×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Күйеуімді 11 сағат бойы сабап, қағазға қол қойдырған – алматылық әйелдің жан айқайы

26.01.2022, 14:08
Күйеуімді 11 сағат бойы сабап, қағазға қол қойдырған – алматылық әйелдің жан айқайы
Фото: Ulysmedia.kz

Алматылық Бұлбұл Бердіқожанова Ulysmedia.kz порталының тілшісіне қаңтар оқиғалары кезінде күйеуі соққыға жығылғанын айтып берді. Дархан Уәлиев атты азаматты полиция 10 қаңтарда ұстап әкеткен. Күйеуін қорғау үшін Бұлбұл прокурорға арыз жазыпты.

«Менің жолдасым – Дархан Уәлиевті 10 қаңтар күні сағат он бір шамасында Алматыдағы Орталық моргтың алдынан полиция қызметкерлері ұстап әкеткен болатын. Содан оны Виноградово-Масанчидегі полиция департаментіне апарып,  сол жерде ұрып, теуіп, қатты соққыға жыққан. 11 сағат бойы соғып, аяғында бір қағаздарға қол қойдырған.  Дархан қағаздарды оқитын шамасы болмаған, қандай қағаздарға қол қойғанын өзі білмейді. Осылайша, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды», - дейді Бұлбұл Бердіқожанова.

Әйел заң қорғаушы органдар тарапынан заңбұзушылық болды деп ойлайды. Оның айтуынша, митингте ұсталған жігіттердің бәрін де солай ұрып соққан. Осы бассыздық 15 қаңтарға дейін созылған.

«Ол жерде адамдарды аямай ұрып-соғып, электрошокер қолданған.  Дарханды 10 қаңтар күні көрген кісі – Асыл Бекқалиев деген азамат осының бәрін баяндап берді. Асыл Дарханды дәлізде, екі қолы кісендеулі, еденде жатқан жерінен көріпті. Бет-аузы қан-жоса болған. Ары-бері өткендер оны тепкілеп, әлі де азаптап жатты деп айтты», - дейді ол.

Бұлбұл Бердіқожанова полиция қызметкерлері Дархан жатқан бөлімшенің маңына жолатпағанына қапалы.

«Содан 20 қаңтар күні мен бес минутқа кіріп, Дарханды өз көзіммен көрдім. Он күн өтсе де күйеуімнің бет-аузы ісіп, сарғайып кеткен. Ұрып соққанын байқадым. Көзінің асты көгерген. Бүйрегі ауырып тұрғандай болды. Денсаулығы мәз емес еді.  Жолдасымның айтуынша, оларға ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Ол жерде қарапайым медициналық препараттар да болмаған. Өздерімен өздері әйтеуір жазылған болуы керек», - дейді әйел.

Дархан Уәлиев қазіргі уақытта 155/18 уақытша оқшаулағышында жатыр. Әйелі оны заңсыз ұстап отыр деп есептейді.

«22 қаңтарда мен прокуратураға арыз қалдырдым. Дарханға күш көрсетілгенін, заң қорғау органдары ұрып соққанын, қағаздарға қол қойдырғаны жайлы арыз тастадым. Бүгін барып біліп едім,  24- қаңтардан бастап іс қозғалғанын айтты. Тергеушінің аты-жөнін берді. Енді бұйырса сол кісілермен кездесемін. Істің қандай жағдайда жүріп жатқанын қадағалаймын.  Біз прокурорға дереу хабарласып, прокурор сол жерде надзорный сотрудниктермен арашалап алып қалыпты. Арыз жаздырыпты. Екінші рет таң атқанша соқса, тірі қала ма жоқ па – екіталай болар еді», - дейді ол.

Бұлбұл күйеуін тергеушілер тағы соққының астына ала ма деп тағы қорқып отыр.

«Дархан ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Ол қашанда заңды сыйлайтын. Үстінен іс қозғап, енді оны қылмыскер ретінде соттайын деп жатыр», - деп түйді әйел.

Еске салайық, 25 қаңтарда Бас прокуратура жедел-тергеу топтарында 2044 қылмыстық іс қозғалып, олар бойынша 898 адам ұсталғанын хабарлаған болатын.