді Сәния есімді қолданушы.

Ал Айлан есімді қолданушы да бірыңғай мектеп формасы болғанын қолдайды. Ол да мектеп формасы болмаса, балалар арасында киімге байланысты кемсіту болады деп қауіптенеді.

– Бұл петицияға қол қоюға болмайды. Мен ата-ана ретінде бірыңғай форманы қолдаймын. Форма барлық баланы бірдей етеді. Кедей отбасылардан шыққан балалар бар – оларды басқалар мазақтап, қорлауы мүмкін. Қазіргі балалар өте қатігез, – дейді ол.

Кейбір қолданушылар мектеп формасын алып тастау ата-аналарға қосымша шығын алып келуі мүмкін дейді.

– Егер бірыңғай форманы алып тастаса, ата-аналар одан да көп ақша жұмсайтын болады. Себебі "мода жарысы" басталады. Оқушылар арасында "аштық ойындары" жүріп кетуі мүмкін, – дейді Макс есімді қолданушы.

Министрлік жауабы

Аталмыш мәселеге байланысты оқу-ағарту министрлігі Ulysmedia-ға былай деп жауап берді:

– Барлық оқушы бірдей киінген кезде алаңдататын факторлар азайып, балалар сабаққа көбірек көңіл бөледі. Олар бір-бірінің киімі немесе сырт келбетіне емес, білім алуға назар аударады. Екіншіден, форма теңдік мәселесіне әсер етеді. Мектепте әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы балалар оқиды. Олардың арасындағы айырмашылық онша байқалмайды, бұл өз кезегінде киімге байланысты мазақ ету мен буллинг деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, мектеп формасы жауапкершілік пен ұжымдық ортаға қатыстылық сезімін қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан мұндай талаптар мен шектеулер жайдан-жай енгізілмейді. Ол мектеп ортасын оқуға ыңғайлы әрі тиімді етуге бағытталған, – делінген министрлік жауабында.

Министрлік балалардың заңды өкілдері (ата-аналары) форма өндірушіні таңдауда ерікті екенін айтады. Бұған қоса, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға мектепке дайындық шығындарының бір бөлігіне көмек болатынын айтты. Биыл «Всеобуч» қоры аясында мұқтаж адамдарға 46 мың теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі.

«Мода жарысы»

Ulysmedia осы мәселеге байланысты сарапшы, педагог, Urban Schools және Perspective Schools мектептерінің негізін қалаушы Ғабит Бекахметов сөйлесті. Ол бірыңғай мектеп формасын алып тастау оқушылары арасында «мода жарысын» тудыруы мүмкін екенін айтты.

– Кез келген өзгеріс белгілі бір салдарларға әкелуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік форма жойылған жағдайда оқушылар киім арқылы бір-бірімен жарысатын болады. Мұндай жағдайды біз смартфондарға қатысты байқадық. Бұл – экономикалық және психологиялық тұрғыдан қолайсыз. Дегенмен, аптасына бір-екі күн еркін стильде киінуге рұқсат беру формасын енгізуге болар. Мысалы, "Casual Friday" сияқты бастама, оқушылардың өзін-өзі көрсетуіне мүмкіндік берер еді. Осы мәселені жан-жақты бағалау үшін біздің әлеуметтанушылар мен психологтар арнайы зерттеу жүргізсе дұрыс болар еді, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia тілшісі жаңа оқу жылы Қазақстанда қалай басталып жатқанын және білім саласындағы министрлер қандай мәселелерді шешуі қажет екенін жазған болатын.

Серіктес жаңалықтары